№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Техниканың тілін тапқан

Техниканың тілін тапқан

Ұлттың бас ақыны хакім Абай өзінің түйдек – түйдек философиялық пікірінің бірінде: «Адамның қасиеті үш – ақ нәрсе: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – деген еді. Қарапайым қасиетімен бүкіл өмірін еңбекпен өткізген Орынбасар Маханбетов осындай қайратты, ақылы дария, өнегелі өмірімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып отырған жан.

Балалық шағы сұрапыл соғыстан кейінгі қиындау жылдармен тұспа-тұс келген Орынбасар ата жеті жылдық мектепті Бірлік ауылында аяқтайды. Кейін МТС-тің үш айлық курсын Жаңақорғанда оқиды.
– Сегізінші сыныпты ауданға келіп оқуға шама келмеді. Шешемнің жалғыз ұлы едім. Ел қатарлы жақсы өмір сүруді армандаған анамның асыл мұратын орындағым келді. Осы ойдың жетегімен тірлікке білек сыбана кірістім. Берілген тапсырманы асыра орындауға бар күш-жігерімізді салдық. Жастықтың лебі бар, күндіз-түні тек жұмыстың қамымен жүрдік. Алғаш трактор айдаған кезім бүгінгідей есімде. 1957-жылдан бастап 1975 жылға дейін механизатор болдым. Совхоздың егінін егіп, оруға дейінгі жолда қаншама жұмыстың бейнетін көрдік. Түніміз таңға, таңымыз қара кешке ұласқанын байқамай қалатынбыз. Ол кездер қазір сағым секілді ғой, шіркін…– деп кешегі кезеңде еңбек адамы дәріптелгеніне тоқталды. 1960 жылы Мәскеудегі көрмеге арнайы қатысқан. Ауданның бас агрономы Әбдіғаппар Нұртазаевпен қызметтес болған. Халықтың ілтипатына бөленген басшы елдің дамуы жолында бар күш-жігерін сарқа жұмсағанын тілге тиек етті.
– Ол кісіге халықтың ықыласы ерекше еді. Ісіне адал, елге болсын деген ниеті оның бейнесін әрдайым биіктетіп тұратын. Шахмат әдісі арқылы егін егуді, оны орудың тиімділігін де жанында жүргендерге үйрете білді. Сырдария сағасынан су қаздырып тың жерлерге егін егуді ұйымдастырды. Бұл мал азығын сырттан тасымалдау қымбатқа түсетін болғандықтан жасалған жұмыс еді. Кейін ауылда басшылық қызметте болған Нұртаза Мырзахметұлының қамқорлығын көрдім. Елі, жері үшін адал қызмет еткен жандар еді, – деп сағына еске алды.
Ауыр жұмыстардан денсаулығы сыр бергеннен кейін аудандық мұнайгаз мекемесіне ауысқан. Сол жерде басшысының орынбасары болып 22 жыл қызмет еткен.
Соғыс жылдарында туылған ба­ла­лардың бәрінің өмірі бір-біріне ұқсас, тағдырлары жақын. Бала болып ойнауды білмеген, белдері қайысқанша, шеңгелдің табандарын тілгеніне қарамастан, ыстық пен суыққа қарамай тірлік тауқыметін тартқан. Қара қазанға піскен бидайды қалталарына салып күнұзақ талғажау қылған. Қара жерден ырзық теріп, күнге күйген маңдайы қазіргі Тәуелсіздікті зарыға күткен. Әрбір үзім нанына шүкіршілік айтқан қазыналы қариялар еңбек адамының феномені іспетті.
Жан-дүниесін шарпыған ауырт­палықты көтере біліп, анасының ыстық алақанының табы кетпей, қайта жани түскен бозбаланың өмірі бала-шағасының қызығын көруге ұласты. Әкелеп алдынан шығатын көкөрім балаларын қайтсем жеткізіп, саналы ұрпақ қатарына қосамын деген ниетіне жетті.
Немерелерімен шүйіркелесіп отыр­ған ардагер оларға ата – баба­ла­рымыздың өсиет етіп қалдырған тарихи шежірелерін, асыл мұраларын саналарына құйып, насихат етіп отырады. Ауыр жылдарда атқарған еңбектерімен жақын танысып, көз алдымызға 15-16 жастағы еңбексүйгіш, бейнеткеш баланың суретін елестеттік. Анадан жалғыз өскенімен бүгінде бір қауым ел болып отырған ата ұрпағы әркез жанына медеу. Анарбек, Күлшат, Алмабек, Шәмшат, Айдарбек, Нұршат, Жандарбегінен 25 немере, 1 шөбере көріп, шүкіршілік айтудан танбаған қария отанасы Айзахан апамен бақытты қарттықты бастан кешуде.
«Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Шындығында өскелең ұрпаққа өсиетін айтып, жолға жүрерде ақ батасын беріп отыратын осындай қазыналы қарттарымыз төрімізде отырса, жастарымыз бет алғанынан қайтпаса, жолынан адас­пасы анық. Сол сияқты өткен өмірінен сыр шертіп, еткен еңбектерін жіпке тізіп, Аллаға шүкіршілік етіп отырған атамыз ұрпақтарының адал, еңбегінің жемісті, жалқаулықтан алыс, жақсылыққа жақын болуларын тіледі. Отанын, елін, жерін сүйер азаматтар көп болса екен деген тілегін айтып, ақ батасын берді.
20 қазан 2020 ж. 396 0