Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Қаздар сапары


Қаздар ұзақ сапарға шықпақ. Қанаттарын қомдап, ойларын сомдап, қатарға тұрып, іштей дайынсың ба дегендей бір-біріне мойын бұрып, сапар салмағын сезініп, алауыздықтан безініп, ынтымақпен ғана діттеген жерге жете алатынын түсініп тас түйін дайындыққа кірісіп кетті. Жаз бойы жайлаған айдыны шалқып жатыр. Сондай ыстық, қимастық сезімі бар секілді. Мөлдіреген үлкен жас тамшысына ұқсайтын секілді. Отан, сені бауырына алып мәпелеп, әлдилеп өсірген мекен әмәндә ыстық қой, қаздар да сыңсу айтқан қыз секілді айдын көлді айнала ұзақ ұшты. Кету керек. Алда ұзақ сапар күтіп тұр. Ол жақта кемді күн тұрақтап айдын көлге қайта келеді. Көңілге ол да көп демеу.
Ата қаз алдыға шықты. Үш бұрыш құрып, басқа қаздар да жинала бастады.
-Ал, кеттік, - деді ата қаз саңқ етіп. Бәрі кезек-кезек ұша бастады. Осы жаз дүние есігін ашқан үш дос бар-тын. Олар да топ соңынан ілесе, қанаттарын қомдай самғай көтерілді. Бірте-бірте биіктеп барады. Биіктеген сайын дене ауырлап, өкпе қысыла бастады. Төменде айдын көл. Мөлдіреп жатыр. Мекенін қимаған қаздар қаңқылдап қимастық әуендерін айта бастады. Амал нешік. Кету керек. Бұйырмыс осы. Алыс сапар шегіп, шыңдалып, қиындыққа төзіп, ыстыққа шыдап, суыққа тоңып мықты боп оралу керек. Ата қаздың арманы өз тобын шашау шығармай айдынға қайта әкелу. Осыны ойлап келе жатқан ата қаз желдің шығыстан соға бастағанын сезді. Ендеше бағытты оңтүстік шығысқа қарай алу керек. Қиыстап солай қарай ала бастады. 3-достың біріншісі арттан:
-Неге бағытты өзгерттік?- деп айқайлады.
-Желді көрмейсің бе? Тіке ұшсақ оңтүстік батысқа кетеміз,- деді ата қаз артына қарап айқайлай.
3 дос шаршай бастады. Қиғаштап соққан желмен арпалысып, ұшу қиын екен. Айдын көлді айналған, ойнағанда ұшудың шын қиындығын сезбепті.
-Кейін қайтсақ қайтеді?- деп айқайлады бірінші дос тағы шыдамсыздана.
-Болмайды,- деді,- ата қаз- Болмайды, бізге осылай ұзақ сапар шегу керек.
Күні бойы желге бүйірімен қарсыласа ұшып бірінші күнді өткізді. Кешке тынығып, ертеңгі сапарға тыныс алды. Ертеңіне күн сондай ашық. Күздің жаздай бір күні болды. Топ еш қиындық көрмеді. 3 дос та ондай қинала қоймады. Ұшу бақытын сезініп, бақытты күй кеше бастаған секілді. Шіркін, сапар бойы осылай ұшса ғой. Екінші күн тыныш өтті. Үшінші күн жел енді қарсы беттен соға бастады. Қиыны осы екен. Қаздар желге қасқая қарап ұшып келеді. Ышқына соққан жел де «сендерді шаршатпай қоймаймын» дегендей ышқына соғып, қаздардың алға ұмтылған ұшуларын артқа итеріп тұр. Ата қаз бастаған топ желге берілместен ұшып келеді. Кей қаздарда қиындыққа деген қайрат біте бастады. Жел итерген сайын ерекше алапат күшпен алға ұмтылады. 3 достың алғашқысы тағы да шыдамсыздана айқайға басты:
-Тыныш күні ұшуға болмас па еді? Не мынау, алға басқан қадам кері кетіп келе жатыр. Кешегідей жаймашуақ күндерді күтіп ұшуға болмас па еді?
-Ондай күн енді болмаса қайтеміз, күтіп отыруға болмайды ғой,- деді ата қаз артына қарап жымиып.
Осылай желмен арпалысқан күн де өтті. Бұдан соң қарсыдан соққан желмен тағы да 5 күн ұшуға тура келді. Жас қаздар қара қанаттанып, денелері де, қанаттары да қатая бастады. Өзгермеген бірінші дос. Күн сайын қыңқылдап, желсіз күні ұшайықпен күн өткізіп келеді.
8-күні жатар орын дегенде жасыл желекті, сулы, нулы жер көрінді. Қаздар қаңқылдап, қуаныштан қанаттары суылдап көлге төніп келеді. Су бетінде қанаттарымен су шашып, азықтанып лезде су бетін ойын-думанға айналдырып жіберді. Желмен жарысқан күн де жоқ, қиындық әп-сәтте ұмытылды да кетті.
-Осы жерде қалсақ қайтеді?- деді бірінші дос тағы да ойын лақ еткізіп.
Ата қаз:
-Балам, бұл жер бүгін әдемі, ертең боран. Не үшін алыс сапар шегіп, жанды қинап ұшып барамыз. Бораны жоқ, мұзы жоқ жерге бару үшін. Қазір әдемі деп осы жерде қалсақ, ертең қыс түскенде қайда барып паналаймыз? Тұрағымыз не болмақ? Қазір аз қиналармыз, 5-6 ай рақатын көреміз ғой. Сосын кері ұшамыз, онда да аздаған қиындықтар көріп қайтадан нешеме айлар айдын көлде жаз өткіземіз. Аз қиындыққа бола мақсатыңды ұмытпа, балам.
-Аз қиналу дейсіз бе? Осы аз қиналу ма? Азап қой бұл. Осы жерде қалғым келеді?
-Балам, сендер жас деп топтың артында ұстап келеміз. Қанаттарың қатайып, екі-үш сапар бастан өткен соң алдыңғы сапқа шығасыңдар, жастарды қорғайсыңдар, дем бересіңдер, жол көрсетесіңдер. Мен де алғаш ұшқанда өте қиналған едім. Көрдің бе, қазір ата қазбын ғой. Сен де аз қиындыққа шыдасаң мол бақытқа кенелерсің.
-Жоқ, олай қолымнан келмейді. Ертеңгі қиындықты ойласам, төбе шашым тік тұрады. Ұшу сондай қиын.
Бірінші дос сөзін тез-тез аяқтады да бұрылып кете барды.
Таң атты. Бірінші дос жоқ. Қаздар азан-қазан біраз іздеді.
-Қайран, балапан, ақылың әлі кемшін-ау. Қаласаң осылай-ақ болсын деді де,- ата қаз топты бастап ұшып кете барды. Достарынан айрылған екі дос мұңды еді. Ере ме, мүмкін келе жатқан болар деген үмітпен көл көрінбей қалғанша арттарына қарайлаумен болды.
Сапар жалғасуда. Бір күн бір бүйірден, келесі күні екінші бүйірден, бірде алдан соққан желмен арпалысып ұшып келеді. Оңнан соқса оңға бет алып, солдан соқса солға бет алып, алдыдан соқса қайсарлана ұшып келеді. Арттан соққан жел бұларға дем берер деп ойлаған. Екі досқа бұл да қиынға соқты. Алға жел ығымен өңмеңдемей, байыппен, баппен ұшу керек екен. Өзіңді тежейсің. Қайта тез ұшуға көмектеседі деген дәме жайын қалды. Алдыдан соққан желден арттан соққан жел қиын екен. Үнемі бір күйді ұстап тұруға үлкен күш саласың. Он бесінші күн дегенде себелеп қар жауа бастады. Қанаттар қатып, дене дірілдеп, қаздарға өз кеудесі ауырлық таныта бастады. Суық неткен жаман еді. Екінші достың шыдамы осы жерде аяқталды.
-Болды, енді ұшпаймын,- деп жер бауырлап жатып алды.
«Аз қалды!», «Сәл шыда!», «Сонша қиындықты көріп келіп, мұның қалай?», «Мықты бол!», «Біз сені мықты деп мақтап жүрсек» деген сөздер еш әсер етпеді. «Ұшу да, баратын әсем жер деген де бәрі өтірік, ештеңеге сенбеймін» деп жатып алды. Қаздар қанша жалынса да тұрмады. Көзін тарс жұмып, естімегендей жата берді.
-Ал, жүрелік,- деді,- ата қаз,- сенімі жоғалған жанды әсте ештеңемен көндіре алмаспыз. Бір қазға қарайласақ, басқа қаздардың тұқымын тұздай құртамыз, ақылға келер, ерер.
Қаздар қаздай тізіліп сапарға шықты. Жер бетінен ноқаттай болып көрінбей кеткенше екінші дос қозғалмады. Бұл да ермеді. Үшінші дос қиналды. Екі досының бұл істерін түсіне алмады. Жағдайлары қалай болар екен, жақсы болса екен деген ниетпен көшке ілесе берді. Арасында «Кейін қайтсам, достарыма барсам қалай болар екен?» деген бір ой мазаласа, жүрегінің түкпіріндегі бір күш алға қарай сүйрей берді.
Қаздар ұзақ сапарды бастан кешірді. Бірде қуанды, бірде мұңайды. Желмен, қармен, суықпен арпалыса жүріп, жайма-шуақ күндерді көрді. Таудан, шыңдардан өтті, сулы,сусыз жерлерді көрді. Екі достан басқа үлкен қаздар ішінен де жолай жарты жолда қалып қойғандар болды. Бірі ауырып қалып жатса, бірі қиындыққа төзе алмай жатты. Мұның бәрін бастан кешіру қиын еді. Сонда да топ алға жылжи берді. Күнделікті осындай жер ұшамыз деп мақсат қояды, сол араға жетіп дем алады. Қайта мақсат қояды, жетіп дем алады. Осылай ұша-ұша сапардың соңғы нүктесі де көрінді-ау әйтеуір. Қаздар қаңқылдай, шаршағандары жайына қалып, ерекше екпінмен алға ұмтылды. Сапарда еш қиындық болмағандай қанаттары суылдап көлге қона бастады...
5 жыл өтті. Қанаты келіскен, денесі шымыр бір Ата қаз бастаған топ сапарға аттанды. Таныдыңыздар ма? Ол баяғы бала қаз ғой...
Иәә, бұлар қаздар ғой. Қаздардың орнына адамдарды қойсақ қалай болар еді? Біріміз үшінші дос секілді әу дегеннен қиындыққа шыдамай қыңқылдай бастаймыз, дүниенің қызығына алданып, соңынан өтемі боларын ұқпаймыз. Сол сәттегі қызыққа, қызылды- жасылды дүниеге алданамыз. Біріміз екінші дос секілдіміз. Ұзақ жерге дейін дымымызды шығармаймыз. Жұрт бізді батыр, батыл деп ойлайды. Ішкі күйреуік мінезімізді сыртымыздан мықты көрінумен жабамыз. Ұзаққа барамыз ба? Күндердің күні тарс жарылып, өзімізді апанға тастап жібереміз. Тұрсақ тұрдық, тұрмасақ сол жерде қалдық. Біріміз үшінші дос секілдіміз. Достарымызбен қалғымыз келеді, жүректің үнімен алға ұмтыламыз. Қызылды-жасыл қызыққа ерген, өзін тұңғиыққа тастаған достарды тастағымыз келмейді, солар секілді қалғымыз келсе де кеудедегі мақсат жібермейді. Ата қаз секілді мықты көшбасшылар ізінен ілесеміз. Мейлі ол қарапайым адам, ғалым, пайғамбар, дана қарт, бәрібір. Олар бізді сапар нүктесіне жеткізеді. Кейде адамдар өмір сапарынан ауырып, оқыс оқиғалармен, әлсіздікпен түсіп қалып жатады. Қиын. Қимайсың. Тоқтауға, бірақ қақың жоқ. Тізбекті бұзасың. Өмірдің қанша қиындығы, салқыны соқса да соңғы нүкте айдын шалқар көл, біздің о бастағы мекеніміз, мәнді ғұмыр екенін ұмытпасақ екен. Жас кезде адам үлкеннен үлгі алмаса, алдыңғы толқын кейінгі толқынға халқының салт-дәстүрі мен қазынасын бере алмаса, дастарқан басында үлгілі әңгіме айта алмаса, өзі бас боп жақсы іс басында жүріп өнеге көрсетпесе, өмірдің мәні жақсылық пен татулықта екенін көрсетпесе, қиындықта мойымауды айтпаса, жауапкершіліктің өзегінде жатқан 3 сұрақ "Келдім қайдан? Нетсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?" деген 3 сұраққа жауап іздеу керегін көкірегіне құйып жаттатпаса, еркіндіктің бірдеңеден қашу үшін емес, жету үшін берілгенін ұқтыра алмаса, жастар еркіндікті ессіздікпен алмастырары анық. Бала қаздан көргендей қиындық күйретпейді, қиындық адамды шыңдайды. Қайғы-қасіреттің де, қиналыстың да мәні осы. Қиындықтан өзіңе сабақ алып шығу.

Венера Тасмағамбет
16 қазан 2020 ж. 628 0