№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Манап – айтыс өнерінің биігі

Манап – айтыс өнерінің биігі


«Сыр елі- жыр елі» деп ежелден аты аңызға айналған осынау өнерлі өлкенің жыр жарысынан жүлде алған жүйрік қиял, алғыр ақындары көп болған. Әріге бармай-ақ Базар жырау, Қарасақал Ерімбет, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Құлан ақын, Тұрмағамбет, Майлықожа, Нартайларды атасақ та ақындар өскен аймақтың атақ-даңқы айқындала түседі. «Сыр елі-жыр елі» дегізген де осы ақындардың қуаты. Олардың жырын жоғалтпай, кешеден бүгінге жеткізіп, бүгіннен ертеңге алып баратын өнерлі ұрпақтардың ісін көріп сүйсінеміз. Сыр бойының сүлейлері салған жолды саздарға бөлеп, болашаққа байыпты жырымен сапар шеккен мәшһүр ілгергі ақындардың дәстүрін жалғап айтысқа түсіп, табан астында тапқырлық танытар талантты ақын – Манап Көкенов еді.


В.Лениннің туғанына 100 жыл толуы қарсаңында Қазақ ССР Ғылым академиясы халық ақындарының айтысын өткізеді. Осында өзінің талантын танытқан тарлан ақын Манап кейін Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерекесінде және Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығында өткен халық ақындарының айтысында да жүлдегерлердің бірі болды.
Халық ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан мейлінше мол сусын­даған Манаптың жазба әдебиет үлгісімен де еркін көсіліп жазатынына сүйсінесіз. Осыдан жарты ғасыр бұрын «Социалистік Қазақстан» газетінде Манаптың Әбужүсіппен айтысы жарияланған еді. Кейін «Қазақ әдебиетінде» тағы бір айтысы басылды.
Жастайынан еңбекке араласқан Манап мәдениет саласында адал қызмет етті. Ол басқарған Қызыл Отау тек ауданның емес, бүкіл республикамыздың мақтанышына айналған. Оның іс-тәжірибесі бірнеше рет плакат болып шығарылды, өзі Москваға көрмеге қатысты. Халыққа мәдени қызмет көрсетудегі үлгілі еңбегі үшін Манап Көкенов Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» және В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты мерекелік медалімен наградталған.
Манап – халық қазынасының қамқоры. Ол Құлан Алдабергеновтің өлеңдері мен термелерін, айтыстарын жинастырып және өңдеп, Қазақ ССР Ғылым академиясына өткізді. Әлшекей күйлерінің нотаға түсуіне айрықша үлес қосты.
«Халыққа адал қызмет етуді негізгі міндетім, азаматтық парызым деп түсінген ақын Манап кітап шығаруға асықпаған. Өзінің жазғандарын өңдеп-жөндеп, жыл өткен сайын жақсарта түскен. Оның осы мінезі айрықша сүйсіндіреді. Жасы елуге енді тақалған кемел шағында көп жылғы еңбегінің жемісін жинастырып, жинақ етіп оқушыларына ұсынып отырған «Сыр саздары» кітабынан Манаптың әрі лирик, әрі сықақшы, әрі айтыс ақыны екенін танимыз. Оның қысқа өлеңдеріне назар салғанымызда қазіргі жазба поэзиямыздың озық үлгісімен жазуға талпынғанын көрсек, ал айтысқа келгенде импровизаторлық жүйріктікті танимыз.
Біз Жамбылды, Нұрпейісті, Нартайды, Кенендерді халық ақыны деп құрметпен атап, қастерлеп келеміз. Міне, осылардың игі дәстүрін жемісті жалғастырушылардың бірі – Манап Көкеновтің творчествосына да тиісті назар аударуымыз керек. Халық ақындарының қазіргі биігі мен белесін танып отыру – бүгінгі күннің талабы. Сондықтан Манап Көкеновтің кітабын жарыққа шығару – халық творчествосына қамқорлық жасаудың жарқын бір көрінісі. Осы дәстүрді дамыта түскеніміз абзал.
Қазақ әдебиетінің ақсақалы Әбділдә Тәжібаев Манап ағаның шығармашылығы жөнінде кезінде осылай толғана мақала жазған екен.. Мәкеңнің Жаңақорғанда өткен бір мерейтойында сахнаға шыққан Тәушен апамыз: «Мәкең тау ғой, басынан қары кетпейтін, ал біз сол таудың баурайындағы төбе сияқтымыз»,- деген екен көзіне жас алып тұрып
Манап – айтыс өнерінің шыңы.Қазақстанның халық ақыны деген құрметті атақ кешегі Кеңес Одағында қырық жылдан астам ешкімге берілмеген еді. Қаршадайынан дүлдүл айтысқа түсіп, Сыр бойы сүлейлерінің легіне қосылған тұлғалы талант Манап бүкіл өмірін ақындыққа арнап, "дертпен тең сөз өнерінің" қыр-сырын терең меңгеріп, мінезді қалпынан танбай мінезді туындыларды өмірге әкеліп, өз заманы тұрмақ келешекпен бірге жасар өлмес туындылар тастап кеткен ақын.
Ол айтыс ақыны ғана емес, әр сөзі қорғасындай салмақты, төрт қатардан тұратын бір шумақ өлеңнің мен өзі атан түйе тарта алмас ауыр мағынасы бар ақыл мен ой қазынасын қалдыра білген жан.
Манап аға аудандағы тұңғыш құрылған №1 Қызыл-Отауды басқарып, малшылар мен егіншілер арасында жүріп, елді салауаттылыққа насихаттаған тұлға. Сонымен қатар ел қазақ жазушыларының кітаптарын кеңінен таратуға атсалысты.
Шындықтың бетіне тура қарар қатар мінезімен қоғамдағы кемшіліктерді сын тезіне алған өткір тілді өлеңдері кезінде алмас қылыштан да кем түспей, ақынның беделін одан әрі биіктеткені рас. Ал сын қақпанына түскен тоғышар кеуделер оны жақтырмай "сары шаян" деп атауының астарында да оның ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын батыл мінезі жатыр.
Ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтауға, жаңартуға, жаңғыртуға құштар болды. Ойын-тойдың жаңаша өтуін, бірақ халықтық дәстүрлердің озық жағының құрметтелуіне зор мән берді.
Туған жерге туын тіккен Манап ақын жәннаты – Жаңақорғанынан алысқа ұзамады. Өзінен мекен-жайын сұраған жандарға "Бесарық. Талап. Көкенов Манап" деп жазған хатың келе береді" деп айтқанындай, туған ауылы Талапта табан аудармай отырып-ақ халқымыздың мәдениетін көтеруге, қазақты танытуға үлкен үлес қоса білді.
Ел арасында Манаптың әңгіме айтудағы шеберлігіне тәнті болғандар көп. Сол сияқты бұл кісіні ерекше қасиет тұтып, қадірлеп күтіп, баласының тұсауын кестіріп, батасын алып, аузына түкірткен жағдайлар да көптеп саланады. Дуалы ауыз саналған абыздың айтқаны текке кетпейтініне кешегі көз көргеннің көбі куә.
Бірде Әмитов Егенберді ағамыздың үйінде Мәкең бір топ қонақтармен отырса керек. Есікті жылт-жылт ашып, маза бермеген кішкентайына "әрі кет" деп жекіген үй иесінің қылығын жөн көрмеген Мәкең былай деп өлеңдетіпті:
Арқаға қақсаң Нұриді,
Гүлдендірер бұл үйді.
Ұра берсең Нұриді,
Көшеге қарай құриды".
Сол айтқан Нұридиннің бүгін қандай биікті бағындырып отырғанына жұртшылық халық, ел куә. Бұл да Манаптың ақын ғана емес, әулиелігінің бір белгісіндей.

Баян ҮСЕЙІНОВА

11 тамыз 2020 ж. 680 0