№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әдемілікті сүйгенге әлем есігін ашады

Әдемілікті сүйгенге әлем есігін ашады

Көкөрім кезінен көз алдында елестейтін де тұратын қызылды – жасылды  өрнекке толы  көркем туындыны өз қолыммен жасасам деген  тәтті қиялға берілетін қарғадай балаға үй ішіне құрылған  кілем ағашы үстіне қаз-қатар қонып, оқтаудай тартылған өреге  ою салған апаларының әр қимылы таңсық. Қызыққаннан орталарына қойып кетіп, талай қуылса да  алған бетінен қайтпай ақыры кілем тоқуды  үйреніп алғанына қандай қуанды десеңші.
Төл туындының төресі – қолөнері ғой. Он саусағынан өнер тамған ісмерлікке   құштарлық өз анасынаан дарыған. Нағашылары да шетінен қол өнерінің шебері.Солардың баршасының бақ – талайы отбасындағы тоғыз баланың  белортасындағы Беріктің басына кеп  қонақтағаны қандай ғанибет.


Бір кем дүние.  Қазақ сән индустриясының саңлағы, халықаралық дәрежедегі талантты дизайнер Берік Исмайыловтың мезгілсіз дүниеден озғаны жөнінде жаманат хабарды естігенімізде көңілімізді бір өкініш өртеді. Жаңақорғанның ақ шаңдағында ойнап өскен ұланды сырттай иемденіп, қолжеткен әрбір жеңісін, жетістігін малданып, мақтан етіп жүруші едік. Мұның себебі де жоқ емес. Кез-келген тұлға өмір жолында қандай биікті бағындырсын, ең алдымен туған топырақтың құнары мен қасиетіне тәу етуі тиіс. Өйткені оның бойындағы бүкіл адамгершілік асыл қасиет май топырақты жалаң аяқ кешкен қарасирақ кезден қалыптасары өмір заңдылығы.
Әкелері Әбдіш Ұлы Отан соғысының ардагері , шаруашылықта сан түрлі қызмет атқарды. Ал аналары Салаш Қайназарқызы кентте пошташы болған. Екеуінен өрбіген тоғыз перзент- төрт ұл, бес қыздың барлығының жоғары білім алуына осы екі кісінің де көзі ашық, көкірегі ояу зиялылық ұмтылысы себеп. Олар балаларын ең бірінші еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Ол кезде бір отбасын жалақымен асырау қиын. Өмір бойы «құс ұйқы» қасиетінен жаңылмаған ерлі-зайып үкіметтің жұмысына қосымша қара бейнеттен қашпай, огород екті, мал бақты, сыпырғы байлап сатып, кілем тоқып, базарға шығарып,  әйтеуір білімге ұмтылған болашақтың бағын байламауға тырысып барлығына жоғары білім берді.
– Берікпен бір сыныпта оқыдым. Өте сезімтал, нәзікжанды болатын, – дейді Шалқия кентінде қызмет атқаратын замандасы Мәлік Сабырханов.
Ол кезде Беріктің тігін машинасында отыра қалып кез-келгеніміздің шалбарымызды қысқартып, көйлегімізді оңдеп бергенін қалай тұра, оның осылай қыздар атқаратын жұмысты өмірлік кәсібіне айналдыруына іштей қарсы болатынбыз. Біртүрлі, еркектің жұмысы емес. Ол кездері көзқарас, түсінік те солай еді.
 Балаларының ішінде талабы зор Беріктің жүрек қалауын қолдамаған ата-ана алғашында тігін ісін еркек затына лайық көрмегені рас. Ата-ана тілегіне орай  Томск политехникалық институтының инженер-конструктор мамандығын тәмамдаған ол Ташкент авиазауытында он жыл инженер болып қызмет атқарды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында мекеме қысқарып, баршаның базар жағалаған кезі болған жоқ па? Берік те сол баяғы кәсібіне қайта оралып, тіккен киімдерін саудаға шығарып бала-шағаны асыраудың қарекетіне кіріскен.
Кісі тағдырдан қашып құтыла алмайды екен. Бала кезден бойды буған құштарлық оны маңдайына жазылған бақталайымен осылай қауыштырды.
Алматыға келіп, төл кәсібін жолға қойған талантты дизайнердің жарқ етіп көге түсуіне Құдай берген дарыннан бөлек ұстаз ұлағатының да орны зор. 96 жылы Алматыда өткен «Шығыс маусымы» сән байқауына төрелік еткен ресейлік талант, Алла Пугачеваның модельері Любовь Красникованың көзіне түседі. Ол Берікті Ресейге шақырып дәріс шеберханасында оқытуды ұйғарады. Екеуінің де шеберлік технологиясы үндесетін, яғни қарыстап пішуді қолай көретін қос таланттың жан дүниесінің егіздігіне олар тіккен Ресей мен Қазақстан эстрада жұлдыздарының  достас екі елдің табиғатын талайдың жүрегіне сахналық сән салтанатының өзімен-ақ насихаттай алған қуат-қауқары дәлел. Мұның ар жағында артық жаратылыстың шеберлігі бір басқа, өз туған ұлтын жанындай сүйген жалын жүректің де құдіреті жатыр.
«Жүзім-қазақ емес, жүрегім- қазақ»
Қазақ сән әлемінің негізін қалаушы Берік Исмайыловты бір көрген кісі  ақсары келген, нұрлы жанарлы азаматты қазаққа ұқсатпауы да мүмкін. Жан дүниесіне терең үңілгендер оның туған жұртының тағдыр талайын, жарқын келешегін әлемге танытуға келгенде намысы биік наркескен талапты ұстанар ұлтжандығына қайран қалар еді. Бұған қай кезде болмасын халқының тағдырымен тамырлас , өнер желкенінің жалауын тік көтеріп келе жатқан ортақ мақтанышымыз – Роза Рымбаева, «Жігіттер» квартеті, Мақпал Жүнісова , Елена Әбдіхалықова сынды эстрада жұлдыздарының киімін тұрақты түрде өзі тігуді қолға алған айнымас ұстанымы дәлел.
 Өткен жылы аудан орталығындағы №169 орта мектебін бітіргендерінің 40 жылдық кешіне арнайылап келген Берік ағамен бір-екі ауыз сұхбатымызда оның жас талап Димаш Құдайберген жөнінде айтқандары көңілімізді толқытты.
Осыдан төрт жыл бұрын өткен «Славян базарына»  жолдама алған Димашқа арнайы костюм тіктірмек болған Ақтөбе филармониясы атақты модельерге телефон шалып, тапсырыс береді. Уақыт өте тығыз. Үш күн ішінде самолетке салып жіберуі керек.
-Ол кезде Димашты мүлде білмейтін кезім,- дейді Берік аға,-Алдымен таспада жазылған әнін тыңдамаққа ұйғардым. Жас әншінің келбет-кескінімен де танысуым керек. Кісінің табиғаты мен сыртқы келбеті үйлесім таппай үндестік болмайды. Бәрінен бұрын жас талаптың зор диапазонды үніне қатты көңілім толқыды. Көзіме жас келді. Сол толқыныстың әсерінен қаным қызып, тамыр-тамырды қуалаған қуанышты рухтың сиқыры саусақтарыма берілгендей асыл тастармен тәкаппар бір сыр сымбат салтанатын түзіп, жан дүнием жаңадан бір түлегендей болдым. Қатарынан басып озып, сол байқауда Гран-Приді иемденіп тұрған қаршадай балаға біртүрлі әкелік сезімім оянып, ерекше күй кештім,- деген еді ол. Осы сөзінен сән әлемі королінің керемет нәзікжанды жан дүниесінің тамыршысы екеніне шын көзіміз жеткендей еді.
Адам көркі - шүберек
Бүгінде өзі қолымен құрып тұғырын тіктеген тұтас корпоративті басқарып отырған Берік Исмайыловтың Нью-Йорк қаласында өткен ерлер сән топтамасына қатысқан 50 бренд қатарында жүлде алған жұлдызды сәтіне де куә болған едік. Халықаралық аренада танымал талант Италия сән индустриясымен тығыз байланыс орнатып, мазмұн мен сапаны биіктетуімен дара саналатын. Мақсат-мұраты – тек пайда табу ғана емес, ұлттың классикалық сән үлгісін ұлықтай білер парасат иелерін қалыптастыруда қажымай-талмай тер төгіп, үздіксіз жүргізіп келе жатқан «Сұлулық сыры» теориялық және практикалық сабақтары ұстаз алдынан шыққан талай шәкірттің бағын жандырды. Ол мекеменің жұмысын жолға қойған басшы ғана емес, ондағы әрбір іс адамының қамқор әкесі іспеттес. Бұған куә болған ауылдасы, кинорежиссер Қалила Омаров ағамыз: «Бірде Беріктің жұмыс орнына соққан едім. Оның қоларбаға таңылған кішкентай бөбекке ботқа жегізіп отырған үстінен түстім. Ылғи сондай. Біреулерін балабақшаға жеткізіп, біреулерін мектептен алуға да уақыт тауып жатады. Барлығы қарамағындағы қызметкерлерінің қамы. Оның жанын жай таптырмайтын осындай үлкенжүректі қасиеті барлық басшының бойынан табылса ғой шіркін. Шығармашылық адамы көңіл-күйге тәуелді. Оның осындай қамқорлығын сезінген әрбірі өз ісіне шын беріліп, адал атқаруға тырысады,- дейді ол.
Беріктің Жаңақорғаннан шалғайда жүргеніне қырық жылға жуықтапты. Бірақ қарашаңырақты ұмытпай, бауырларымен бірге өсіп-жетілген ата-ананың ескі қонысын бұздырып, орнына жаңа үй тұрғызғанына, енді он-он бес күнде ауылға келіп, Құран бағыштап кетемін деп ниеттеніп жүргенін естігенбіз. Осы шаңыраққа егелік етіп, түтінін сөндірмейді деп сенген ағасы Жақан мен жеңгесі Нақыш екеуімен хабарласып сөйлескенді жөн көрдім.
– Ізімнен ерген екі інім – Серігім мен Берігімнен айналасы екі-үш аптада қатар айрылып, қайғыдан қан жұтып отырмын, – деп таусылған ел ағасына не деп жұбату айтарымызды білмей абдырадық. Тағдыр да. Оның ісін талқыға салар біз кімбіз? Бар айтарымыз сабырға шақырып, Алладан үміт үзбеу.
– Отбасында 9 бала болдық. Берік айрықша еді, – деді аға ағынан жарыла. Оның ерекшелігі – еңбекқорлығында. Бір минут бос отыруды білмеді. Жатқан адамды, жалқаулықты сүймейтін. Соның арқасында қаншама жұмысты бітіріп кетті, қаншама шәкірт тәрбиеледі. Бауырмалдығы да зор еді. Ол аға тұтып мені емес, мен оны арқа тұтушы ем, зор тірегім санаушы ем. Өмірге соншалықты ғашық еді,– десе, жеңгесі Нақыш:
– Біздің Берік өмірге екі келген адам. Өзінің туған күні 1962 жылдың 15 наурызы. Ал екінші туған күні оның Астана қаласында жүрегіне күрделі операция жасатып, аман қалған күн. Өткен жылдың 15 маусымы күні үйге Роза, Мақпалдар келіп: “Бүгін сенің қайта өмірге келген күнің” деп атап өтіп еді,– дейді.
Кеше, Қазақстанда Пандемия деп жарияланған күннен бастап Берік Исмайылов ұжымымен маска тігіп, халыққа тегін таратып, өзгелерге үлгі болған еді. Жүрегі халқым деп соққанн жаны жұмсақ замандасымыздың бұл да бір шарапаты болатын. Бұдан өзге де бүкіл жақсылығы алдынан шықсын, жасамаған өмірі, көрмеген қызығын көру жан-жары Гүлнар мен қос қанаты – Болаты мен Маратына жазсын дейміз.
Баян ҮСЕЙІНОВА
18 шілде 2020 ж. 974 0