№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Анаға тағзым ету – адамзаттың парызы

Анаға тағзым ету – адамзаттың парызы

Құт қонған Қожакент ауылында мерейі үстем рухани шараның куәсі болдық. Ауыл азаматтарының ұйытқы болуымен «Анаға тағзым» атты ескерткіш бой көтерді. Алтын құрсақты аналарға арналған ескерткіш алаңында ел ағалары елдік сөздерін айтты.Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.

Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп, – деп ақын Қадыр Мырза Әли жырлағандай, бұл өмірде анадан артық мейірімді, жүрекке жылу сыйлайтын жан жоқ шығар, сірә?! Өміріміздің гүлі, мәні сәні, көңіліміздің нұры, қамқор сүйенішіміз – ардақты ана. Жаратушы Жаппар Иеміз олардың жанын нәзік еткенімен зіл батпан ауырлықты қайыспай көтеретіндей төзім, сынбас сабырды аямай беріпті-ау!Құрсағында тоғыз ай көтеріп, нәресте әкелумен бірге отбасындағы бар шаруаны қатар алып жүретінін қайтерсің! Міне, осындай аналарға құрмет көрсету әрбір перзенттің асыл міндеті.
Ескерткіштің ашылуында сөз алған ауыл әкімі Асылбек Айтжанов жерлестеріне жылы лебізін білдіріп, құрылыс жұмысын сапалы жүргізген азаматтарға «Алғыс хатын» табыстады. Ескерткіш лентасын аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев пен ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Ыбрахым Баязитов қиып, ыстық ықыластарын жеткізді.
– «Анаға тағзым» ескерткішін – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының байыпты жалғасы ретінде қабылдау керек. Анаға құрмет көрсету, анаға тағзым жасау – әрбір ұлттың міндеті, әрбір адамның парызы. Жаңақорғанда ашаршылық, Ұлы майдан мен кешегі тоқырау жылдарында еңбектің қазанында қайнаған қаншама батыр аналардың ізі қалды. Оларды ұлықтап, есімін жаңғырту бүгінгі буынның борышы. Қожакенттегі рухани тағылымы мол шараның үлгі-өнеге мол, – деген Дархан Есалыұлы шараға арнайы келген «Батыр аналарға» құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынды.
Жалпы Қожакент ауылының өнеге етер игі бастамалары аз емес. Бірлігі бекем, ынтымағы мығым ауыл былтыр осындай биік-биік бастамалардың нәтижесінде аймаққа үлгілі ауыл атанды. Құттықтау сөзді жалғастырған Ыбрахым ақсақал өткенді еске түсіріп, тебіреніп алды.
– Біз өмір сүрген дәуір нағыз нәубет жылдар еді ғой. Соғыстан кейінгі жылдары ерлермен етене еңбек еткен қыз-келіншектердің қызметі ұшан-теңіз. Қиын-қыстау уақытта ауылға және егіннің басына аяқ су жеткізу, егін егіп, оны жинау және т.б ауыр-ауыр қызметте әйелдер жүрді. Аналарымыздың ұрпақ үшін белі қайысса да, қиындыққа қасқайып тұрып, асқақ рухын көрсете білді. Ол дәуірлер өтті ғой, бүгінгі бейбіт заманның ұрпақтары ондай жылдарды бастан кешірмесін деген тілегіміз бар. Сондықтан бүгінгі ізгі амалдарың үшін ауыл азаматтарына рахмет айтамын, – деді қария.
Облысқа белгілі меценат Изатулла Үсенов пен ескерткіштің құрылысын жүргізген Мұхамеджан Рүстемов те ауыл тұрғындарын құттықтап, жылы лебізін білдірді. Әрі Изатулла ағамыз аналарға арнайы сый-сыяпатын да да ала келіпті.
– Ананың мейірімінен, ыстық алақанын, жылы сөзінен асқан құдырет жоқ. Біздің балалық шақ кешегі аласапыран кезде өтті. Ерте есейіп, еңбекке араласқан аналарымыз ашаршылық пен соғыс жылдарында ұрпағы үшін тыңбай еңбек етті. Сондай батыр аналардың рухына қойылған ескерткіш деп есептеймін. Ауыл әкімі Асылбек балам бастаған ауыл азаматтарына бізді осындай құрметке бөлеп жатқанына аналардың атынан алғыс айтамын, – деген Аманкүл апа сөзін ән жолдарымен түйіндеді.
«Анаға тағзым» алаңының ашылу салтанатын қорытындылаған ауыл әкімі:
– Ең бірінші кезекте,ескерткішті сапалы жүргізген Мұхамеджан Тоқташұлына және оның қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Қаншадан бері ойда келе жатқан дүние еді. Бұл – адамзаттың анаға деген құрметінің белгісі деп қарауымыз керек, – деді.
«Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз Қожакентке қарата айтылғандай. Ауылда «Биг-Бен» мен «Байтеректің» үлгісінде салынған архитектуралық нысан бар. Оған «Тәуелсіздік алаңы», «Рәміздер алаңын» қосыңыз. Енді «Анаға тағзым» ескерткіші ауылдың ажарын арттырып, сәулетіне сәулет қосты. Әрине Қожакенттің көңілі мәрт азаматтары барда мұндай еңселі ескерткіштер әлі де бой көтере береді.
– Ана – ұлық есім. Оның қызметін ешнәрсе алмастыра алмайды. Қиын кездерде жауапкершілікті мойнына алып,елдік істерге ұйытқы болған аналар көп. «Анаға тағзым» сондай аналардың рухына арналады. Бір жағынан, қыздардың тәрбиесінде де оң ықпал етеді деп ойлаймын, – дейді кәсіпкер, меценат Мұхамеджан Рүстемов.
Расында ауыл келбетін, тұрғындардың бет-бейнесін осы бір мүсін суреттеп тұрған тәрізді...

Әли ТЕМІРБЕК
16 маусым 2020 ж. 1 066 0