№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Анаға хат

Ана! Неткен ғажап, асыл, керемет сөз десеңші! Мағынасы зор, ғибратты ұғым десек артық етпес! Ана – бұл әрбір адамның өміріндегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ардақтысы.
Ең бірінші ешнәрсе көрмеген көзіңмен жүзі жарқын Анаңды көресің. Ананың нәзік үні, алақаны, жан жылуы бізді әлдилеп жұбатады. Ойлап қарасақ, анасы өзінің бауыр еті баласы үшін кез келген қиындыққа төзуге, тіпті, өз жанын құрбан етуге дейін болады. Кез-келген адамның инабаттылығы, әдептілігі және жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен нәрестеге ақ сүтін беріп мәпелеген, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады.
Ана болу – бүкіл өміріңе жететін ұлы рухани тылсым күш және ерен еңбек. Өз баласын бағып қағуда ана өзін-өзі ұмытып барлық күш-жігерін сарқа жұмсайды. Ананың балаға деген мейірімі арқылы бала қызығушылықтары оянады, жүрегі мейірленеді.
Анамнан көп нәрсені үйренемін. "Шешеге қарап қыз өсер", – деп бекер айтпаған атам қазақ. Біз анамызды сыйлап қадірлеуіміз қажет. Анамыз бізді мәпелеп өсіреді, аялайды. Біз қуансақ, анамыз да қуанады. Ал, мұңайсақ жұбатады. Біз бір қатерге ұрынсақ шашы біртіндеп ағара бастайды. Сол үшін біз анамызды тыңдауға, анамыздың да хал жағдайын бір мезет ойлауға тырысуымыз қажет. Анам мені еркелетіп, шашымнан иіскеп отырады. Анамыз біздің қатарымыздан кем болмауға қолынан келгенін бәрін жасайды. Біз ата-анамыздың бәрін біз үшін жасап жатқанын ескеріп, олардың сеніп отырған үміттерін ақтап, үздіктер қатарында мектеп бітіруіміз, осы өмірдегі ең жақсы адамдардың бірі болуымыз қажет. Онда да біз анамыздың қарызынан құтыла алмаймыз. "Анаңды Меккеге үш мәрте арқалап алып барсаң да қарызынан құтыла алмайсың" деген сөз бар. Мен өскенде анамды міндетті түрде Меккеге апаруға тырысамын.
Менің анам бұл дүниедегі ең асыл жан. Ана жайлы ойыңды, айтып тауыса алу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.
"Ана" дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осы үші қана әріптен тұратын "ана" сөзінің астарында ұшан теңіз ой жатыр. Ана – әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады, ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді. Адамның аузынан шығатын ең алғаш сөзі де – "ана". Міржақып Дулатов атамыз айтқандай, бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл – ана. Алдыңа қойған мақсатыңа жетуің үшін ана жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгілі азамат боп өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді. Ананың махаббатына, құдіретіне тамсанған талай ақын әнін арнап, жырын жазып, талай жазушы қалам тербеген. Шыныңда да, осыншама қиналып, көз жасн төге жүріп, бізді өсірген анаңа қолыңнан келгеніңнің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдындағы парызды өтеу. Қаншама байлық иесі болсаң да, әлемге әйгілі адам болсаң да, анаңды, оның саған жасаған жақсылығын ұмытпау – сенің өмір бойы борышың. Қай адам қолынан келген сый-құрметін жасамады десеңші, шіркін! Бірақ соның бәрі анаңның бір ауыз жылы сөзіне жетпейді. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы – ананның қолында. Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымсен әлемді тербетеді.
Ана мен бала арақатынасы әрқашан белсенде түрде жүргізілуі тиіс. Балаға балағат сөздер айтып оны тәрбиелей алмайсыз. Одан да бос сөздермен емес, қазақтың көптеген әдемі де мағыналы сөздерімен баланың арқасынан қағып қою керек. Ұрысқанда да жақсы сөздермен ұрсу керек деп ойлаймын. Барлық үйдің шаңырағында періштелер ұшып жүреді делінген хадисте. Олар барлығының арман-тілектерін орындайды, адамдардың барлық сөздерін тыңдап, естіген сөздерін алдағы уақытта іске асырады екен. Балаға адам болмайсың деп шеттетсек ол шынымен есейгенде жолы болмауы мүмкін. Сондықтан балаға сын айтқанда жақсы сөздермен жеткізу керек деп ойлаймын. Бұл- менің сізге берер ақылым емес, жәй ғана кеңесім. Мұны да маған анам түсіндіріп, өзі айтып берген.
Ана, сіз мен үшін әлемдегі ең ұлы тұлғасыз. Мен әрдайым өзіңізге қарап бой түзеймін. Өзіңізбен бір күн сырласпасам, бала жүрегім сізді сағынып тұрады. Еркелеткеніңіз, құшақтап сүйгеніңіз, кейде ренжіп ұрысқаныңыз – бәрі де маған деген аналық ыстық махаббатыңыз екенін түсінемін. Сіз – менің қамқоршымсыз, ақылшымсыз. Жетістіктеріме қуанасыз, қателік жасасам, жөн сілтейсіз. Сүрінсем, жұбатып жігерлендіре түсесіз.
Рас, кейде сіздің маған уақытыңыз жетпейтін кездер де болады. Мен оған ренжімеймін. Сіздің маған деген махаббатыңыз шексіз екенін білемін. Себебі, бізден басқа да қаншама жауапкершілігіңіз бар екенін жақсы түсінемін. "Ұстаз болу – жүректің батырлығы", – деп Абай атамыз айтқандай, бала жанының бағбаны, мұғалім болу да кез-келген адамның қолынан келе бермес іс деп білемін.
Мен сіздің өлшеусіз еңбегіңізді түсінемін. Сіз – менің мақтанышымсыз. Кейде көңіліңізге келетін сөз айтсам кешіріңіз. Кейде мен де анама ауыр сөздер айтуым мүмкін. Әр адам кейде өз аузынан ағат сөздің шыққанын да байқамай қалады. Анашым! Сіздің маған берген тәрбиеңіз бен үлгі-өнегеңізің арқасында мен жақсы азамат болып өсіп келемін. Сіздермен өткізген әрбір минут, әрбір секунд мен үшін аса қымбат. Сіз маған әрдайым тіреу боласыз. Қиындықтарға төтеп беруге, жақсылыққа ұмтылуға, жамандықтан аулақ болуға үйретіп жүрсіз. Жеңіске жетсем сол жеңіске қандай қиындықпен жеткенімді, қандай қиын сәттерді бастан өткергенімді еске салып отырасыз. Осы үшін мен сізге қанша алғыс айтсам да артық болмас, сірә. Анашым... Мен әрдайым өзіңізге қарап бой түзейтінмін. Сізге қызыға да таңырқай қарайтынмын. Сіздің шыдамдылығыңызға, ержүректігіңізге таң қалмау мүмкін емес секілді. Ардақты анам... Сіз маған өмірде барға қанағат етуді үйретіп жүрсіз. Әр нәрсенің де ақшаға келетінін ұмытпауды үнемі бізге ескертіп жүресіз. Өзіңіздің қандай өмір көргеніңізді айтып отырасыз, сол арқылы мен осы күніме шүкіршілік етуді үйрендім. Сіз менің қателіктерімді кешіре білдіңіз, еркелігімді көтере білдіңіз. Аяулы анам, менің сізден аларым әлі көп. Маған айтқан әрбір сөзіңіз, үмітпен қараған көздеріңіз мені алға жетелеп келе жатқандай. Мен сізбен бір күн сөйлеспей қалсам, сәби жүрегім сізді сағынып тұрады. Аяулы анам... Мен үшін әлемдегі ең ұлы тұлға сізсіз. Жаратқанымның қолдауымен сіздің балаларыңызға деген махаббатқа толы жүрегіңіз, мөлдіреген көзіңізден жас тамшыларын көргім келмейді. Анашым... Мен ешқашан теріс жолға түспеймін, себебі мен сіздей алтын ананың бөбегімін. Анашым! Балапан жүрек балаңыздың көңіл тебіренісін өзіңізге деген алғысы деп біліңіз.
Бәрі де Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды, – деп Қадыр Мырза Әли атамыз айтып кеткендей, Анамыз арқылы осы өмір басталды. Олар туралы жыр жазсақ та артық етпейді. Анамыз қасымызда болса да біздің әрқашан көңіл-күйіміз жйдары, көңілді болуы тиіс. Себебі бұл өмірде қаншама анасыз балалар, жетім жеткіншектер де бар. Олардың анасы жоқ болса әрдайым жымиып жүруге тырысады. Біздің анамыз бола тұра қабағымыздан қар жауып жүрсе не дей аламыз? Жетім балалар арасында бір секунд болса анасын көзімен көргендер жоқ шығар. Олар анасын көрмек түгілі бір рет болсын аналарының мейірімін сезбеген, жылуын білмеген адамдар. Сондықтан аналарымыз барына әрқашан шүкіршілік етуіміз қажет. Шүкір, менің анам бар. Алладан мен ең бірінші анама денсаулық сұраймын. Екінші, ұзақ ғұмыр тілеймін. Үшінші, отбасы бақытын тілеймін.
Қорыта айтқанда, барлық адам ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, ананың шашына ақ түсірмей, тек осы киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі ең бақытты адам – анасы бар адам. Жер бетіне жақсылық нұрын себетін аналарымыз аман болсын! Алладан анамызға барлық жақсылықты тілеуді ешқашан ұмытпайық! Аналарымыз барына әрқашан тәубә етейік!
Гүлбаршын Оңласын,
№245 мектебінің оқушысы
09 наурыз 2020 ж. 8 175 0