№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Түркия елі Ержан Арқабайдың халықаралық деңгейде танылуына жол ашты

Түркия елі Ержан Арқабайдың халықаралық деңгейде танылуына жол ашты

Анадолы жерінде империя құрған түріктер «Османның құрылуы» атты тарихи-деректі сериал арқылы өздерінің шығу тегін, мұрат-мақсатын, салт-дағдысын дәріптеуде. Фильмде ойнаған түрік елінің атақты актерлері шынайы шеберліктерімен тәнті етуде. Айтулы сериалдан жаңақорғандық Ержан Арқабайды көріп қуанып қалғанымыз бар. Түркияда тұратын жерлесімізге қоңырау шалып, жобаға қалай келгені жөнінде білдік.
Ержан Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жоғары білім алып, біліктілігін жоғарылату үшін Түркия еліне аттанады. Түркия елі Ержан Арқабайдың халықаралық деңгейде танылуына жол ашты. Кониядағы Неджиметин Эрбакан университетінде «халық музыкасы» бөлімінде оқып жүрген талантты түріктер байқап, оның өнерін биік бағалайды. Қарачай-Черкес елінің азаматы Арсланбек Сұлтанбековпен танысуы оның өнер әлеміне сәтті қадам жасауына жол ашты. Бірі домбырада, бірі қобызда ойнап, Түркияның биік сахналарында шыға бастайды.
– Түркияға оқуға келген жылдары «Домбыра» деген өлең ел арасында хитке айналып, жылдам таралып жатты. Менің ойымда қазақ домбырасын әуелетіп жүрген кім болды екен деген ой келді. Кейін сол домбырашы Арсланбек екенін, ноғай мен қазақ дәстүрі мен салты сабақтас ел екеніне көз жетті. Қазір екеуміз тек әріптес емес, туған бауырдай болып кеттік, – деді ол.
Ержанның айтуынша, қазіргі таңда ұлттық аспаптармен өнер көрсетушілерге құрмет жоғары. Домбыра мен қобыз үнін сүйсіне тыңдайтын ел шағын жиыннан бастап, үлкен ареналарға өнер көрсетуге жиі шақырады. Әсіресе саяси партия өкілдері мен футбол клубтары өздерінің рухын көтеру мақсатында қобызшыны арнайы алдырады екен. Осыдан-ақ, түріктердің қобызға деген ниетін байқауға болады.
Түркияда жүрген қандасымыз көптеген марапаттарға ие. Оның ішінде, Өнер министрлігінің қолынан талай «Құрмет громатасын» алған-ды. Олардың бір концерттегі өнерін көрген «Воzdağ Film» кино студиясы тарихи сериалға түсуге ұсыныс жасайды.
Студия қазақ еліне «Ертұғырыл», «Сүлейман сұлтан», «Көсем» сериалдарымен таныс. «Воzdağ Film» продакшнның режиссері Мехмет Боздах жас өнерпазымен 2 жылдан бері бірлесіп жұмыс жасап келеді. Кинода пайдаланған әуенге қобыз бен домбыраның үнін қосу үшін Ержан мен Арсланбектің өнеріне жүгінуде.
«Түрікше кинолардағы саунтрекке ұлттық өнердің элементтерін қосып, киноға жаңаша жан беруде. Түрік халқы рухтас ел болғандықтан біздің өнерді аса жоғары бағалап, біздің шабыттануымызға үдеу беруде», – дейді жерлесіміз.
«Османның құрылуы» киносының 24 сери­алында жерлесіміз төбе көрсетеді. Осман бидің ұлан асыр тойында шартараптан келген өнерпаздар әннен, жырдан шашу шашып, думанды кешке ұласады. Осы кеште «Осман бей» жырын Біздің Ержан мен Арсланбек орындап, қобыз бен домбырада әуелетеді. Әсем әрі рухты әуен тыңдармандарды ерекше әсерге бөлейді. Осы сериалда түріктің танымал актерінің бірі Бурак Өзчивит басты рөлдегі Осман биді сомдайды.
Киногерлер домбыра мен қобыздың үнін синтездеп, тамаша бағыттағы туынды жасап, оны өз киноларына қосуы тегін емес. Мұны музыкант «Қобыз адамның жан дүниесіндегі тылсым сезімді бере алса, домбыра екпінді рух сыйлайды» деп ұғады.
Жерлесіміздің жаңалығын әлеуметтік желіде жариялағанымызда «домбыра ноғай азаматының қолында неге жүр?» деген сауал жолданды. Оған қатысты Ержан Арқабайдың өз жауабы да бар.
– Музыкада ел мен тіл болмайды. Ноғайлар мен қазақтар кезінде бір тудың астында тіршілік еткен. Салт-дәстүр мен наным-сенім де ұқсастық көп. Түркия біздің өнерге құрмет көрсетуі де осы тектілік пен сабақтастықтың байланысында, –дейді.
Домбыра 2000 жылдан аса тарихы бар жәдігер. Қазақтың ұлттық аспабында шырқалатын 5000-нан астам күйлері мен шығармалары тарихтан сыр шертеді. Қобыз да қиелі аспап, Қорқыт бабамыздан қалғанын барша ел біледі. Ал, түрік елінің азаматтары домбыраны өздерінің ұлттық аспабы бағламаның атасы деп таниды. Осы себепті, домбыраға деген құрмет пен қошеметі ерекше.
Ержан Арқабай домбыра, қобыз, шертер, гитара, бағлама секілді шертпелі аспаптарда жақсы ойнайды. Ол қазақтың тарихи күйлерін таспалап, жинағын жарыққа шығарды. Кейін киностудиямен бірлесе Сүгірдің 12 термесін жарыққа шығарып, альбом жасайды. Түркиядағы қазақ бауырлардың да Ержан Арқабайға алғысы зор. Отандастар арасында беделі арта түскен Ержан Стамбулда білімін жалғасыратынын жеткізді.
– Магистр білімін алдым. Енді доктарантураға түспек ниеттемін. Алға қойған жоспарым өте көп. Ұлттық өнерді әлемге танытып, қазақтың өнерін паш етуді мақсат етудемін, – деді.
Туған жерге деген сағынышымен арпалысып, ұлттық өнерді танытып жүрген жерлесіміз Ержан Арқабайдың өнерін қалай дәріптесек те жарасады. Елім деп шетел асқан бауырдың алғашқы кино әлеміндегі қадамын құптап, тілектестік білдірдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ
16 маусым 2020 ж. 591 0