№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Егіз ғұмыр естелігі

Егіз ғұмыр естелігі

Жарық дүниенің сырлы мазмұнын жаны сұлу адамдар сақтап тұр. Күн жарығы жарқырап түсіп тұрған терезе тұсына қойылған жазу үстелінде бас көтермей жұмыс жасап, алты жыл бойы бейнеттенудің нәтижесінде өзінің «Шалқи бер, Шалқия» деп аталатын тарихи-танымдық кітабын жазып шыққан жетпіс алты жастағы Сабырхан ақсақалдың болмыс-бітімін тани алған жан осылай ой түйсе керек.

Көзін ашқаннан көкіректен итерген қатал тағдыр жібіне жармасып, жылап жүріп жетілді. Суреттен ғана көрген әке бейнесі сағым боп жеткізбеді. Аяғын енді апыл-тапыл басып жүре бастағанда есінде қалған қарсы алдында күлімдеп тұрар мейірбан ана құшағына бір бас қойып, бүкіл ішіндегісін ақтарып, ағыл-тегіл мұң шақсам деген арман іште қалды.
Үш жасында жетім қалды. Сол күні ес кірді. Өксікті көңілі тас болып қатып, өз-өзін уатып, тас маңдайға жазғанды ғайыптан білдірді. Еңбектеп жүрсе де етекте қалмаудың тірмізік талабын естияр адамдай сәби көкірекке бекіткен тылсым құдырет содан бері өзі демеп, желеп-жебеп, осы күнге аман-есен алып келіпті.
Кісі есігінде жүрсе де көңілін құлатпай, жігерін жылатпай, өрге, биікке ұмтылуының арқасында орталықтағы сегізжылдық мектепті тәмамдап, одан әрі 9-10-11-ді әкесінің қарындасының қолында Ташкентте орысша оқып бітірді. Сол кездегі Орта Азиядағы жалғыз жоғары техникалық оқу орны – Ташкент темір жол және траспорт институтының өнеркәсіп және азаматтық құрылыс факультетін бітірді.
Одан кейінгі өмір жолында өз ісін адал және сүйіп атқаратын талапты жастың туған жер сәулеті саласына қосқан үлесі өлшеусіз.
1967 жылдан 2007 жылға дейін күрделі құрылыс саласында қажырлы тер төккен Сабырхан ағамыздың еңбек жолының ширек ғасырға жуық бөлігі Шалқия кенішімен тығыз байланысты. 1983-2003 жылдар аралығында ол Шалқия кенішінің аяғынан қаз тұрып, өсіп-өрлеуі бағытында ерекше тер төкті.
Өз мамандығын өлшеулі қалыпқа сыйдыратындар қатарында зейнетке шықтым деп жан тыныштығын күзетуді білмеген Сабырхан ағамыздың бейнетті мехнаты бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны әрі сүйсіндіреді, әрі таң қалдырады.
Өз тәуелсіздігіне ие болған еліміздің елең-алаң шақтағы қиыншылықтарында бұл кісі қаншама азаматтарға қарайласып, кәсіби тұрғыда қол ұшын созып көмектесті. Бірақ сол енапат еңбегіне ақы алған кезі жоқ.
Анығына келгенде, кез келген құрылысты салып тастағаннан бұрын оның сызбасын дайындап , техникалық құжаттарын түзудің мехнаты ауыр. Осының барлығын құнттай қып тындыратын бесаспап маман осы жұмысының барлығына баға белгілеп қойса баяғыда байып кеткен болар еді-ау дейсің. Бірақ ол кісіде ондай мінез жоқ. Қартайдым, енді маған тыныштық беріңдер деп қарап отырмай осы аудандағы төрт жаңа мешіттің жоба сметалық құжатын жасап берді. Мұның қатарына көңілі жақын азаматтардың қолқасын қалдырмау дегенді тағы қосыңыз.Мына өзіміз отырған асар әдісімен салынған редакция үйінің техникалық сызбасы да түп-түгел осы ақкөңіл ағаның қолынан өткен.
Бұл кісінің тағы бір ерекше қасиеті – іс жүргізу қағаздарына аса құнттылығы. «Мына құжатымызды жоғалтып алмаңыз» деп күмән айтқанға берген жауабына қараңыз «Мен өзім жоғалып кетуім мүмкін, бірақ қағазың жоғалмайды»
Осыдан оншақты жыл бұрын 16 желтоқсан күні дүниеге келген немересіне Қайраттың есімін қойған ақсақал келер жылы сәбидің тұсаукесер шарасына Қайраттың анасын құрметтеп Сыр өңіріне қонаққа шақырды. Сол жолы аяғы ақсап келген қамкөңіл жанды Жаңақорған шипажайына орналастырып қамқорын аямаған жаны жұмсақ ағаның арқасында ауылға келген Халық қаһарманының анасымен мектеп оқушылары кездесу өткізгенінде осы Сабырхан ағаның ақындығына да куә болдық. Ташкентте тұрып ұзақ жыл өмір сүрген нағашысы-Рауза апасының айтуынша, мұның әкесі Тәжібай қарапайым шаруа адамы болғанымен суырып салма ақындық қасиетке ие ұқсайды. «Соңғы кезде бойымда ерекше тылсым күш барын сезгендеймін. Бұл маған қанмен келген қасиет болса керек», дейді жетпістің алтауына келсе де қажыры кемімеген, бір сөзден жаңылмаған, туған жер тарихының тұтас бір дәуірін қаттап, қағазға түсіріп, нүктесін қойып отырған ақсақал.
Ендігі ретте осы кітап мазмұны жөнінде тоқтала кетейік. «Шалқи бер, Шалқия!» деп аталатын тарихнама Шалқия қорғасын мырыш кеніші туралы деректерді қамтиды. Кеніш тарихы жөнінде «Жаңарған Жаңақорған» кітабында «Кеніштегі алғашқы жұмыстар 1963 жылдан арна тартты» десе Сабырхан аға кенді аймақ шежіресін 1949 жылдан бастап тарқатады. Кеніштің ашылуының ту басында тұрған Ахмет Әділовтен бастап алғашқы геологтар, өндірісті бастандырып, алға апарған ұйымдастырушы кәсіби мамандар жөнінде толық ақпараттар ұсынады. Осы жұмыстың өзі де оңайға түсті дейсіз бе? Ауыл мен қала кезіп, үй-үйді аралап аяғынан тозды. Онда да оң талапқа түсіністік танытудан бұрын көзге ілмейтін көп. «Осылардың соңында тірі қалып, жер басып жүргенде арттырғаным соларды түгендеу еді» деп таусылғанда барып санасына жетіп қолда барды ұсынған ұрпақтың арқасында өткендердің өмірдерегі мен фотошежіресінің тұтас галереясын қалыптастыруға қол жетті. Міне қараңыз, кеніштің алғашқы директоры Сақ Мәуленқұловтың еңбеккерлердің ортасында көкжиекке қол созып «Әне, анау жерде болашақ комбинат салынады» деп тұрған сәті фотообьективке ілініпті. Осы тектес өндіріске тікелей қатысы бар отыз шақты тұлға жөнінде толық ақпарат түзілген. Бұл – бір. Екіншіден, тек Шалқия кеніші ғана емес, осындағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін обьектілер тарихы жөнінде,кент интеллигенциясы, өнер адамдары жөнінде де жан-жақты баяндалыпты. «Ащполиметалкомбинаты» тарихынан тарамдалған алып құрылыстар алаңы оның бер жағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы баянымен тұтаса өріліп, толыққанды туған жер тарихы тұғырын тиянақтайды.
Осы бітіп тұрған құнды еңбектің баспада кітап болып шығу хиқметіне келейік. Алдымен демеуші іздеп жоғары орындарға хат жіберіпті. Жауап болмаған соң баяғы өзі көмектескен, қол ұшын созған, келешек жоспарларының негіздемелерін сызып, даңғыл жолға салып берген кәсіпкерлердің де алдын жағалап қайтты. Біреуі түсінді, біреуі жағдай айтып шығарып салды. Руханияттың қадірін білетін тілеулестері бес-он мыңнан жинап берген не сән. «Көп түкірсе – көл» деген ниет қой. Бірақ осы шежіре үшін бұл кісіге көп қарыздар саналатын кешегі кеніштің көзі – «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ басшылығының тоң-торыс көзқарасына не жорық? Басқа болмаса да солардың қолдап, қамқор болатын- ақ реті бар еді ғой.
Сонымен қайтпек керек? Осы қыстың ақпан айында жиналған аз-маз қаржыны қалтаға сап, қолжазбаны алып қария Қызылорда қаласындағы «Полиграфия» баспа үйіне келеді. Оқып, танысайын деп алып қалған баспахана директоры Маханбетов Қуаныш Мәдібекұлы деген азаматтың келесі барғанында былай дегенін айтады. «Аға, өзіңіз орысша оқысаңыз да таза сөйлеп, сауатты жазады екенсіз. Сіз көзсіз ерлік жасапсыз. Өңірде қаншама өндіріс орындары бар. Мынау еңбегіңіз Құмкөл сынды ірі өндірістің өзінде жоқ тәжірибе, Шалқия қорғасын- мырыш кенішінің жер асты геологиялық барлау жұмыстарының 49-жылдан бастау тарихын деректі құжаттармен негіздеп, 95-пен аяқтапсыз. Бәрінің астарында терең негіздемелер бар. Ерекше ықыласпен оқып, жерден алтын тапқандаймын. Өзім де қаражаяу емеспін. Дегенмен, сізді толық мойындадым. Түйінсөзді өзім жазғалы отырмын. Ертең кітап болып шыққанда қоғамда үлкен резонанс тудыратын құнды еңбек болып тұр дүниеңіз. Қаншама кәсіпорынға үлгі көрсеткен алғашқы шамшырақ болдыңыз» деп көңілін көкке көтерген. Еңбегі жанғандай ауылға қуанып оралып еді. Сөйтсек, адамның емес,Алланың дегені болады екен.
Шал ақынның
«Өлімнен құтыл­майсың, қашсаң-дағы,
Атаған арыстан топ ашсаң-дағы.
Алладан шынымен ақ жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы», – дегеніндей, 12 ақпан күні аз күнде бауыр басып, жақынындай болып кеткен Қуаныш баласынан көз жазып қалды. Хабарды ести сала қабырғасы қайысып оның денесі қойылатын Айдарлы ауылына барып марқұмға топырақ салып қайтты. Келе сала бітіп тұрған кітабының соңғы беттеріне енді Қуанышқа арнаған өз түйінсөзн жазып қоюына тура келді. Ол былай деп өрілді:
«Оңынан болсын сапарың,
Бақиға қайтып жол тартқан.
Барған шақта алдыңнан,
Періштелер шықсын шам жаққан.
Жатқан жерің жайлы болсын».
Тірі адам тіршілігін жасайды. Жарты ақшасы төленіп, өндіріске берілген, алты жыл бойы көз майын тауысып жазған еңбегінің тағдырына алңдаған қария содан бергі уақытта тағатын сарқып, кітап қашан басылып шығып, қолға тигенше жар құлағы жастыққа тимейтін сыңайлы. Кешелі-бүгін Қызылорда қаласында соның қамымен жүр екен. Біздің пайымдауымызша, қосымша көмек-қолдау қажет-ақ. Ақиқатына келгенде, Тоқымовтың жеке меншігі дегеннен гөрі елге, әлеуметке, келешек ұрпаққа көл-көсір пайдасы тиер қымбат та асыл мұраға кім, қандай пайдамызды тигізе аламыз? Қабырғалы ел едік қой, осыны бір ой елегінен өткізіп, шешіп бере алсақ бір азаматтық іс болар еді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
09 маусым 2020 ж. 820 0