№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қазақстанның таңғажайып жерлері

Қазақстанның таңғажайып жерлері

Бектау-Ата тауы


Бектау Ата тау желісі аймақта орналасқан табиғи ескерткіштердің бірі Бектау Ата тауының шыңы 1000 метрге дейін жетеді. Бектау Ата тау сілемдері — Солтүстік Балқаш маңы оазисі — Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 70 шақырымда орналасқан. Теңіз деңгейінен 800 метр биіктікке асады. Сол үшін оны Балқаш маңы шамшырағы деп те атайды. Бектау Ата тау желісінің ұзындығы 4000 га, алайда оның аумағында түрлі атқалдар мен құздар орналасқан. Сонымен қатар Бектау Ата тауында киелі саналатын тұзщы су көзі бар «Әулие» үңгірі орналасқан. Бектау Ата тау желісі — туристердің қызығушылығын тудыратын табиғат әлемінің ерекше бір туындысы. Бектау Ата шатқалында жүздеген өсімдік түрі өседі, олардың 45-і сирек кездеседі, ал, сегізі Қызыл Кітапқа енгізілген.

Әулие Атабек туралы аңыз

Балқаш қаласының оңтүстік шығысында 60 шақырым жерде Әулиетау деп аталатын тау бар, жергілікті халық оны Бектау Ата деп атайды. Халық аңызы бойынша: Қасиетті Атабек өткен ғасырларда өмір сүріпті. Ол бірде шапқыншылық кезінде жаудан қашып келіп, осындағы ең үлкен үңгірге тығылады. Сол кезде Алланың әмірімен үңгір ішінде су қайнары пайда болыпты. Таудың 80 метр биіктігі үңгірінде тығылып жатқан Атабекті шапқыншылар таба алмапты. Содан бұл жерді Әулие деп атайды. Әулиетау деп аталуы — тауға сыйыну, табынумен байланысты қойылса керек.
Әулиенің басына келіп, тәуіп етіп, түнейтіндер көп. Оның суы көптеген ауруларға ем. Келгендер ақтық байлайды, басына мал шалады. Шипалы суынан ішеді. Әсіресе, бала көтермеген әйелдер жиі келіп түнейді. Бектау Ата «қасиетті», «әулие», «киелі Бектау» деген мәнді аңғартады».

Үңгіртас

Жердің әр түкпірінен келген адамдар бұл жерде Жер мен Ғарыштың ерекше қуатын қабылдау үшін келеді. Алматы қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан Үңгіртас ауылында жерден 8 метр диаиетр аумағында қуатты энергия шығуы байқалды. Аспанға бағытталған бұл энергия адамның ішкі дүниесіне қуат беріп, тазартып, күшейтеді.

Үңгіртас тау етегінде орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, дәл осы жерде аспан мен жердің жүйелері өзара түйіседі. Үңгіртасты “Қазақстан жерінің кіндігі” деп атайды. Мұнда биоэнергетикамен айналысатын, қажылыққа барғысы келетін адамдар жиі келетін көрінеді. Десе де бұл кентте түрлі таңғажайыптар орын алып жатады.
Ауыздан-ауызға тараған аңыздарға сенсек, дәл осы Үңгіртаста Ахмет Яссауи өмір сүрген. Ол 63 жасында Пайғамбар жасынан артық ғұмыр кешкісі келмейтінін айтып, қылуетке түскен. Жерасты үйге жақын жерге оның шәкірттері мен туысқандары жайғасқан. Ал кесене орналасқан жерді “Айдарлы Айдахар-Ата” деп атайды.
Кейде, расымен де, Үңгіртастың өзіне адам аяғын бастырмайтынын кездері болады. Кез келген адам, алдымен, кітапқа ұқсаған қақпаның алдына барып тоқтайды. Кейін қақпадағы “Тізеңді бүгіп дұға қыл. Сен Ақыл тауына көтеріліп бара жатырсың” деген жазуды оқиды. Бірақ қақпадан ары қарай барлығы бірдей өте алмайды. Кейде адамның басы қатты ауырып, көзі қарауытып, өздігінен тұншыға бастауы мүмкін. Адамдар тауға көтеріле алмауының себебін түрліше түсіндіреді. Мұндайда таудан дереу түсіп, энергетикасын тазартқан жөн. Кейбір адамның көз алдына қалың кереге елестеп, одан өте алмайтындай көрінеді екен.

Ақыртас

Ақыртас — көненің таң қаларлық ескерткіші, VIII—IX ғасырлардағы сарай кешені. Ақыртас Жамбыл облысындағы Тараз қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш үлкен күрең-қызыл тас блоктарынан салынған бір құрылыстың үйінделері. Кешен құрылысшылары өз заманы үшін таң қаларлық инженерлік технологияларды білген.

Ескерткіштің нақты уақыты мен мақсаты белгісіз. Бұл мәселелер бойынша көп дау жүргізілуде. Осы уақытқа дейін имараттың құрылысшылары да анықталмады. Ғалымдардың бір нұсқасы бойынша Ақыртас монахтарға арналған хужралары бар несториандық монастырь болуы мүмкін. Басқалары монастырь буддалық болған дейді. Зерттеушілердің жартысы Ақыртасты Ұлы Жібек жолында тұрған ортағасырлық қала Касрибасқа ұқсатады.
Қазір ғалымдар арасында Ақыртас Араб қолбасшысы — 751 жылғы Атлах шайқасындағы біріккен араб күштерінің бас қолбасшысы Муслим Кутейбаның бұйрығымен 714 — 715 жылдары салынған араб сарайы деген пікір кең тарлған. Бұл теория бойынша сарай арабтар жаулап алған аумақты белгілеп, қолбасшының резиденциясы болған. Сондай-ақ ескерткіш көшпенділердің дамыған мәдениет өкілдерімен салынды деген болжам қарастырылуда.
Ақыртас-қызыл құмтастың батпандай блоктарынан тұратын төртбұрышты (205х185м) құрылыс. Құрылыс төрт бөліктен тұрады. Құрылыс ортасында ішкі ауласы, екі су қоймасы — хауыздары бар бас кіреберіс орналасқан. Сарай құрылысынан басқа Ақыртас кешені құрамына қаладан тыс жатқан жеке үйлер, бекініс, саябақ, тас шығаратын карьер, саз карьері кірді. Ақыртастың бірінші бөлігі құрылыс салынбаған шаршы учаскеден және аулаға шығатын орын-жайлар тобынан тұрады. Олардың үшеуі дәліз тәрізді ұзын. Екінші бөлігі 12 тұрғын және 5 шаруашылық орын-жацдан тұрады. Үшінші бөліктің сыртқа өз бетімен шығу жолы бар он үш орын-жайы ауланың айналасында топтастырылған. Төртінші бөліктің тұрғын бөлмелері де ауланың айналасында орналасқан (25х34м). 18 тұрғын бөлме, екі айван және үш тар орын-жай. Ақыртас ғимараттан 400 метр жерде алынатын тас пен балшықтан салынған. Блоктардың жоғарғы бөлігінде астау тәріздес шұғылдар бар, ал төменгі жағы — сопақша шоқы. Блоктарды бір-біріне бастырғанда шоқша мен шұңғылдар құрылымды бекіте отырып ұштасады. Ақыртас қабырғаларының қалыңдығы 3,5 метрден 5 метрге жетеді. Ғимарат негізінің биіктігі — 4 м. Бұл кешен құрылысы зәулімділігін айғақтай түседі. Су құбыры жүйесінің сәтті құрылымының арқасында кешен 3-4 км қашықтықта орналасқан бұлақ суымен қамтамасыз етілген.

Отырар қаласы

Отырар, Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб-Сырдарияның орта алқабында орналасқан көне қаланың орны. Отырар VІІІ ғасыр басынан Тарбанд деген атаумен белгілі. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түрік руна жазбаларында кездеседі. VІІІ ғасырдағы араб географы Якут Тарбанд Тұрар, Тұрарбанд, Отырар — бір қала деп жазады. Х ғасырдың географиялық жазбаларында Кедер деген орталық қаласы бар Фараб аймағы аталады. Ал Фараб Кедерден көне аймақ қала екені әл-Магдисидің еңбегінде жазылған. Оның айтуынша, бас қаласы аймақ есімімен Фараб аталған. Х ғасырдан кейін Кедер тарихи және географиялық жазбаларда аталмайды, оның орнына астана да, аймақ та Фараб делінген. Жазба деректерге қарағанда, ХІІ ғасырдан бастап Отырар деген атау қалаға біржола бекітілген сияқты. Жалпы стратегиялық қазба жұмысы Отырар қаласында жеті дәуірден тұратын мәдени қабаты бар екендігін дәлелдеп берді.

Шұраттың негізгі су көздері Арыс пен Сырдария. Олардан шығарылған каналдар, қалалар мен мекендерді сумен қамтамасыз етті, егістікті суарды. Тек, судың молдығынан ғана, бұл жерде егіншілік мәдениеті дами алды.
Отырар шұратының орналасқан жері, оның тұрғындарының өміріне әсерін тигізіп отырды. А. Н. Бернштам Отырар, Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Бөгенге жақын орналасқандықтан, қолайлы позицияда тұр және жер суару үшін суы жеткілікті деп дәл айтқан. Бөген мен Арыс бойымен Таласқа, үйсін, кейін қарлық иеліктерінің шекарасына дейін жеткен. Сырдария бойымен жолдар Шаш, Ферғана және Соғдыға, солтүстікке қарай Арал маңындағы аландар арқылы Еділ бойындағы далаға, Таулы Оралға және Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін барған.
Шұраттың солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы 53 километрдей, батыстан шығысқа қарай 54 километрдей. Шұрат территориясында 130 астам ескерткіштер бар.
Отырар, ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал. Отырар орнында елді мекеннің пайда болуы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларына сәйкес келеді. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде б.д. IX ғ. кездеседі. X-XII ғғ. кезеңі, моңғол шапқыншылығы тамырын шапқан қалалық өмірдің гүлдену кезеңі болды. 1219 жылы Отырар Шыңғысхан әскерінің соққыларынан құлады. Алайда, Отырар қайта түлеп, XIII ғасырдың ортасында Батыс пен шығыс арасындағы жолда ірі сауда орталығына айналды. 1405 жылы Отырар сарайларының бірінде Темірлан қайтыс болады. Отырардағы өмір XVIII ғасырға дейін жалғасты.
Отырар — бесбұрыш тәріздес төбе. Қала дуалмен қоршалған. Қаланың үш қақпасы болған. Орталық қақпа оңтүстік жағына орналасқан.

Бесшатыр

Қапшағай су қоймасының сол жағасында, Алтынемел ұлттық саябағының аумағында  Шылбыр шатқалының төменгі сағасында ғажайып Бесшатыр қорғанды кешені жатыр.

Бұл төңіректен барлығы 30-дан астам қорған табылған, олардың ең үлкенінің диаметрі 104, биіктігі 18 метр. Байырғы көшпенділер қорғанның көлемін қайтыс болған адамның өзі мен тайпасының қоғамдағы рөліне қарай белгілеген. Яғни өлген адамның абырой-беделі жоғары болған сайын қорғанды қорым салуға қатысатын адамдардың саны да көбейе түскен. Тайпалар мен тайпалық одақ көсемдерінің, билеушілер мен патшаларға арналған қорғандардың диаметрі 50 метрден 100 метрге дейін жеткен, тіптен одан да асқан. Ал атақты батыр мен рубасы ақсүйектердің қорғаны 30-дан 50 метрге дейін жеткен. Қарапайым жасақшының қорғаны 15, кейде 25-30 метрден аспаған. Әрине, мұның барлығы да жобамен алынып отырған есеп, дегенмен осының өзінен-ақ байырғы көшпенділер арасындағы әлеуметтік айырмашылықты аңғаруға болады.
Атынан көрініп тұрғандай Бесшатыр бес қорғанды білдіреді. Бұл - қорым ортасындағы қорғандардың біріне қарата кейінгі кезеңде қойылған атау, ал шындығына келгенде Шылбыр шатқалындағы қорғандар одан әлдеқайда көп. Алты қорғанның үшеуі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қапшағай су электр стансасын салу туралы мемлекеттік деңгейде шешім қабылданған кезде қазылған. Өйткені станса салынған жағдайда бұл өңірді су басып қалатын еді.
№1 қорғанның диаметрі 50, биіктігі 7,5 метр. Қазба жұмыстары барысында үйінді астынан Тянь-Шань шыршасынан қаланған қабір-сағана табылды. Сырт қарағанда жай ғана ағаш кесінділері сияқтанғанымен оны сақ шеберлері қарапайым құрылыс тәсілдері бойынша тігінен қойылған бөренелердің арасымен көлбеу өріп шыққан. Сағана төбесі де әуелі бөренемен, содан соң қамыспен жабылған. Қабір-сағанаға арнайы кіретін ауыз қалдырылған. Қабірханаға кіре берісте тағы бір шағын бөлме бар. Жерлеу рәсімі жасалғаннан кейін қабірхананың ауызына тас қалап, жауып тастаған. Содан соң бүкіл қабір-сағананың үстіне тас пен қиыршық және топырақ үйген.
Бесшатыр қорғандарының құрылымында бірқатар ерекшеліктер бар. Мысалы, №2 қабір-сағана ежелгі қабаттан 2 метр төмен қазылып, қабірхананың өзіне апаратын жер асты жол 55 метрге дейін жеткен.   
Үлкен «патша» қорғандарындағы қабірханалар ерте кезде-ақ тоналып кеткендіктен оның қашан жасалғаны туралы Бесшатырдағы шағын қорғандардың бірінен археологтар тапқан заттар арқылы ғана шамалауға болады. Қарапайымдау адамдарға құрылысы да қарапайым шағын қабірханалар салынғаны туралы жоғарыда айтылды. Осындай шағын қорғандардың бірін ашқан кезде археологтар екі адамның қаңқасын тапты. Оң жақтағысының жанына қылыш пен үлкен қанжар қойылған, ал сол жағындағы қаңқа қасында қылшан мен ұшы қоладан жасалған елу жебе және қалқан жатыр.
Үлкен және орташа қорғандардың шеңбер құрап жатқан тас қаландылар табылды. Үлкен қорғанның төңірегіндегі ірі қойтастардан қаланған қабір қоршаулары қызғылықты. Қазіргі уақытта ондай 150 қоршау табылып отыр. Тікбұрышты бұл қоршаулардың көлемі шамамен 3-4 метр. Қатты қирағандарды айтпағанда, өзге қоршаулардың әрбірінің сыртына биіктігі 1,5-2,5 метрлік меңгір тастар тігінен қойылған. Көпшілігінің айналасында 4 меңгір бар. Кейбірінде ғана 2-3 меңгір кездеседі. Бірқатары  сынып, құлап қалғаны болмаса дені сол күйі тұр.
Бұл ретте үлкен қорғанның әлі күнге қазылмағанын айта кету керек. Оны тарихи, мәдени және археологиялық ескерткіш ретінде сақтау жөнінде шешім қабылданған. Үлкен қорғанның үстінен қарағанда қабір қоршаулардың орталықтан бірдей қашықтықта жатпағаны көрінеді. Әрқилы иректеліп жатқан қоршаулардың арасынан орталық қорғанға баратын жол қалдырылған болуы керек. Қабір қоршаулардың жоғарғы жағынан археологтар ыдыс пен көмір қалдықтарын кездестірді. Бұл заттар жерлеу рәсімінің белгілері болуы мүмкін. Ал меңгірлердегі түрлі таңбалар өшпеген. Бесшатырды алғаш зерттеушілер оны ру-тайпалық таңбалар деп есепеген, алайда оның ешкі бейнесі салынған петроглифтер болуы да ғажап емес.
Жалпы алғанда, Бесшатыр кешені көрген адамды ғажап әсерде қалдыратыны анық. Сақтардың ежелгі көшпелі өркениетінің қандай болғанын осы Бесшатыр қорғандарынан түйсінуге болады.
Қорғандарды бойлай, бетінде жануарлар бейнесі қашалған 45 кесек тас тізіліп тұр. Осы ерекше тастарды алғаш көрген туристер оларды ағылшынның танымал Стоунхенджімен салыстырған еді.
Сонымен қатар, осы жерде белгілі Тамғалы тас — тастарға салынған ежелгі суреттер ескерткіші орналасқан. Бұл суреттер екі мың жылдан астам уақыт бұрын, шамамен біздің заманымызға дейінгі XVI-XIV ғасырларда салынған еді. Негізінен бұл суреттер —Үндістан мәдениеті білгірлерінің арасында танымал буддистік жазбалар мен құдайлар бейнесі. Тамғалы таста VIII-IX ғасырлардан қалған түркі сына жазуы да сақталған. Бұл жазу қыпшақтардан қалған болуы мүмкін.
Дәл осы ерте темір ғасырында, Іле алқабы мен Тянь-Шань тауының бөктеріне сақтар қоныстанған кезде қабір қоршаулардың жоғарыда баяндалғандай үлгісі қалыптасқан.

Қатутау және Ақтау

Қатутау және Ақтау және олардың ерекше көрінісі де Алтынемелдің танымал көрнекті жерлерінің бірі. Қатутауда бұрын болған шағын жанартаулар оған ерекше келбет берген. Бұл тау негізінен атқылап жатып, бірден қатып қалған жанартау лавасы болып келеді. Мыңдаған жылдар өтсе де, ерекше қалыптар, яғни пішіні мен үлкендігі әр түрлі ойықтар, саңылаулар, иірімдер сол күйі сақталып қалған. Бұл пішіндер бірде сөреге ұқсаса, бірде ыдысқа, бірде хан тағына ұқсайды.

Ақтаудың ерекшелігі — қызыл, жасыл, қызғылт, тіпті көгілдір түсті теңіз шөгінділері тас беткейлерді жауып тұрады. Бұл тау бұрын осы жерде болған теңіздің орнында пайда болыпты, ал теңіз тау бетінде өз ізін қалдырған. Археологтар бұл жерден тіпті динозаврдың сүйектерін да тапқан, ал одан кейін тіршілік еткен түрлердің қалдықтарын қазірдің өзінде табу қиын емес.
Ерлан АБДРАСИЛОВ
10 мамыр 2020 ж. 617 0