№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Жаңақорған – жанарым

Жаңақорған – жанарым


«Баланың барлығын сүй, бақытым деп». Осы бір өлең жолы Флюра Хазировамен сұхбаттасқанда есіме орала кетті. Жүзі жадыраңқы, кеңпейіл ананың жылуы жүрекке жетіп, жадырап сала бердік. Аяулы ұстаздың пейілі мен ниетінен татулық пен достықтың мәнін ұғына түстік.
Елде сан түрлі этнос өкілдері бір арнаға ұйысып, татулықта тіршілік кешуде. Әрине мұндай бейбітшіліктің бастауында ұлттар мен ұлыстардың өзара рухани келісімі тұр. Иә исі қазақ жаратылысынан татулықты сүйгендіктен бе, жүректің қалауы тыныштық болғандықтан ба, Қазақстан халқының бірлігі күні салтанатты мерекенің біріне айналды.
Жаңақорған ауданында да сан түрлі ұлттың өкілі береке-бірлікте ғұмыр кешуде. Арасында қыз алысып, құдандалы болып жатқандары да жетерлік. Осындай екі ұлттың өкілдері бас қосып, бір шаңырақ астында өркен жайып отырған отбасының бірі – Изатовтар әулеті. Шаңыраққа шуақ болып төгіліп, босағаның берік болуына Флюра Хазированың мейірім шапағаты мол болса, отағасы Омар Изатовтың азаматтық болмыс-бітімі елге мәлім.
Шаңырақ көтергендеріне отыз жылдың жүзі болған отбасы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Өздерінен өрбіген төрт перзентке тәлімді тәрбие беріп, қазақи салтты ұстануға баулыған. Флюра апайдың ел еңсесін тіктеуде еңбегі еселі. Өзбекстанда өмір есігін ашқан оған Қазақстанда ұрпағын өрбіту бақыты бұйырады. Балалық пен жастық шағы өзбек ағайындарының арасында өтіп, сондағы беделді оқу орындарында білімін шыңдайды. Өзінің етегінен өрбіген қыздары Гульсана, Амина және Ділбар бір-бір отау құрған. Ал, ұлы Мұстафа кәсіпкер. Өз отбасымен ата-анасын мейірімге толтырып жүр. Бәрі де жоғары білімді әрі өмірде өз жолын тапқан азаматтар.
Флюра апамыз саналы ғұмырында аудан білім саласына арнады. №125 С.Сапарбеков атындағы мектепте, кейін №169 Н.Илялетдинов атындағы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Өмірінің жалынды жылдарын жас жеткіншектерінің сауат ашуына арнады. Оның ұстаздық жолын әріптестері үлгі тұтады.
– Флюра апай мәдениетті әрі тазалықты сүйетін жан. Өзінің еңбексүйгіштігімен, бауырмалдығымен жемісті жұмыс жасап, зейнетке абыроймен шықты. Оны оқушылар да, әріптестері де құрметтейді, – дейді әріптесі Меруерт Омарова.
Ол бүгінгі бейбіт заманға шүкіршілік етеді. Ұрпағына татулық пен тұрақтылықтың маңыздылығын түсіндіріп отырады.
– Жаңақорғанның таза ауасына, құтты топырағына сүйсінемін. Жаңақорған менің тарихым, менің тынысым. Жадымда осында өткен жылдарым жаңғырып тұр, – дейді ақжаулықты ана ағынан жарыла.
Иә, ақиқатында қоғамның тұтастығы ішкі татулық пен берекеден бастау алады. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналғаны айқын. Бұл жөнінде Флюра Хазирова жұртшылыққа мерекелік лебізін былай жеткізеді: «Қазақ ұлтының арасында өз-өзіне сенімді сезінесін. Қиналғанда қолдау білдіріп, қуанғанда бірге болады. Елдегі бірлік пен береке қазақ ұлтының дархан көңілінде, кең пейілінде жатыр деп ойлаймын. Аман болайық. Бірлігіміз жарасып, жасай берейік!».
Сәті түскен салиқалы сұхбатта Флюра апамыздың жылулыққа толы бейнесі есімде қалып қойды. Жүзінен мейірбандықтың шуағы төгілген, тұла бойы мен дархан жүрегінен шаттықтың лебі ескен асыл ана немерелерінің қызығына кенелуден артық бақыт жоқ деп есептейді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
01 мамыр 2020 ж. 479 0