Мұңлы балалық баяны немесе Тынымбай соғыс тақырыбын қалай толғады?
Кешегі жер-жаханның жартысына жуығын жайлағанекінші дүниежүзілік соғыс қасіреті Қаратау етегінде қоныс тепкен момын елдің де түңлігін төңкеріп талай тасмаңдайға құсалы тағдырды таңып кеткені мәлім.Өзекке тепкен өмірдің жалына жармасып жүріп жетілген талайдың ащы өксігін де тарқата білер уақыт атты емші бар.Жарасының беті жазыла бастаған сол ауыр күндердің естелігі де ұмытыла бастағандай.Тек сол күндердің тірі куәгерлері қатарында қалам ұстаған ағайынның сәби санада қатталған сол сызды мұңлы көңілдің мөлдір тамшыларымен жуып отырып ағыл-тегіл ақтаруы сенің де жаныңды қоса толқытып құйттай жүрегіңе қорғасындай салмақ артары рас.Бірақ сондай күндер өткен.Тағдырға төзіп қалың тұманнан әркім өз жолын іздеген,сонда да жақсылықтан күдер үзбеген.Сәби қиялда қатталып қала берген осындай көріністерді күні бүгінге дейін шерлі көкірегінен шайып түгесіп бітпеген тұлға,туған жер перзенті,адамзаттың ортақ ұлы,аяулы жазушы ағамыз-Тынымбай Нұрмағамбетовтың шығармаларын оқыған сайын біз осындай ой түйеміз.
Көз жасы кепкен күні бәрі ұмытылады.Өмірдің заңы солай. Ал Тынымбайлар түзіп кеткен тарих тұрғанда ол ұмытылмайды.Ұмытылмақ тұрмақ сол оқиға күні кеше болғандай жүрегіңді тілгілеп тәубеңді еске түсіреді. Тіл құдыреті деген осы. Осы тұрғыдан келгенде қаламгер қауымға бүкіл адамзат қарыздар әсілі. Біз бүгін өздеріңізбен жерлес жазушымыз Тынымбай Нұрмағанбетовтың соғыс тақырыбында жазған туындылары бойынша Жаңақорған топырағының төл перзенті, қазірде Шымкент қаласында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген жас, филология ғылымдарының кандидаты Салтанат Сейтханқызының зерттеу еңбегін назарларыңызға ұсынып отырмыз, қадірлі оқырман.
РЕДАКЦИЯДАН
Тынымбай Нұрмағамбетовтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы және соғытан кейінгі халық басындағы ауыртпашылықтары көрініс тапқан шығармалары қатарында, «Ата қоныс», «Көзәйнек», «Дарияның арғы беті», «Он төрт жасар жігіт», «Бәйтеректер» повестері мен әңгімелерін атауға болады.
Ұлы Отан соғысы кезінде, соғыстан кейін халық соғыстың зардаптарын көрді. Жазушының балалақ шағы соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келді. Сол кездегі құлақпен естіп, көзбен көріп, көңілге түйгендерін қаз қалпында жеткізе білген жазушы кейіпкерінің қасында әрбіріміз уақиғаны жан жүрегімізбен сезініп, бірге жүреміз. Тіпті бірге жылап, бірге күлетін сәттеріміз көп.
Бағашар Тұрсынбайұлы өзінің «Тынымбай Тұңғиығы» мақаласында инженер досына Тынымбай Нұрмағанбетовтің кітабын бергенде «Соғысқа кеткен балалары оралмай, ағаштарға мұңын айтқан ана туралы әңгімесін оқып жыладым» – дегенін келтіреді. Бұл шығарма «Бәйтеректер» повесі соғыстың өзін болмаса да, соғыстан кейінгі жылдарды, соғыстың құрбандарын көрген адам болған соң, көңіліне түйген жайттар жазылған ауыр әрі зарлы шығарма. Күлжамал Ерекенің қайғылы қазасында майданнан оралмаған үш ұлымен көріседі. «Күлжамал үшінші терекке – кенжесі Қуанышқа келгенде тіпті егіліп кетті. «Қуанышым – кенжем! – деді ол теректі кеудесіне қатты қысып тұрып. – Сен де келдің бе? Ағаларыңнан қалмай, сен де жеттің бе? Құдайым-ай, жақсы болды-ау! Сені бауырыма басып, бір мауқым басылды-ау... Арыстан мен Бағыбек соғысқа кеткенде, біз соншалық үгілген жоқ едік. Өйткені біздің жанымызда сен қалғансың. Қарайып, қалқайып сен жүргенсің. Ақыры сен де кеттің. Тек кетпедің. Жанымызды үгітіп, жаншып кеттің, құлыным. Сен... Бәрің түгел кеткенде барып, біз сендердің кім екендеріңді білдік. Сендерсіз өзіміздің кім болып қалғанымызды сездік...
Кенжем – ет бауырым менің! Біз сені қандай жақсы көруші едік! Әкеңмен екеуміз өзіңді айрықша еркелетіп, еркін өсірдік. Сондықтан болар, сен өр болып өстің. Бірақ адал едің. Жаның мөлдір еді... Қиянатқа көнбейтін айбарлы едің. Сондықтан болар, сен соғысқа өзің сұранып кеттің. Бір ауыз сөзің есімде: «Жеңіспен келермін, апа» деп едің. Айтқаның келді. Жеңіс болды. Жеңіс қуаныштан алып ұшып біздің елге де жеткен. Айдалада жалғыз үй отыр екендеместен, мына бізге де келген! Бірақ сенің өзің қайда жүрсің? Өзің... жоқсыңғой, құлыным-ау...
Тіпті бір жол хат жазбадың да. Бір жол... Әлде сені оған да үлгертпедіме? Оған да жеткізбедіме?.. Алда, қанішерлер-ай, жангештілер-ай... Саған да... кішкене ғана құлыным-ау, қолдары барып, саған да оқ аттыма?»
Күлжамал үшінші теректі құшағынан әзер босатып, тәлтіректеп кейін шегінді. Еріндері дірілдеп, көзін жасқа бұлап тұрып бәйтеректеріне тағы бір қарады.».
Тынымбай Нұрмағанбетов балалық шағында балалармен бірге куә болған оқиға іздерімен оқырманын жалықтырмай бірге ертіп жүріп, соғыстың өз ізін салған халықтың басына түскен ауыртпашылықтар кейіпкерлердің іс әрекеттері мен қарым-қатынастарынан анық көрсетіп отырады. «Көзәйнек» повесіндегі Бура мен Найзабек оқушы мен мұғалім арасындағы тартыстар арқылы кейіпкер бейнелері барынша ашыла түседі. Соғыстың басты ауыртпашылығы үй тірегі болған азаматтан айырылып жесір қалған Мәзігүл өз баласы Бураға аналық махаббатын аңсатып, көрші ауылға тұрмысқа шығады. Ашу мен ызыға булыққан Бура кейде анасын да жылатып, өзі анасының ауылынан қайтар жолда ешкімге көрсетпей айқайлап та жылады. Кәрі әжесі де «Найзабек Күйіктегі туысына келінімді азғырды» деп зарын айтып қала берді. Бұл зардың салдары соғыс еді. Бураны жаратпайтын Найзабек ағайдың арадағы салқын қатынастың әсері кейіпкерлердің мінезін аша түседі.
Кейін жалғасын тапқан «Балалық шақтың әндері» повесінде Бураның әкесімен майданда бірге болған Ақыптың «Сен төменгі класта оқып жүргеніңмен, біздің Сияштан бір жас үлкендігің болуы тиіс. Мұны айтып тұрғаным сол соғыста жүріп Шойын екеуміз сендерді атастырдық қой. Пендеміз ғой, біріміз өліп, екіншіміз аман қаламыз деп ойлаппыз ба? Екеуіңнің үйлену тойларыңда екі жеті көкпар шапсақ деп армандағанбыз... Артық марқұмға осыны айта алмадым ғой деймін» – деген сөзінен Бура мен Сияштың атастырылғанын білеміз. Бура әкесінің суретін сылтау етіп Ақыптың қызы Сияшпен де танысады.
Повестен Бура анасынан тірідей айырылғанда қасында әжесі болды. Әжесінен де айырылған Бура шын жетімдіктен құтылу үшін Сияшпен өз шаңырағын көтергісі келеді.
Жазушы «Дарияның арғы беті» повесінде «Соғыс бітерден бір жыл бұрын ғана Айжарық майданға аттанды. Шал күйеу баласын өз қайығымен арғы бетке ұзатып салды.
Көп ұзамай соғыс та бітті. Асанбай әу баста өз қайығымен ұзатып салған жігіттерді өз қайығымен қарсы алып жатты. Оның қайығы бұл кезде адам тасымады, бейне арғы беттен бері қарай көл-көсір қуаныш, күлкі тасыды. Сол қуаныш, сол күлкі Асанбайдың қайығына сыймай, бейне ернеуінен асылып-төгіліп жатқандай еді....
...Асанбайдың арғы бетке шығарып салғандары көп еді...
Дәл саны есінде жоқ. Шамамен жүзге тарта жігіттерді өз қайығымен өткізген... Қарсы алғандары жиырмаға да жетпеді...» осы тұстан бір ауылдан майданға аттанған қаншама адамды шығарып салса, сонша адамды қарсы алу – қайықшының арманы еді. Қайықшының ауыр дерті – Айжарықтың оралмағандығы болатын. Қайықшы күйеу баласын бес жыл күтіп, өмірден озады.
Қайықшының қызы Жаукен екі баласымен жесір қалған соң, дарияның арғы бетіндегі Сиыршы Сардарға тұрмысқа шығады. Шығармадан үзінді келтірейік:
Сарығыздың түсіне әкесі кіреді
– Әке!..
– Ә, Сарығызбысың... Мен сендерді таба алмай жүр мін ғой.
– Біз арғы бетке көшіп кеттік қой, көке... Осы жаққа келмедіңіз бе? Мен алдыңыздан шығатын едім ғой.
– Мені аттандырған босаға... Ауыл осы бетте емес пе?.. Ал сендер кетіп қалыпсыңдар.
– Биыл дария қатты тасыды ғой!
– Дария бұдан бұрын да тасыған.
– Биылғы тасудан жұрт қатты абыржыды. Көке, сонан соң көштік біз.
– Дария әлі де тасуы мүмкін ғой.
– Білмеймін... Көке, айтпақшы, біздің арғы беттегі там құлап қалыпты.
– Иесіз там құламағанда қайтеді.
– Көке, сен болғанда ол құламайтын еді.
– Білемін қызым.
– Көке біз сені әбден сағындық. Қашан келесің?
– Мен соғыста жүрмін ғой.
– Соғыс біткен жоқ па?
– Соғыс біткен жоқ. Ол бізбен бірге жатыр. Жер бетінен соғысты құрту үшін біз өзіміз құрыдық, қызым... Біз жұрт есінде соғыспен бірге жүреміз. Біз ұмытылған күні соғыс та ұмытылады. Соғыс ұмытылған күні біз де ұмытыламыз...
– Көке, мен сені ұмытқаным жоқ. Күн сайын күтіп жүрмін...
– Мені күткен адам мәңгілік күтуге тиіс қой.
– Күтемін, көке... Күтемін...».
Мұнда да кейіпкерлердің бейнесін ашуда жазушы диалогты ұтымды қолданған.
Өгей әке Сардардың сөйлеген сөзі мен іс әрекетінен мінезі ашыла түседі. Сарығыз әкесінің суретінен де айрылады, Балабек жездесі әскерде таққан белдікті де таба алмай қалады. Анасының балалары алдында шарасыз көрінісі байқалады. Сарығыз үйге берілген хат жазу тапсырмасын орындағанда әкесіне хат жазғысы келді. «Көке!» деп басталған осы бір сөздің ішінде іштегі бар арман-құсасы сыйып кеткендей. Ащы жасы төгілді. Өгейліктің дәмін Сарығыз бен інісі Балабек те татты.
«Ата қоныс» атты әңгіменің көтерген жүгі ауқымды. Әңгімеде адам баласының туған жерге деген сағынышы мен дос, жора-жолдастар арасындағы қарым-қатынастың орны көрінген. Ұлы Отан соғысының жесірі Шынаркүл бейнесі арқылы күйеуінен күдерін үзбей туған жерінен көшпей жолын тосқан қаралы жесірді көреміз. Шынаркүл жалғыз ұлынан қапыда айырылып қалады.
Аяқ астынан үйдегі буаз сиырының бошалап, ескі жұртқа кетіп қалуы Мұқа шалдың он жылдан бері ат ізін салмаған ата қонысқа баруына себепші болады. Ескі жұртқа келген шалдың есіне өткен өмір белестері түсіп, жүрегіне сағыныш, көкірегіне мұң ұялайды.
Мұқа шал өмірдің ыстық-суығын, қуаныш пен қайғысын Дәнекермен бірге бөліскен Шынаркүлге көңіл айтуды ұмытып кеткен. Тіпті оның қандай жағдайда екенін, соқа басы сопайып, әлі күнге сол ескі жұртта жападан-жалғыз тұрып жатқанын білмеген. Ең сорақысы, білуге де тырыспағандығы.
Ескі жұртта ойда-жоқта жолығып қалған екеуі біраз шер тарқатады. Анығы, ағынан жарылып ішіне шен-шемен боп қатқан қайғы-наласын ақтарып отырған Шынаркүл ғана.
«Шынаркүлдің күйеуі Қаулен Мұқамен екеуі түйдей құрдас еді. Бала кезден тату өскен достар болатын. Екеуі де қатар үйленді. Қатар балалы болды. Тіршілік сыйлаған бақыттың бал дәмін қатар сорып келе жатқан-ды. Кенет соғыс деген пәле басталды. Соғысқа да екеуі қатар аттанып, әуелде бір майданда болып еді. Кейінірек бөлініп кетті. Соғыс бітерден бір жыл бұрын Мұқа иығынан жараланып елге қайтты. Жаз ортасы болатын. Аудан орталығынан поездан түсе сала, көлік күтіп жатуға шыдай алмай ауылына жаяу тартып кетті. Жондағы бидайға орақ түсіп жатыр дегенді естіген соң, жолай сонда соқты. Сөйтсе Дәнекер мен Шынаркүл орақта жүр екен. Екеуі жарыса жүгіріп, алдынан шықты. Дәнекердің қуанышында шек жоқ. Күйеуінің мойнынан тасқып құшақтап алған. Жіберер емес. Шынаркүл сақ-сақ күліп тұрып «әй, бізде құшақтайықшы, тұршы былай» десе де болар емес. Өлердей сағынып калыпты. Сол жолы да Шынаркүл Мұқаның кеудесіне басын сүйеп «Біздің Қауленді қайда тастап кеттің? Кімге тастап кеттің, Мұқа-ау» деп егіліп еді. Өзі ғана емес, бүкіл жұртты жылатқан. Ол Қауленді сарыла күтті. Соғыс бітіп майданға кеткендер оралған соң да Шынаркүл үмітін үзген жоқ. Есіктің тықырынан да, иттің бейуақытта үрген дауысынан да үміт етті. Хат тасушының жолын тосты. Жоқ. Қаулен келмей қалды. Тіпті хабарсыз кетті. Соғыстан кейінгі жылдары да Талтоғанда бірге отырды. Шынаркүл көпшіл, ақжарқын еді. Оны бүкіл ауыл сыйлайтын. Әсіресе Дәнекермен екеуі сырлас, тату болды. Үйде де, түзде де көбіне тізіліп бірге жүретұғын. Біріне-бірі көмектесе салатын, біріне-бірі әзілдей қоятын. Бірінде жоғы екіншісінде болатын. Бейнет қорлығы да жұрттан ерекше еді. Шынаркүл колхоздың жұмысында әкесінің жұмысынан бетер атқаратын. Үнемі екпінді болып жүруші еді. Сөйтіп жүріп Қауленнен қалған жалғыз ұлы Қайыпбекті өсірді.
Шынаркүл жалғыз ұлы Қайыпбектен айрылғаннан кейін тіршіліктің бар қуанышынан айрылып, құлағы естімейтін болады. Жазушы Шынаркүлдің монологтары арқылы бейнесін аша түскен. Отан соғысы жылдарында аянбай еңбектеніп маңдай терін төккен жан. Ер азаматын майданда жоғалтып, бейбіт өмірде қапыда ұлынан айрылған ана шерін Мұқаңа қарап айтады. Құлағы естімеген шерлі ана қарсы алдындағы замандасының сөзін естімесе де жүрегімен сезіп, өзі ғана сөйлеп отырады. Мұқа шалдың Шынаркүлдің сөзінен қатты ұялуы да адамдардың бойындағы түрлі қарым-қатынасты анық көрсетеді. Шығарма кейіпкерлерімен бірге ой түйдіреді.
Тынымбай Нұрмағанбетовтың тағы бір балаларға арналған повесті «Он төрт жасар жігіт». Ұлы Отан соғысы басталып, елден азаматтар майданға аттанғанда балалық шақты ауыр еңбекке айырбастаған жас балалардың іс әрекеттерінен әке, ағасына еліктеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты көруге болады.
Басты кейіпкер Қияс тары егу диханшылықтың қыр-сырын әкесінің қасында қолқабыс етіп жүріп үйренген. Қиястың әкесі соғыстың келесі көктемінде майданға аттанып, анасы төсек тартып жатқан соң, егіс басындағы барлық жұмыс өзіне қалады. Кішкентай інісіне де қамқор бола біледі. Ауыр еңбектерге төзімділік танытады.
Қаламгер әңгімесінде он төрт жасар Қиястың балалық мінезінен гөрі ересекке тән жауапкершіліктің қай-қайсысын да көтере білетін еңбекқорлық бейнесі тұлғаланады.
Әңгімеде Айбол осы ауылдағы білікті диқандардың бірі болатын. Соғыс басталған соң шалдың наразылығына да қарамай бригадир етіп сайлады.
«Бригадир анадайдан сөйлей келді.
– Айналайын Қиясжан, жаңа жер бой бермей жатқан болар. Сөйтеді. Қайтесің енді. Қайыпбектен көріп, көкейге түйіп қалғаның бар ғой. Айналайын, енді сендерге де сенім артып жүрміз. Артпағанда шарамыз қанша. Ер-азаматтан ауылда кім қалды? Ешкім де қалған жоқ. Қайыппек кеткен күннің ертесінде егістік жерлерді жалғыз өзім аралап жүріп, қамығып ағыл-тегіл жылап алдым».
Еңбекке жарамды азаматтардың майданға аттанған соң, тарының алғашқы суын беру өте ауыр екенін қарт бригадир жақсы біледі. Көңілі босап жылаған қарт дихан ауыр еңбекті балаларына амалсыз табыстаған еді.
«Қияс биыл он төртке енді толды. Бірақ дене бітімі он төрттегі деуден гөрі он алты-он жетіге келіп, буыны беки бастаған бала жігіт деуге бейім еді. Жасынан-ақ ірі, әкесі сияқты бейімі бар және тындырымды болды. Сондықтан болар, үй ішінің сиыр арқандау, шөп орып тасу, ертелі-кеш мал жайғау сияқты жұмыстарын Қияс атқаратын. Ал соңғы екі-үш жыл бойы Қайыпбек баласын жанынан бір елі тастаған емес. Тары суарса да, қауын ексе де, кішкене кетпенін иығына салып Қияс қабатында жүрді. Жұрт: «Қайыпбектің баласы ер жетіп қалды. Баланың кәдеге жарап, бір қолыңды екі еткені осы да» деп сөз ететін болды».
Қиас ауыр еңбекке еш жасымай өзін ер жеткен азамат ретінде ұстауы бүгінгі жастарға үлгі болары анық. Әкесі баласын қасынан тастамай ертіп жүріп еңбекке үйреткені үлкен тәрбие болды. Қияс өзінің әр іс-әрекетін әкесіне ұқсатып орындады. Егістің ауыр жұмысына төтеп беріп, қатты шаршаса да анасына білдірмеуге тырысты.
Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Он төрт жасар жігіт» атты әңгімесі соғыс кезіндегі ауыл өмірін көзге елестетеді. Бұл шығармада баланың соғысты қалай қабылдағаны және сол соғыстың басқа салған нәубеті арқылы қалай есейгені әсерлі бейнеленген. Әңгіме «ширақ, шымыр жазылған» деген Б. Ыбырайымның пікіріне біз де қосыламыз. Әкесі соғысқа кеткен Қияс балалықты тастап көкесінің орнына тары суарып еңбек етеді. Осы кезеңнен бастап ол есейеді. Өзінен кіші бауыры Сауытқа өзінше қамқорлық жасап аға болады. Күн тас төбеде шақырайып тұрған ыстықта кетпенін иығынан тастамай егіс даласында жүгіріп жүріп ол інісін де ойлайды. Бір ауық ағаштың көлеңкесінде дем алып отырып: «Ары-бері жүріп, ыссылап шаршайтын шығар. Қазір не істеп жатыр екен өзі» деп өзіне ас-су әкелетін інісі Сауытты аяйды. Ауру шешесі Төржанды да бір сәт көңілін көтерсем дейді. Қандай жұмыс істесе де, ол әкесіне еліктейді. Іштей өзін-өзі әкесіне ұқсатып содан кәдімгідей күш алып: «Құдай біледі, мен қазір көкемнен айнымаймын. Топырақ тастауым да тіпті аумайтын болар. Бәлкім, сырттан қараған біреу «мынау Қайыпбек емес пе? Сол ғой, бәтір-ау» деп таңырқаған да болар еді», – деп бала көңілімен өзіне-өзі риза болып ісіне құлшына кірісуінен, қимылын үдете түсуінен де оның еңбекқорлығын көреміз. Әке орнын жоқтатпауға тырысқандығы психологиялық жағынан шынайы берілген.
Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы шығармалар арқылы оқушылар тарихты біледі. Отанды қорғау үшін жақсы оқып, еліне еңбек етуге тәрбиелеу жолын қалыптастыру маңызды.
Салтанат ҮСЕНБАЕВА,
ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты