» » » Тәлімді ұрпақ – кемелді келешегің

Тәлімді ұрпақ – кемелді келешегің


Түсінген жанға ұрпақ тәрбиесі өте үлкен ұғым. Ұрпағы тәрбиелі қауымның-ұлысы мықты, іргесі берік, шаңырағы биік, түлігі түгел, берекесі баянды, тірлігі байсалды болады. Бұл әлдеқашан дәлелденген аксиома.


Сондықтан да атамыз қазақ ұрпағының баянды, байсалды, байыпты, иманды болуына қатты мән берген. Тіпті бұрынғы бабаларымыз «Иә, Алла, бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» дейді екен. Осыған қарағанда халқымыз санасыз ұрпақтан үміт күтпеген, оның барынан жоғын жөн көрген. Бұрынғылар көп айтатын «ілгері кетткеннің иті оттайды, кейін кеткеннің келіні ұрлық қылады» деген бір ауыз сөздің астарында атан түйе тарта алмас жүк жатыр.
Маман педагог-психологтар «Ұлттық тәрбиенің өзегі-отбасы. Өйткені сәби бала көзін ашып көргенін қайталаумен тәрбиеленеді. Отбасында рухани-имани дұрыс тәрбие көрген бала қоғамға пайдалы. Ол ісіне ие, сенімді, жігерлі болып өседі. Ал алдау, арбауға ұшырап, қағажу көріп өскен бала жігерсіз, сенімсіз, іс-әрекетте тұрақсыз болады» дейді.
Дана халқымыз «жаста берген тәрбие, жас қайыңды игендей» дегенді бекер айтпаса керек. Сол сияқты ерте дәуірде өмір сүрген үлкен ойшыл Аристотельдің «Сәби ол-таза тақта, не жазсаң, соны оқисың» деуі қазақтың жоғарыда айтылған ақыл таразысымен үндесіп жатыр. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейтін құнды тәмсіл бар, яғни баланың отбасы, ошақ қасында көрген тәрбиесі мен үйренген өнегесі оның өмірлік ұстанымына айналады. Отбасынан әбес қылық көріп өскен бала үлкейгенде соны жасайды. Бұл талас тудырмайтын жайт.
Кішкентайынан үйінде көп кітапты көріп өскен бала өмірінің алғашқы жылдарынан-ақ кітапқа қызығушылық танытады. Барлық бала ата-анасына немесе қасында болған жандарға еліктеп, олардың күнделікті істеген істерін қайталайды. Бала өзін жабыққан сәтте жұбататын, уақтылы тамағы мен киіміне көңіл бөлетін, ауырғанда қарайтын сенімді біреудің әрқашан қасында болуын қалайды. Кейін ол өзін түснетін, сүйетін, қолдайтын әке-шеше тұлғасына ойысады. Сенім аясында өскен бала жасөспірімдік шақты да жеңіл әрі қиыншылықсыз өткереді. Бала тәрбиесі сабырлықты, ең бастысы, өнеге бола білуді керек етеді. Ол үшін отбасыңызда ұлттық, қоғамдық, діни құндылықтарды жоғары ұстаңыз.
Сол сияқты ежелгі көшпенділер ұғымында көнеден келе жатқан мынадай өсиет бар. Дана жұртымыз: «Балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, он екі жасқа дейін құлдай жұмса, он екіден асқан соң өзіңмен тең көр» депті. Яғни баланы бес жасқа дейін бетінен қақпай еркін өсір, ол еркіндіктің, ерліктің үлгісін үйренсін дегені. Өйткені сәби күнінде қағажу көрген бала тайында жаншылып мінілген жылқы сияқты жігерсіз келеді. Ал он екі жасқа дейін «құлдай жұмсау» ұғымы тіпті терең. «Бейбіт күнде көп тер төксең, майданда қан аз төгіледі» деп атақты жиhангер-қолбасшы Шыңғысхан айтқандай, қазақтар баласына отау құратын он үш жасқа дейін өмірдің ойы мен қырын, жыры мен сырын үйретіп үлгеретін болған. Бала отау иесі жасына жетті. Оны ел егесі, жер иесі, халықтың бары hәм нары ретінде сезіндіру үшін әке баласын өзімен тең көреді, бірдей ұстайды, қарт қыран сияқты бірге ұшып, бірге қонып жүріп баулиды. Осы үрдіс бұзылмаса, бала үшін әкеден асқан асқар тау, әкенің иығынан биік шың болмайды.
Отбасынан өнегелі тәрбие көрген ұрпақ қоғамның ұстыны іспеттес. Тіпті адамзаттың абзалы Мухаммед пайғамбар өз үмбетіне қаратып: «Сендердің арттарыңа қалдыруға тиіс ең құнды дүниелерің – мал-мүлік, қазына байлық, алтын – күміс емес, ұрпаққа үйреткен өнегелі тәрбиелерің» деген екен.
Сол сияқты халқымызда «қызға қырық үйден тыйым» деген өте мәнді ұғым бар. Бұл да сол ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтылған құндылық. «Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол» дегендей қыздың тәрбиесін ата-анасымен бірге көршісі, оның арғы жағындағы іргеқанат қонған үйлер, одан қалды келесі қоңсылар, тіпті ең шеткі қырқыншы үйге дейінгі ауыл-аймақ бақылауы тиіс деген сөз бұл. Бұдан біздің түйетініміз – ұрпағы тәрбиелі халықтың болашағы зор болмақ.

Еразақ Тілеубергенов,
заң ғылымының докторы
11 наурыз 2020 ж. 561 0