Патриот – ұлттың перзенті
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде тұлғалық даралығы зор, табандылығы мол аға ұрпақтың арамызда жүргенінің өзі тағылым. Осындай азаматтар қатарында Өзгент ауылындағы №224 жалпы орта мектебі директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаратын Жетпісбаев Пардабай Мұхамедқазыұлын үлгі етумізге әбден болады.
Ол 1966 жылы 13 қарашада Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Орта Шыршық ауданында дүниеге келген. Осындағы №19 орта мектебінде білім алып, 1985 жылы әскер қатарына аттанады. Әскери өмірге машықтанып, Отанды қорғаудың қыр-сырын үйренуге барған бозбала майдан алаңынан бір-ақ шығады. 3 айлық әскери дайындықтан соң, жауынгерлер Ауғанстанның әр қаласына бөлінеді. Пардабай Мұхамедқазыұлы Ауғанстанның Чикчеран қаласындағы әскери полкке тап болады. Мұндағы жауынгерлер Пәкістан мен Иран шекарасында тыныштық орнату жолында аянбай күрес жүргізеді.
1987 жылы соғыс алаңынан елге қайтады. 2004 жылы отбасымен Қазақстанға қоныс аударып, атажұртта өсіп-өніп бүгінде үлкен шаңырақ иесі.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1988 жылдың 28 қаңтардағы бұйрығына сәйкес «Қарулы күштердің 70 жылдық» мерейтойлық медалімен марапатталған. «Отан қорғаушы» медалінің иегері. Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл, 25 жыл, 30 жыл ордендерімен марапатталды.
Ортамызда жүрген майдангер азамат өзінен кейінгі жастарды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек қателеспейміз.
Сұрапыл соғыстың салдарын сипаттап, жауынгерлердің өлшеусіз ерлігін насихаттау мақсатында мектебімізде жыл сайын Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер, аудандық көлемде спорттық сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Жақында осы тақырыпта өткен шараға аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қуаныш Абилакимов, Жаңақорған кенті мен Қожакент, Ақсуат, Жаңарық ауылдарынан әскери жорықтың ардагерлері бас қосты.
Мектеп оқушыларына Ауған соғысы туралы мәлімет беріліп, қаһарман бауырларымызды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Өзгент ауылдық округінің әкімі Жанұзақ Мырзабаев пен мектеп директоры Қыдырқожа Үсенов ардагерлерге деген құрметтің арта беретін, батырлардың ерлігін насихаттау, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында жыл сайын ауқымды іс-шаралар ұйымдастырыла беретіндігін айтып өтті.
Өз кезегінде сөз алған соғыс ардагерлері сұрапыл жылдарды еске алудың өзі ауыр екенін айтып, келешек ұрпақтардың ешбір соғыс көрмей бейбіт заманда өмір сүруін тілейтіндіктерін білдірді. Жастарды Отанымыздың патриоты болуға, әскерден қашпай ел алдындағы борыштарын өтеуге шақырды.
Мектептің өнерпаз оқушылары әннен шашу шашып, отты жылдарды суреттейтін өлең жолдарын арнады.
Кездесу соңы спорттық сайысқа ұласты. Білім қызметкерлері арасында волейболдан аудандық турнир ұйымдастырылып, І орынды Жаңақорған аграрлы колледжі, ІІ орынды №163 жалпы орта мектебі иеленсе, жүлделі ІІІ орынды №192 жалпы орта мектебінің командасы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен қатар, медаль , арнайы кубоктарпен марапатталды.
Азаматтық борышқа адалдық танытып, сын-қатерде халық қорғаны атына сай қайратынан танбаған қайсар ұландардың ерлігі елге үлгі.
Мөлдір Жүнісова,
№224 жалпы орта
мектебініңмұғалімі