"Оң босағада отырған қыз" деп не үшін айтылады?
Қыз намысын өз намысынан жоғары бағалаған қазақ халқы ұлдың тәрбиесiне қарағанда қыздың тәрбиесiн ерте бастаған. Бұрындары көргендi әжелерiмiз жүктi анаға қарап құрсағындағысының кiм екенiн болжап бiлген. Егер құрсағына бiткен қыз бала болса, оған басқаша қырымен қарап, көп нәрседен тыйып отырған. Қыз баланың тәрбиесi қиын да нәзiк болады. Сондықтан да оны құрсақта жатқанда тәрбиелеу керек деп пайымдайды. Қыз баланың дүние есiгiн ашқан кезiнде де тәрбиенi қаталдата түскен. Оның сәби екенiне қарамастан жалаңаш жүргiзбеген. Бұты былғанса, ер адамның көзiнен таса жерде тазалаған. Мұның өзi қыз балаға берiлетiн тәрбиенiң бастауы. 2-3 жасқа келген қыз бала өз табиғатына тартып қуыршақ ойнап, үй жасауға әуестенедi. Жылтырақ заттарға, қызылды-жасылды киiмге қызығады. Осы тұста қыз балаға арналған жаңа бiр қуаныштың сәтi түседi. Ол – қызша киiндiрiп, құлағын тесу. Қыз балаға алғашқы жасалатын дәстүрлердiң бiрi «құлақ тесу». Құлағын тесетiн күнi қыз балаға қос етек көйлек, кестелi камзол, үкiлi тақия кигiзедi. Ауыл әйелдерi түгел жиналып, ең қолы жеңiл деп танылған әйелге жол бередi. Құлақ тесудiң де екi түрлi әдiсi болған. Оның бiрi – күмiс инемен тесу, екiншiсi – тарымен тесу. Күмiс инемен тескенде иненiң ұшын қыздырып, әбден салқындаған кезде бала сезбей қалатындай шапшаңдықпен тесiп, орнына жiңiшке жiбек жiп не болмаса жiңiшке күмiс сым өткiзiп қояды. Инемен тескен жер әбден жазылып, жiптiң не күмiс сымның орны бiтелiп қалмайтындай болған кезде жеңiл сырға тағылады. Ал тарымен тесу ұзақ уақыт алса да оны бала қызық көредi, кейде өзi-ақ тесiп алады. Ол үшiн ақталған тарының екi түйiрiн құлақтың сырғалылығының екi жағына тұспа-тұс келтiрiп қойып, бас бармақпен сұқ саусақтың арасына салып жайлап уқалайды. Шемiршегi қатпаған уыз ет пен терiнi екi түйiр тары лезде тесiп шығады. Мұнда құлақтан қан да шықпайды. Тесiлген жерге жiбек жiп не жiңiшке күмiс сым, кейде тiптi жеңiл сырғаның өзiн өткiзiп тастайды. Ұл мен қызды ежелден қос көзiнiң қарашығындай санаған халқымыз қыз балаға арналған бұл қуанышқа ақтарыла қуанып, ұлан-асыр той жасайтын. Бұл қыз баланың өмiрiндегi өзiне тән дара қуаныштың алды. Ежелгi салт бойынша, қыз бала он екiге толғанда үйдiң оң босағасынан орын берiп, өзiне тиесiлi киiм-кешек, көрпе-жастығы мен жатын орнын шымылдық құрып көлегейлеп, бөлектеп тәрбиелеген. Бұл «қызды оң босағаға отырғызу» деп аталады. Ал оны бүркеп, көлегейлеп тұрған үлкен перде «шымылдық», ал шымылдық iшiндегi қыздың орны «көсеге» делiнген. Қыз бойжетiп ұзатылғанда, көсегесiн жасаумен бiрге алып кетедi. Халықтық бата-тiлектерде «көсегең көгерсiн» деген сөз содан шыққан. Қазақ халқының қыздарды жастайынан оң босаға отырғызуының үлкен ғылыми негiзi бар. Бұл салт қыздардың дербес өмiр сүру қабiлетiн жоғарылатады. Болашақ отауды қалай ұстап, қалай басқаруды, шаруашылық iстерiн қалай реттеп, қалай жөнге салуды үйретедi. Еңбекшiлдiкке, iскерлiкке тәрбиелеп, болалшақ ана, ошақ иесi болуға бейiмдейдi. Сондай-ақ болашақ отбасы мен ұрпағы алдындағы жауапкершілік сезiмiн арттырады. Әлемдегi сұлулықтың көркем үлгiсiн ару қыздың тал бойынан көрудi көксеген қазақ халқы «Қыздарды отаулау» дәстүрiн де қатаң ұстаған. Қалыптасқан салт бойынша, бойжеткен қыздар ұзатылуға таяғанда жағдайы бар адамдар қыздарына арнаулы жеке отау тiгiп, бiр жеңгесiн қосып бөлек шығарып қояды. Қазан-ошағын, ыдыс-аяғын толықтап, жетерлiк азық-түлiгiн әзiрлеп бередi. Мiне, бұл «қызды отаулау» деп айтылады. Бөлек отауға шыққан қыз әр күнi ерте тұрып, кеш жатып, өз алдына дербес қазан-ошақ ұстап, қонақ қабылдап, болашақ отаудың түрлi жұмыстарының қыр-сырымен алдын ала танысып, анасынан үйренген және көрген-бiлген үлгi-өнегесiн пысықтап, отбасына қажеттi кем-кетiгiн толықтайды. Қызды отаулау ата-ана тәрбиесiн назарынан өткiзiп, қыздардың дербес өмiр сүру қабiлетi мен болашақ отаудың қандай да шаруасын қымсынбай, қиналмай iстеп кетуiне мүмкiндiк жасайды. Қыздардың еңбекшiлдiк, iскерлiк қабiлетiн жоғарылатады. Болашақта үлгiлi, өнегелi, iскер де iсшең ана болуына тамаша негiз қалайды.
Ләззат Ахметова,
ERNUR. KZ
ERNUR. KZ