№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өңірмен аттас ата басылым оқырманмен жүздесті

Өңірмен аттас ата басылым оқырманмен жүздесті


Алаштың анасы атанған Сыр бойының төл басылымының – 90 жылдық мерейтойына орай және баспасөзге жазылуды насихаттау мақсатында өңіріміздің аға газеттері болып саналатын «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеті бас редакторлары Қуат Шарабидинов пен Қазбек Ботаев бастаған шығармашылық топ аймақтың барлық аудандарын аралап, оқырмандармен кездесу өткізіп келеді.


Бейсенбі күні Жаңақорғанға ат шалдырған арнайы топ алдымен аудан әкімінде болып, емен-жарқын дидарласып, алда атқарар бағдарлар жөнінде байыпты пікірлермен бөлісті.
Аға басылымның басқалардан бәсі басым, ойы озық, деңгейі биік болуы жергөгінде ұлт қайнарының уызына жарып, тамыры тереңге тартқан сырлы шежіренің сарқытын саналарда қайта тірілткен сабақтастықтың нәтижесі. Осы үрдісті ұлықтаған шығармашылық ұжымның сүйікті оқырманымен бетпе-бет қауышуға асығуының астарында осындай асыл мұрат жатыр.
Елмен тығыз байланыста болған басылымның таралымы артары анық. Осы орайда қаламгерлер аудан орталығындағы қасиетті қарашаңырақ – кітапханада ел зиялыларымен және жас оқырмандармен кездесті.
Жиында сөз алған «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов бұқаралық ақпарат құралдары алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Сыр журналистері «Ақпараттық Қазақстан – 2050» бағдарламасын басшылыққа алып қазіргі заманға лайық ақпараттық-мәдени ортаны құруға шама-шарқынша шынайы еңбек етіп келеді.
Бұған дейін республикалық басылымдарда, БАҚ-тың түрлі салаларында жұмыс атқарып, тәжірибе жинақтап қана қоймай, жүйрік ой, жүрдек қаламымен танылып, оқырман жүрегінен өз орнын белгілеген таңдаулы қаламгер басшылыққа келгелі үнжарияның көркемдік қуаты артып, ажары айшықталып, тегеурінді талапшылдықтың тезінен өткен тамырлы тақырыптар қалғыған сананы да селт еткізіп, терең сырына бойлатар бағытқа бет бұрғанына көзі қарақты оқырман ретінде куәміз.
Шығармашылық әлеуетті және инновациялық қызметті ынталандыру талабы бәсекеге қабілеттіліктің басты өлшеміне айналған қазіргі уақытта өлке басылымдары осы биіктен көрінуі тиіс. Бұл бағытта қандай тақырыпқа қалам тартса да нақтылық принциптерге негізделген әділ сөз, әлеуетті ұстанымынан бір танбай келе жатқан «Кызылординские вести» газетінің де бет-беделі «Сыр бойынан» бір де кем емес. Өйткені екеуінде де өзіміз өсіп-өніп жатқан өңірдің қанатты жобалары, болашаққа жарқын үмітпен қадам басқан елдің тарихы қатталып, тасқа басылып қалып жатыр. Мүмкін, мерзімді басылымдар бізге сол үшін ыстық, сол үшін қымбат. Бүгінде күнбе-күнгі жаңалықтарды оқырманға жеткізудің түрі де, тәсілі де көбейді. Бұл туралы түсінік берген Қуат Шарабидинов әлеуметтік желілерде қаптаған блогердің бәрін бірдей кәсіби журналиспен шатастыруға болмайтынын, бұл ретте газетте жарияланған төлтумасындағы әр цифрға, әрбір сөзге жауап беретін жауапкершілігі биік, қоғамда орнықты көзқарас қалыптастыруда ашықтық пен жариялылық қағидаға негізделген мәртебелі имиджіне мін түсірмеуге тырысатын қалам егелерінің қадірі биік тұратынын да айтып өтті.
Жаңақорғандық оқырмандарға қос аға басылымның әр санында қолтаңбалары айрықша журналистер Нұрмахан Елтай мен Мақсұт Ибрашевтың орны бөлек. Бұл екі қаламгер де қашанда қайнаған өмірдің ортасынан табылып, кейіпкерлеріне кемел көрік беріп, оқырман ойында ұмытылмастай әсер орнықтыратын терең ізденістің адамдары. Сондықтан да жазғандары жәй баяндау емес, адам, қоғам, заман тынысынан ақпар беретін ақиқатымен құнды.
Сөз қуаты – қоғам дамуына да тірек. Осы тұрғыда қос қаламгердің қолына қалам ұстап, талай тақырыптарға батыл барып, билікке сөзін өткізуі арқылы кешегі кеңестік кезеңде де мемлекет қаржысын ауыл халқы игілігіне бағыттауда бастамашыл бола алғандығына мысалдар жетерлік.
Газет оқырмандары атынан сөз алған ел ағалары Ізатулла Нәрзілдаев, Серік Мұсабай, Ерубай Қалдыбек туған жер басылымының туын жықпауда жан тазалығын тірек етіп, қасиетті қаламға адалдығынан танбаған жазарман ағайынға алғаусыз тілектерін жеткізді.
Өңірдің экономикалық жай-күйін жете зерделеп, сараптамалық-талдамалық материалдарымен өлкедегі өркенді өзгерістерді жеткізіп қана қоймай, қарапайым еңбек адамдарына кәсіби бағдар беруде де бай әлеуетке ие жүйелі ізденістерімен жүректерге жол тауып келе жатқан журналист Ыдырыс Тәжіұлының да тұрақты оқырмандары қалыптасқан. Газеттің аға тілшісі Айнұр Баттал мен Мейрамкүл Дауылбайқызының жазған дүниелерінен білім мен мінез байлығы қатар танылып тұратын интеллектуалды таным-талабына көпшілік құрметі жоғары. Бүгін жүзбе-жүз кездескен жазармандар жастардың қойған сауалдарына да жауап берді.
Кездесу қорытындысында орталық кітапхана директоры Әсем Тілеубергенова қаншама жылдарғы газет сандарына егелік етіп, оқырманға ұсынуда қасиетті орынның қалтқысыз қызметіне тоқталды. «Құрмет» кітабына Сыр журналистері қолтаңбасын жазып қалдырды.
Мұнан әрі қаламгерлер тобы аудан орталығындағы №3 мектеп-интернатында болып, оқу ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігіне куә болды. Мектеп директоры Ләззат Нәлібаева білім ошағындағы жаңа технологиямен таныстырып, жаңартылған білім мазмұнына көшкен педагогикалық ұжымның кәсіби құзыреті бағытында баяндап берді. Одан әрі Жаңақорған агротехникалық колледжінде кәсіби маман даярлауда дуальды оқыту процесі аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде колледж басшысы Жомар Шәуенов тың бастамаларымепн бөлісті.
Адам капиталы ауылмен баийды. Осы орайда аймақ тынысының алқасы ауыл тіршілігіне тұрақты айдарлар ашып, еңбек адамының құқының әділ де, тиімді қорғалуын басты назарға ұстап келеді. Елге сапарында еңбек ұжымдарының хал-күйімен етене танысуды мұрат еткен төртінші билік өкілдері Қыркеңсе ауылындағы Серік Мырзабаев басқаратын «Бекарыс-Агрофуд» ЖШС-де болып, мал бордақылау кешені және мал сою пунктінің жұмысына жан-жақты көңіл қанықтырды.
Адам жанын тереңнен сезіну, болмыстың табиғи қалыбын түйсіну-қаламгерге қажет басты қағида. Осы бағытта елге арнайы келіп, өз оқырмандарымен емен-жарқын кездесу өткізіп, халықтың көкейінде жүрген арман-тілегін тыңдап, алғы күнге тағылымды тақырып, тың идея, мазмұнды мәселелерді таразылай білген жазарман қауым жүрегінде Жаңақорған тек жылы әсерімен қалды деп ойлаймыз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
26 қазан 2019 ж. 662 0