№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Меккедегі Қағбаның көне қисуа кесіндісі Қожакентке қалай келген?

Меккедегі Қағбаның көне қисуа кесіндісі Қожакентке қалай келген?

Белгілі блогер, "Сыр бойы" облыстық газетінің тілшісі Ержан Қожас Жаңақорған ауданынан адамзаттың асылы, Пайғамбарамыз Мұхаммед (с.ғ.с) үстіне жапқан киелі жабудың бір бөлігін тапқанын сүйіншілеп, syrboyi.kz сайтына мақала жазыпты.

Жаңақорғандамын. Дұрысы, Қожакент ауылындамын. Жаңалық құмар тілші қауымның мұнда жүруі кім-кімге де таңсық емес. Рухани құндылықтың бастап­қы ізі ауылға апаратынын ескерсек, менің бұл сапарым көнекөздер айтар ескі әңгіме мен жылдар бойы сақталған жәдігер іздеп жүргенімді айтпай-ақ айғақтап тұр. Міне, іздеген мекен-жайға да жеттім. Қарсы алдымнан шыққан өзім қатарлы жігіт үйге қарай бастай берді...
Бөлмеге кіргенімде қабаттала салған қалың көрпеде жатқан шынашақтай ғана әжені көрдім. 103 жасқа келген кейуананың тіршілік толқынында тартпаған бейнеті жоғын жүзіндегі қатпарлы әжімнен-ақ байқай беріңіз. Жиырма бес жасында жесір қалған келіншектің үш баланы қиындықпен адам қылуы өз алдына бөлек әңгіме. Ұл-қызын көрінгеннің есігіне жаутаңдатпапты. Жаратқаннан басқаға жалынбапты. Қара еңбегінің арқасында кісіге де қол жаймаған. Көз сүзген көк аттыға «тәйт» деп, бұйыр­ған несібесін ел ішінен теріп жегенін қожакенттіктер жыр қып айтады. Отағасы Әбсеметтен жастай қалған Әсия ананың өмірі аңызға бергісіз еді.
Айтпақшы, біздің ғасыр жасаған анаға келуіміздің өзі басқа тақырып болатын. Тілшілік сапар барысында әженің қолында Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с)үстіне жапқан киелі жабудың бір бөлігі тұр дегенді естігенбіз. Көрінген қол тигізуге бата алмайтын кие­лі тәбәріктің барын сол ауылдың үлкендері болмаса, кейінгі буынның көбісі бұдан бейхабар.
Қош, пайғамбардан қалған жәдігер Жаңақорған жеріне қалай келді? Соны баяндасақ. «Жасы келген әжені қалай сөйлетем, қалжыратып, шаршатып алармын» деген қорқасоқ ойдан құтқарған келіні Ұлпан апа болды. Мектепте мұғалім болып, зейнетке шыққан, бүгінде 60-тан асып, балаларынан немере сүйген Ұлпан Әбдіразақова қасиетті пайғамбар жабуының тарихын көсіліп айтып шықты.
– Енемнің айтуымен баян­дайын – деді ол дас­тарханға келген асты ал­дымыз­ға ысыра беріп.   – Арғы атасы Алымжан қажы Меккеге қажылыққа 3 рет барып, соңғы сапарында сүйегі сонда қалыпты. Оның ұлы Сүлеймен ата қажылық сапарында сол жақта ұзақ сақталған, ­Мұхаммед пай­ғам­бары­мыз­­дың үстіне жапқан матаның бір кесіндісін елге алып келген. Бес уақыт намазын қаза етпей, болмысына дақ жуытпаған сол атамыз әкелген матаны баласы Мұхамеджан қажыға аманаттаған. Мұхамеджан атамыздың ұлы Әбдікерім пайғамбар жабуының ке­сіндісін сақтап келіп, өзінің қызы, менің енеме қалдыр­ған. Есептеп көрсек, бұл матаның елге келгеніне екі ғасырдан асқан сияқты.
«Дін – апиын» деген кеңестік заманда мұндай қасиетті бұйымды сақтаудың өзі тым қауіпті еді. Үлкен бабалары қажы болып, текті, дәулетті әулеттің қызы атанған Әсия әженің аталар аманатына аса ­мұқият болғанына іштей сүйсінесіз.
Жоғарыда айтып кеттік қой. Ерден ерте қалған келіншек Әсияның күйеуі Әбсемет халық алдындағы азамат болғанға ұқсайды. Соғыс жылдары сол кезгі «Майдантал» колхозын басқарып, Жаңақорған же­рінде басшылық қызметтер істеген. Кенеттен келген қазадан Әбсемет қайтпас сапарға аттанғанда, қабыр­ғасы қанша қайысса да, еңсесін тіктеп, елмен бірге үш баланы жетектеп жеткізген Әсия ана болатын. Колхозда жұмыс істеп, «Сунақ ата» каналын қазыпты. Қайғының бәрін ысырып, балалары үшін әрбір істі ақыл мен сабырға жеңдіре білген ана күні-түні талмай еңбек еткен. Құдай берген сынаққа сынбай, келген бақты қорғасындай салмақпен бағалай білген әженің өткен өмірі көп қазақ әйеліне үлгі боларлықтай.
 – Бұл шаңырақ – осы өлкеге белгілі Төрежан ахуннан келе жатқан киелі орын. Әсия жеңгеміздің аталары да тектілікті ту еткен жандар. Жеңгей Әмина, Сапарбек, Құрбанәлі атты ұл-қыздарын ешкімнен кем қылмай жеткізді. Ұлы Сапар ағамыз қайтпас сапарға аттанса да, елге қызмет етіп кетті. «Қыркеңсе», «Келінтөбе» ауылдарында құрылыс нысандарын салды. Жаңақорғандағы су шаруашылығы саласында игі істермен көріне білді. Өз ауылымыздағы мектеп құрылысын жүргізген де осы Сапекең еді. Әу бастағы мамандығы құрылысшы болған соң, көп игілікті істің ұйытқысы бола білді. «Елге қызмет есеппен емес, жүрекпен жасалу керек» деген қағидамен жүретін азамат болды, – дейді Қожакент ауылының ақсақалы Мұқай Бұрханов.
Өзі жасынан ауыр еңбек көрген адамның бір орында тыныш отыруы қиын дейді. Тоқсаннан асқан шағына дейін бау-бақшаны өзі күтіп-баптап, отағын жұлып, қорадағы малдың күтіміне дейін өзі жайғаған Әсия әжені кенеттен шөктірген ұлы Сапарбектің қазасы болды. Әйтпесе, ауыл адамдарының айтатындай-ақ, «сүйегі асыл» қарияның бұған дейін көп жанкешті бейнеттің өзі қалжыратпаған.
Иә, қасиетінен таймаған қадірліміз көп. Ұрпағын елдік рухқа тәрбиелеген елдің болашағы зор екені тағы аян. Соның бір көрінісі еді бұл. Пайғамбардан қалған тәбәрікті тұтастай елге айтып қана қоймай, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізген Әсиядай ананың ықылым заманнан келе жатқан қазақ әйеліне тән қасиетін де қағаз бетіне түсіруге тырыс­тық.

Ержан ҚОЖАСОВ.
15 қазан 2019 ж. 791 0