№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбек ері ұлықталды

Еңбек ері ұлықталды


Шалқиядағы жиынға қарақұрым адам жиналды. Арасында Алматы мен Қызылорда қаласы, Түркістан облысының Созақ ауданы, Жаңақорған кенті, Сүттіқұдық, Жайылма ауылының тұрғындары да бар. Олар кезінде еңбектің көркін қыздырған «Социалистік Еңбек ері» Шоманбай Абжаловты ұлықтау үшін жиналды.


Шарада алғы сөз сөйлеген кент әкімі Әбдімәулен Сабырханов:
– Ауданның аяулы пезенті, Социалистік Еңбек ері, даңқты шопан Шоманбай Абжаловтың атындағы көшенің ашылу салтанатына жиналып тұрмыз, – деп бастап, атақты шопанның өмірі мен еңбек жолын баяндады.
Кешегі зұлмат соғыс жылдары бұғанасы қатпай, балалық бал дәуренін тәрік етіп, соғысқа кеткен аға-көкелерінің орнына тыл жұмысында жегілді. Соғыс біткеннен кейін мектепте қалған оқуын жалғастырды. Бір отбасының үлкені ретінде анасы мен бауырларына көмектесу мақсатында еңбекке ерте араласты. 1951 жылы өз алдына бір отар малды қабылдап, 1984 жылы Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққанша аянбай еңбек етті.
Абырой атақ бір күнде келмесі, бірден атақты шопан болып кету де мүмкін емес. Бәрі де жылдар өте тәжірибе жинақтаумен келеді. Міне Шоманбай осы жолдың бәрінен өтті. Қиындық қайталанған сайын қатуланды, күш жинады, тәжірибесі артты. Мал басын аман сақтап, төл алу мен жүн өткізуден жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл көрсеткіш соңғы екі бесжылдықта төмендеген жоқ. Араға жылдар салып абырой мен атақ та келе бастады. Шопан Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің Алтын, Күміс медалімен марапатталды. 1971 жылғы 8 сәуірде КСРО жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Социалистік Еңбек ері» атағы беріліп, кеудесіне «Ленин» ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі қадалды. 1984 жылы зейнет демалысқа шықты.
Одан кейін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мажит Балқожаев, қадірлі ақсақал Зинабдин Шермағанбетов, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Мейрамбек Ермахановқа сөз берілді. Сондай-ақ Әбутәліп Сүйіндіков, Ізәтілла Нәрзілдаев, Әлібай Айдарбеков, Айдар Әуезбеков, Сәулебай Қалыбаев көпшілік алдында Шоманбай Абжалов болмыс-бітімі, қабілет-қарымы жайында сөз етті.
Шоманбай ағаның еңбекқорлығы, адами қасиеттері туралы толғана сөйлеген Мейрамбек Ермаханов мына оқиғаны еске алды: «1987 жылдың қысында сол кездегі Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековпен бірге облыс малшыларын араладық. Осы сапар барысында қаншама малшылар қосынында-қыстауларда болып шопан қауымының тұрмыс-тіршілігімен толық танысып қайттық. Сонда қайтар жолда Еркін Нұржанұлы қиындығы мол малшы еңбегі туралы: «Қысы жазы тыным таппайтын шопан еңбегі туралы бабаларымыз «Егіншінің жұмысы қырманын көтергенде бітеді, малшының жұмысы өлгенде бітеді», – деуінің өзінде қаншама шындық бар. Расында егінші бір жылда 5-6 ай бейнет шегіп қана атақ-абыройға бөленіп жатады. Ал мына малшы қауымның еңбегі мәңгілік бітпейтін шаруа. Ендеше кез-келген шопанның қолынан жетектеп апарып кеудесіне Отанның ең жоғарғы марапаты Еңбек ерінің орден-медалін таға беруге болады».
Жиын барысында ауданның «Құрметті азаматы» Ибадулла Байқожин ақсақал батасын берсе, ауыл имамы аруақтарға арнап Құран бағыштап, соңынан көше аты жазылған ескерткіш-белгінің жамылғысы сыпырылып, лента қиылды. Салтанатты шара соңында орталық мешітте ас беріліп, Құран оқылып естеліктер айтылды.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК
02 қазан 2019 ж. 1 081 0