№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Тұғыры биік тұлға


Сыр елінің атқамінері Қырымбек Көшербаев Мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалғанын естіп қуанып қалдық. Жалпы әлеуметтік желілерде Президенттің шешімін қолдағандар, қуаттағандар көп болды. Оның себебі де түсінікті. Қырымбек Көшербаев саяси тұлға ретінде мемлекеттік мүддеге қызмет етуден тайған емес. Қайта мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруда бастамашыл болып, елге етене жақын қызмет етеді.


Өз басым, Қырымбек Көшербаевтың есімін ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың тоғысқан кезінде естідім. Ол кезде елдің бас ұстазы ретінде білім ордаларын компьютерлендіруді қолға алған-ды. Интернет ұғымын таныстырды әрі игілігін көруде бастамашыл болды. Адами капиталдың маңызын терең түсініп, заманға сай білім берудің іргетасын қалауға үлес қосты.
Одан кейін Батыс Қазақстанға әкім болып ауысып, Орал қаласында жаңа қазақы атаулар пайда болуына ықпал етті. Республикалық басылымдарда онамастикаға қазақы өң берген әкімнің ісі батырлыққа баланып, дәріптелді.
Кейін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне ауысты. Онда да қарап отырмады. Ресейде Абай жылы аясында бас ақынның ескерткіші бой көтеруіне жұмыс жасады. 2006 жылдың 4 сәуірде Мәскеу қаласындағы «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылды. Ескерткіштің тұсауын сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин кесті.
Былтыр Қырымбек Елеуұлының қолдауымен Мәскеу қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысып қайттық. Сонда ескерткішке арнайы барып, оны салудың тарихын білдік. Бұл қызық әңгіме. Оған алдағы уақытта арнайы тоқталамын. Сондай-ақ ол Әлия Молдағұлова атындағы №402 гимназия ауласында батыр қыздың ескерткіші бой көтеруіне бастамашыл болады. Қазақстанда жасалған ескерткіш шекарада тоқтайды. Мұны естіген елші шұғыл іске кіріседі. Құзырлы органға Әлия Молдағұлова Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Отанды қорғаудың үлгісін танытқанын айтып, біздің осылай жүруіміз солардың арқасында екенін түсіндіреді. Осылайша Ә.Молдағұлова көшесінің бойында орналасқан білім ордасының алдына ескерткішті орнатып, салтанатты ашылуына қатысады. Мұны гимназия директоры Юлия Литвиновадан естіген едік.
Одан кейінгі жылдарда көз алдымызда. Маңғыстау облысының әкімі, Президент Кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болды. Сосын Сыр елінің тізгінін ұстады.
Іскер басшы, талантты менеджер ретінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына басымдық беріп, экономиканы әртараптандырды, шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетігін тапты. Қызылорда қаласында, аудан орталықтарында, елді мекендерде құрылыс қарқын алып, қаншама шақырым жол жөнделді, газдандыру жүргізілді.
Ең бастысы, сырбойылықтардың рухани-мәдени көкжиегі кеңеюіне басымдық беріп, тарихтану һәм тұлғатану бағытындағы конференциялар мен форумдар көптеп өткізіле бастады. «Парасатты поэзия» сынды ақын-жазушыларды дәріптейтін шаралар және республикалық, халықаралық ақындар айтысы, мәдениет саласы қызметкерлерінің шығармашылық потенциалын арттыратын байқаулар көбейіп, ақын-жазушылар мен өнер адамдарын шығармашылық тұрғыда қолдау өріс алды. Тарихи орындар: Қорқыт ата мен Әбжалел баб кесенесінің маңын көркейту, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, Сығанақ және Жент қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Яғни «Сыр – Алаштың анасы» атына сай болу жолында мәдениет, руханият, білім, спорт саласында тыңдырымды тірліктерге ұйытқы болды. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысының тарихында есімін айшықтап жазып кетті.
Енді Мемлекеттік хатшы қызметін атқарады. Әрине елдің ерекше ықыласына, жұрттың ыстық пейіліне бөленген саяси тұлға ұлттың тарихи санасын кеңейтіп, бәсекеге қабілетті қалыптасуында еңбек сіңіретіні анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықшыл бастамаларын сапалы орындауда тәжірибесі білім, білігін жұмсайтыны белгілі.
Озық отыздыққа бағыт алған бағдарлы жолда Қырымбек Елеуұлына сәттілік тілеймін! Бастамалары берекелі, істері іргелі болғай!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
21 қыркүйек 2019 ж. 627 0