№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » «Аң стилі» – Ұлы даланың ТЕҢДЕССІЗ ӨНЕРІ

«Аң стилі» – Ұлы даланың ТЕҢДЕССІЗ ӨНЕРІ

   Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды», – деп жазды.

  «Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көр­кем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған», – дей келіп, Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған Тәңіртауда ғана кездесетін Қар барысына тоқталады.
Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрық­ша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген.
Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнер­дегі биік белестердің бірі саналады.
Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану мұра­­жайының директоры Нәбихан Шалаповтың айтуынша, «Бесарық Талап ауылы маңындағы Күйгентай тауының маңынан «аң стиліне» жататын таңбалы тастағы суреттер табылған. «Түйенің, қабыланның, арқарлардың, тауте­ке­лердің суреттері бар. Әзірге біздің тапқанымыз осы. Төменарық тұсындағы Баласауысқан деген жерде оқушылар бір жартастан осы аң стиліне жататын таңбаланып салынған суреттерді тап­ты. Мұндай зерттеу ізденістерімізді қазба жұмыс­тарында әрі қарай жалғастырамыз»,–дейді мұражай директоры.
Көне тарихты зерделесек, біздің зама­нымызға дейінгі 1 мыңжылдықтан Қазақстан аумағын мекендеген тайпалар «сақ» этнонимі арқылы белгілі. Жазба деректер олардың қазіргі Қазақстан территориясының барлық аудандарын қоныстануы және олардың үш топқа бөлінгендігін хабарлайды. Олар сақтар –тигрохаудтар (шошақ бөріктілер), сақтар –хаомаварлар (хаома сусынын дайындайтындар), сақтар – парадайлар (теңіздің арғы бетін­дегілері). Осындай тайпалардың барлығы жақын этникалық мәдени бірлестік құрап, сақ тайпаларының құрамына кірді. Геродот сақтарды «азиаттық скифтер» деп атаса, Иран жазбалары «жүйрік атты турлар» деп атаған.
Олар 4-6 доңғалақты арбаларға орнатылған киіз үйлерде тұрған. Бастарына төбесі шошақ бөрік, үстеріне құрама белбеуден болған мата көйлектер, аяқтарына енсіз шалбар мен саптама етік киген. Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімі ежелгі сақтардың шеберлігінің жоғарғы дәрежеде дамығандығын көрсетеді. Көсемнің қамзолына фантастикалық бұғы мен бұлан тәрізді әшекей тігілген. Басында шошақ бөрік. Ескерткіштің бүлінбей сақталғандығы көсемнің киімдері мен жасау-жабдығын бастапқы қалпынан айнытпай жаңғыртуға мүмкіндік берді. Осы «Алтын адамның» өзі Қазақстан тарихын ғасырларға ұзартып қана қоймай, қолөнер бұйымдары мен әшекейінің, зергерлік өнерінің өте жоғары дамығандығын паш етеді. Сақ өнерінің басты ерекшелігі «аң стилі» деп аталған өзінше үлгідегі бейнелеу пішіні біздің заманымызға дейінгі VII-VI ғасырлардағы Орта Азия, Қазақстан, Сібір және Шығыс Еуропаның оңтүстігі тайпаларының арасында кеңінен таралған. Осыған байланысты Есік жерінен табылған сақ көсемінің қанжары «аң стиліндегі» шебер туынды саналады. Сақтардың қолданбалы сәндік өнеріндегі маңызды элементі ою-өрнек болып табылып, ондағы «аң стилі» өнерімен тығыз дамиды. Қазіргі Сыр өңіріндегі тері, ағаш, жүн материалдарынан бұйым жасайтын қолөнершілер де,киіз басып, текемет тоқушылар да өздерінің әсемдік-сәндік бұйымдарында осы «аң стилін» жиі пайдаланады. Киіз басып, кілем тоқушылар «қошқар мүйізді» жиі пайдаланады.
Қазақстанның Тұңғыш Президен­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарла­маларына сәйкес Қазақстанның түк­пір-түкпіріне ұйымдастырылған экс­пе­дициялар мен қазба жұмыстары мыңдаған жәдігерлерді тапты. Қазба жұмыстары кезінде ел аумағында табылған археологиялық жәдігерлер ежелде бұл жерде жоғары дамыған мәдениет болғандығын растайды. Табылған заттардың арасында құмыралар, қару-жарақ, ерекше алтын бұйымдар бар. Олардың барлығына жуығында зергерлік әсемдікпен аңдар мен тағылардың бейнелері салынған. Қазақстанның Алатауынан бастап, Ұлытау, Қаратау жартастарында таңбалы тастарда ежелгі адамдардың аулаған аң-құстарының бейнелері әлі күнге дейін сақталған. Мұндай жерлерге сапарлауға шетелдіктер қатты қызығушылық танытып отыр.
Мәселен, ҚР Ұлттық мұражайының қызметкері Әйгерім Бергенованың айтуынша, музейге келген шетелдік қонақтардың ешқайсысы алтын залды айналып өтпейді. «Қазақстанның тарихи өткеніне қызығушылық танытуы ежелгі сақтар мәдениетінің ескерткіштеріндегі «аң стилімен» де тікелей байланысты. Оны әрбір жәдігерден көруге болады. 1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімі 4 мыңнан астам әшекейлермен безендірілген», – дейді маман.
Айта кететіні, Жаңақорған кенті­нің МАИ бекеті аумағында сақ дәуіріне жататын 18 қорым бар. Олар жарты ғасыр бұрын ғарыштан түсірген суреттер арқылы белгілі болды. Аудандық тарихи-өлкетану мұра­­жайының директоры Нәбихан Шалаповтың айтуынша, қорымға зерттеу жұмыстарын «Отырар» мем­лекеттік-археологиялық қорық му­зейінің жанынан ашылған «Archeo-ser­vice» ЖШС жүргізіп, бір қапсырма, шегенделген алтын таспа бөлігі және киімге безендіруге арналған алтын сымдар табылған. Археологиялық зерт­теудің қорытындысы бойынша қазылған екі қорым тоналған деген тұжырымға келген. Дегенмен, бір жарым гектардай алқапқа орналасқан қорымның барлығын зерттегенде тың деректер мен тарихи олжалар табылатыны ақиқат.
Күні бүгінге дейін Қазақстан аумағынан төрт Алтын адам табылды. Бұл әлемнің ешбір жерінде орын алмаған құбылыс. Ендеше, біздің алдымызда әлі де Ұлы даламыздағы таңғажайып құбылыстар мен тың жәдігерлердің табылатын өңірлерінің картасы жасалып, оған кәсіби жорықтар мен қазба жұмыстарын жасайтын жаңа технологиямен жарақтанған археологтардың шығатын күндері алыс емес.

Ескендір ЕРТАЙ.

23 сәуір 2019 ж. 11 763 0