№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » БАУЫРЖАН ТҰРАБАЕВ, АНЕКДОТШЫ: ӘЗІЛ ШЫҒАРУ МАҒАН ӘДЕТ БОЛЫП КЕТКЕН

БАУЫРЖАН ТҰРАБАЕВ, АНЕКДОТШЫ: ӘЗІЛ ШЫҒАРУ МАҒАН ӘДЕТ БОЛЫП КЕТКЕН

  Бүгінде қазақы қалжыңмен көптің көңілінен шығып жүрген əзілкештер жетерлік. Солардың ішінде əзілімен де, айту шеберлігімен де тыңдарманын ұйытып жүрген өнерпаздың бірі – Бауыржан Тұрабаев. Оның өзгеден ерекшелігі – анекдот айтудың шебері. Жай ғана айтып қоймай оны өз жанынан шығарады. Мектеп қабырғасында, кейін колледжде оқып жүргенде КВН ойындарына қатысып, сол кездің өзінде сықақшылығымен көзге түскен Бауыржан кейіннен танымал анекдотшы болды. Айналадағы оқиғаларды қазақы қалжыңға айналдырып жүрген өнерпазбен əзіл төңірегінде əңгіме өрбіттік.


– Бауыржан, сіздің анекдот айту шеберлігіңіз ерекше. Мүмкін, қалжыңға жақындық қаныңызда бар шығар...

– Иə, отбасымыз өнерден құр алақан емес. Анам музыка саласында қызмет етеді. Нағашыларым да өнерге өте жақын адамдар. Жалпы, туған-туыстың көбінің аз-кем таланты бар. Қазір ара-тұра балаларымның да қалжыңмен қағытып қоятынын байқап жүрмін. Бірде ұлым мамасына келіп, «Қасыңа жатайын» деген ғой. Сосын мамасы «Қой сен дəу жігіт болдың ғой, ұят болады. Бұл жерге папаң жатады ғой» деп алдаусыратады. Сонда балам еш іркілместен «əкем менен де дəу емес пе» депті. Тағы бірде ұлым екеуміз теледидар көріп жатсақ, қызым келіп «Тоңазытқыштың астынан күрегімді алып берші» деді. Мен оны мамасына жұмсасам, оның да қолы босамай жатыр екен. Содан балам тыңдап жатып, «Енді ол күректі көшкенде бір-ақ алатын шығармыз» дейді ғой. Осылай балаларым да əзілдесіп қояды. Қанында бар ғой енді.

– Анекдотты қалай шығарасыз. Осыған арнайы уақыт бөлесіз бе?

– Жоқ, оны арнайылап іздемеймін. Көбіне айналамыздағы мəселелерге байланысты шығады. Соларды көріп, тігісін жатқызып қалжыңға айналдырамыз. Өмір дің өзінен алынады ғой. Əйтпесе, мақсат қойып жасайтын жұмыс емес. Күнделікті тіршіліктегі жайттардан құралады. Жалпы айтқанда, əзіл шығару маған əдет болып қалған ғой.

– Сізді Тұрсынбектің «Əзіл əлемі» театрының алғашқы қойылымынан көрген едік. Одан соң шықпай қалдыңыз...

– Мен алғашында Нұрлан Қоянбаевпен бірге жұмыс жасадым. Сол кезде сол театрды біз ашпақшы болғанбыз. Бірақ, Нұрлан Астанаға түбегейлі көшіп бара алмады да, кейіннен ол театрды Тұрсынбек қолға алды. Сөйтіп, алғашқы концертін беруге дайындалды. Нұрлан «Тұрсынбектің ең бірінші шығарылымы, басында біз бастадық қой, көмектесейік» деген соң, сапалы өтуіне атсалыстық. Содан ең бірінші қойылымына шығып, өнер көрсеткенмін. Одан кейін де Тұрсынбек шақырды, бірақ, бармадым. Театр болып жүргім келмейтінін айттым.

– Бір кездері КВН-де ойнадыңыз. Қазіргі жайдарманның əзілдеріне қандай баға берер едің? Көңілден шыға ма?

– Иə, бір кездері ойнадық. Əйткенмен бұрынғы, қазіргі əзіл деп бөлуге болмайды. Əр нəрсе өз уақытында. Біздің кезіміздегі қалжыңдар бүгін қойылса, көрерменге қызық болмауы мүмкін. Ал, бүгінгілер келешекте тартымсыз көрінуі ғажап емес. Себебі, қоғам өзгеріп жатыр. Халыққа өз заманындағы көрініс қызық. Қазіргі актуалды мəселе өз кезеңінде өтімді болады. Сондықтан бөле жармау керек. Ең бастысы, айтар ойы, сахна əдебі болуы керек.

– Анекдоттан бөлек тұтас сахналық көрініс, интермедия жазасыз ба?

– Егер сұраныс болса, жазуға болады. Бір кездері Жетісайдан шыққан «Витаминдер» деген топтың көріністерін мен жазып беретінмін. Ұсыныс болса, бас тартпаймын.

-Жүрген жеріңізде, ортаңызда көпшілікті күлдіруге тырысатын шығарсыз. Сондайда əзілдеймін деп адамдарды ренжітіп алған кезіңіз болды ма?

– Жоқ. Шынымды айтсам, мен біреудің жеке басын, жан дүниесін жаралайтын, арына тиетін əзілдер шығармаймын, айтпаймын. Ондай жағдай болған емес, болмайды деп те ойлаймын. Себебі, біреуді мысқылдау, келемеждеу өте жаман нəрсе. Бұл əзіл болып есептелмейді.

– Əзіл төңірегінде жүрген əртістерден, актерлерден кімнің шеберлігі ерекше ұнайды?

– Мен бөліп жармаймын. Маған қай кезде ұнайды? Кім ізденеді, тер төгіп еңбектенеді соны жақсы көремін. Қазір осы салада жүргендердің барлығы да өзінше ізденіс жасайды. Əрқайсысының ерекшелігі бар. Деген- мен, Тұрсынбек Қабатовтың еңбегін жоғары бағалаймын. Өте еңбекқор, ізденімпаз. Əзілдері де, шеберлігі де ерекше. Əзілкештердің ішінде риза болатыным осы Тұрсынбек.

– Сыр өңірінің тумасысыз. Қазақстанның əр облысын аралап жүргенде Қызылорда несімен ерекшеленіп тұрады?

– Жаңақорған ауданында туып- өстім. Қызылорда қашан да ыстық. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да солай. Барлық аймақты көрдік. Бірақ, біздің жердің негізгі ерекшелігі – сыңсып тұратын желі ғой. Одан бөлек Сыр елін несімен таниды? Біздің ақ күмісіміз – күрішпен таниды. Байқоңырдай ғарыш айлағымен таниды. Дегенмен, бір қызылордалық əлі ұшпады (күлді). Осындай бізді даралап тұратын ерекшеліктер бар.

– Енді сұқбат соңында оқырманға өзіңіздің бір анекдотыңызды айтып берсеңіз...

– Бір көні Қожанасыр кезегі келіп қой бағуға шығыпты. Сөйтіп түнімен ұйықтамаған Қожекең өріске барып, ұйық тап қалыпты. Содан таңғы алтыда шыққан қойлар жетіде қайтадан ауылға келген ғой. Кешке Қожекең оянса, 5-6 ешкіден басқа мал жоқ. Ауылға барса, шалдар алдынан күтіп алып «Қайда жүрсің. Айына бір келетін кезек қой, дұрыстап бақпайсың ба?!» деп шулап жатса, Қожекең «Маған не дейсіңдер, тойғанын тойғандай жіберіп отырдық қой» деп айтат дейді.



Сұқбаттасқан: Мəди ЖАСҰЛАНҰЛЫ. 


07 қараша 2018 ж. 1 487 0