Сахна сыртындағы сыр

Мәдениет – халықтың рухани тынысы, елдің еңсесін көтеретін асыл құндылық. Көпшілік мәдениет үйіне келіп, әсем ән тыңдап, әсерлі қойылымдарды тамашалап, көңілін сергітіп қайтады. Сахнада жарқырап көрінетін өнерпаздарға қол соғып, қошемет көрсетеді. Алайда сол жарқыраған кештердің, жоғары деңгейде өткен шаралардың артында көзге көріне бермейтін үлкен еңбек жатыр. Әр концерттің, әр қойылымның, әр кештің өз уақытымен өтіп, көрермен көңілінен шығуы үшін сахна сыртында тынбай тер төгетін мамандар бар. Солардың бірі –Таңшолпан Төреханова.
Ол – Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің жастармен жұмыс бөлімшесінің әдіскері. Таңшолпанды көпшілік танымауы да мүмкін. Ол үшін бастысы – өзінің көзге түсуі емес, сахнада өнер көрсетіп тұрған әртістердің жетістігіне іштей қуанып, сол кештің мінсіз өтуіне өз үлесін қосқанын мақтан тұтады.
Таңшолпанның негізгі міндеті – іс қағаздарын жүргізу, өткізілген шаралардың есеп-қисабын әзірлеу, ресми құжаттарды дайындау және мәдениет үйінде өтетін шаралардың шақырту билеттерін, алғыс хаттарын, дипломдарын әзірлейді. Оның тағы бір ерекше қыры заманауи технологияларды еркін меңгеруі. Арнайы бағдарламалардың көмегімен сахнадағы LED экранға арналған заставкалар мен бейнероликтер жасайды. Концерттің тақырыбына сай көркем афишалар әзірлейді. Көрермен концерт басталмай тұрып сахнадағы әсем безендіру мен экрандағы көріністерге назар аударады. Ал сол көркем дүниелердің артында Таңшолпанның еңбегі жатыр.
Кей кездері мәдениет үйінде әртіс жетіспей жатса, ол да сахналық қойылымдардың көпшілік көріністеріне қатысып кетеді. Өзін көпшілікке көрсетуді қаламаса да, ортақ іске қажет болған сәтте еш тартынбай көмектеседі.
Таңшолпанның өмір жолында ерекше бір тағылымды оқиға бар. Анасы оған аяғы ауыр кезінде дүниеге келетін сәбиінің өнер адамы болғанын армандап, арнайы күнделік жазған екен. Ана жүрегіндегі сол арман перзентінің тағдырына әсер еткендей. Таңшолпан сахнада ән айтып, көпшілікке танымал әртіс болмаса да, өнердің қайнаған ортасында еңбек етіп келеді. Ол мәдениет саласын өз өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған.
– Көпшілік концертке келіп, сахнадағы өнерді тамашалап, ерекше әсер алып қайтады. Бірақ сол кештің сәтті өтуі үшін қаншама адамның еңбек ететінін біле бермейді. Бір шараның өзіне сценарий әзірленеді, шақырту таратылады, афиша жасалады, лед экранға бейнематериал дайындалады, есеп беріледі. Мен осы жұмыстардың барлығына араласамын. Әр концерт жоғары деңгейде өтсе, өз еңбегімнің зая кетпегеніне қуанамын. Сахнаға шықпасам да, әр шарада менің де қолтаңбам бар екенін сезіну ерекше бақыт, – дейді Таңшолпан.
Таңшолпанның шығармашылық талғамы оның әр жұмысынан көрінеді. Қарапайым алғыс хаттың өзін әдемі безендіріп, эстетикалық тұрғыдан тартымды етуге тырысады. Бұл оның жұмысына жай ғана міндет ретінде емес, өнер ретінде қарайтынын көрсетеді.
Мәдениет үйі – түрлі өнер иелері тоғысатын орта. Әншілер, бишілер, жүргізушілер, режиссерлер, әдіскерлер бәрі бірлесе жұмыс істегенде ғана көрермен көңілінен шығатын кеш өтеді. Осы үлкен ұжымның үйлесімді жұмысына Таңшолпан да өз үлесін қосып келеді. Даңқ пен атаққа ұмтылмайды. Бар күш-жігерін мәдениет саласының дамуына жұмсайды. Осындай қарапайым, бірақ еңбекқор жандардың арқасында аудан мәдениеті өркендеп келеді.
Таңшолпанның өмірлік ұстанымы – қандай істі қолға алса да сапалы орындау. Бұл қасиет оған ата-анасынан дарыған. Отбасынан алған тәрбие, анасының арманы, өзінің өнерге деген құрметі оны осы салаға алып келді.
Мәдениетке қызмет ету – халыққа қызмет ету. Көрерменнің көтеріңкі көңіл-күймен тарауы, жастардың өнерге қызығуы, ұлттық құндылықтардың насихатталуы – осындай мамандардың еңбегінің нәтижесі.
Таңшолпан Төреханова – сахна сыртында жүріп-ақ мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жан. Бірақ әр концерттің, әр кештің, әр марапаттың артында оның ұқыпты жұмысы мен шынайы жанашырлығы тұр.
Қарапайым қалпымен, сабырлы мінезімен, жауапкершілігімен ерекшеленетін Таңшолпан аудан мәдениетінің көрінбейтін, бірақ аса маңызды тірегіне айналып отыр.
Таңшолпан сахнаның алдыңғы қатарында болмаса да, өнердің жүрегінде жүр. Ол мәдениеттің тынысын сезініп, руханиятқа адал қызмет етіп келеді.
Айсұлу Алданазар




