Бұлбұл дауыс иесі

Қатарынан озған талапкер, көзінде арман, жүрегінде сенім, бойында табиғат сыйлаған таланты бар Раяна Балтабай №286 орта мектептің 8 «Б» сыныбында оқиды. Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазын білім ордасында қызыл кілеммен жүргізіп, құрмет көрсетуі оған ұмытылмас әсер сыйлады.
Раянаның жеке шығармашылығына арналған кеште оның түрлі байқаудағы жеңістері, сахнадағы сәттері экран арқылы көрсетілді. Тума таланттың тұсаукесері, өнердің өрлеуі, арманның қанат жаюы, еңбектің жемісі болған тағылымды рухани кеш көрермен көңіліне шуақ шашты.
Кеш шымылдығын мектеп директоры Ләззат Машбекқызы ашып, бұл концерттің білім ордасы үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Раяна – біздің мектебіміздің мақтанышы, ұстаздар еңбегінің, ата-ана тәрбиесінің, өзінің табандылығының жарқын жемісі. Әр баланың бойында тұнып тұрған талант болады. Сол талантты дер кезінде танып, қолдап, дамыту біздің басты миссиямыз. Раяна сондай қолдауды ақтап, сенімімізді ақтады. Ол өнерлі болумен қатар білімге құштар, тәртіпті, ізденімпаз, жан-жақты дамыған оқушы. Осындай шәкірттер біздің мектептің мерейін үстем етеді. Біз Раянадай талантты қызымыздың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Оның бүгінгі концерті – тек бастамасы. Алдағы республикалық байқауда ел намысын абыроймен қорғайтынына кәміл сенеміз. Біз әрдайым оның жанынан табылып, қолдау көрсетуге дайынбыз. Себебі жас талантты демеу – болашаққа инвестиция салумен тең, – деді мектеп басшысы Ләззат Нәлібаева.
Айта кетейік, Раяна бүгінде мектептің ғана емес, ауданның, тіпті облыстың мақтанышына айналған оқушы. Табиғат берген ерекше дауысымен, классикалық әндерді орындаудағы шеберлігімен, акапелла жанрындағы дара қабілетімен көпшіліктің ықыласына ерте бөленді. Әсіресе Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы «Бұлбұл» әнін орындаған сәттен бастап аудан мұғалімдері оны «Бұлбұл» атап кеткен.
Шара барысында мектептің музыка пәнінің мұғалімі Арман Дүйсенбек сахнаға көтеріліп, қонақтар мен ұстаздардың құрметіне «Менің мектебім» әнін орындап, кештің ажарын ашты.
Раяна өзінің алғашқы шығармашылық концертін «Арман алдамайды» әнімен бастады. Жас әнші сахна төрінде жанды дауыстағы шеберлігімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оның нәзік те мөлдір, кең диапазонды үні зал ішін ерекше әсерге бөлеп, тыңдарман жүрегіне жетті. Сахнадағы еркіндігі, өзін ұстауы, эмоцияны жеткізуі кәсіби әншілерден кем болмады.
Одан әрі Раянаның өнерде қалыптасуына үлкен үлес қосқан вокал пәнінің ұстазы Құралай Әлиева шәкірті жайлы тебірене айтып, өзге шәкірттерімен бірге ән шырқады.
– Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігінен асқан бақыт жоқ. Раяна табиғаттың өзі ерекше таңдап берген талант. Оның даусының алғашқы сәттен-ақ өзгеше екенін аңғардым. Кей балалар ән айтады, кей балалар орындап береді, ал Раяна әнді жүрекпен жеткізеді. Ол шығарманы сезінеді, мазмұнын түсінеді, эмоциясын береді. Сондай-ақ Раяна өте еңбекқор. Табиғи таланттың өзі еңбексіз ашылмайды. Ол сабақтан кейін қалып дайындалады, қайта-қайта жаттығады, өз-өзіне талап қоя біледі. Кейде кәсіби әншілер орындауға жүрексінетін күрделі шығармаларды меңгеруге талпынады. Оның классикалық бағытқа жақындығы ерекше. Дауыс табиғаты өте сирек кездесетін диапазонға ие. Мен Раянаға үлкен үміт артамын. Егер осылай тоқтамай еңбек етсе, алдағы уақытта үлкен сахналардың төрінен көрінетініне сенемін. Оның болашағы жарқын, – дейді ұстазы.
Жас әншінің анасы Динара Бименова:
– Ана үшін баласының жетістігін көруден артық бақыт жоқ шығар. Раянаға әрдайым қолдау көрсетуге тырысамыз. Осы орайда, бүгінгі шараны ұйымдастырып, қызыма үлкен мотивация сыйлаған, Астанадағы сайысқа баруға демеушілік жасап, сахналық костюміне дейін дайындап берген мектеп басшысы Ләззат Машбекқызына және Гүлнар Әлібекова мен Пернебекова Гүлнар апайларына алғысым зор, – деді.
Өнер – кез келгенге бұйыра бермейтін ұлы жол. Оның шыңына жету үшін табиғи дарынмен қатар төзім, тәртіп, еңбек қажет. Раяна осы қасиеттерді бойына сіңіріп келе жатқан жас талант. Оның жуырда Қызылорда облысы бойынша өткен «Жарқын болашақ» олимпиадасында әншілер арасынан оза шауып, республикалық кезеңге жолдама алуы – соның айқын дәлелі. Алда оны Астана төріндегі үлкен дода күтіп тұр. Бұл – жас өнерпаз үшін жауапты кезең. Алайда бүгінгі концертте көрсеткен өнері мен дайындық деңгейіне қарап, оның ел сенімін ақтайтынына күмән жоқ.
Кеш соңында Раяна алдағы республикалық байқауда орындайтын «Түркінің тамшы жаңбырымын» әнін шырқап, рухани шараның шымылдығын жапты. Ән аяқталған сәтте көрермен орындарынан тұрып қол соқты. Көрерменнің мұндай ыстық ықыласы жай ғана қошемет емес, болашаққа берілген ақ бата, үлкен сенім, шынайы ризашылық еді.
P.S. Иә, үлкен өнер осындай шағын сахналардан бастау алады. Кейде әлемді таңғалдыратын талант мектеп сахнасында танылады. Бәлкім, бүгін дәл сондай тарихи сәттің куәсі болған шығармыз. Өйткені Раяна Балтабай – жай ғана талантты оқушы емес. Ол болашақ үлкен сахнаның иесі, қазақ өнерінің көгіне қанат қағатын жас бұлбұл, сахна төріне самғаған Сыр сұлуы.
Айсұлу Алданазар




