№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бала шақтан болашаққа

Бала шақтан болашаққа


25 мамыр – білім ошақтары оқу жылын аяқтап, күміс қоңырау сыңғырлады. Әлемді әбігерге салған пандемияның салдарынан сағы сынған мереке қайта мәртебесіне қауышты. Ұлағатты ұстаздар мен үздік шәкірттер марапат биігінен көрінді. Аудан орталығындағы №56 орта мектепте ұйымдастырылған «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады.


Соңғы қоңырау салтанатында мем­лекеттік рәміздер ұлықталып, шәкірт­тер еліміздің көк байрағын тік көтерді. Содан соң мемлекеттік Әнұран шырқалып, жүрегі елім, жерім деп соққан әр азаматтың бойына рух дарытып, бо­лашақ ел тіректеріне сенім арқалатты.
– Білім – ұлы күш. Өйткені, ұлылық­тың басы – даналықта, мекені – мек­тепте. Ал, дана болу үшін білім керек. ХХІ ғасыр – білім мен ғылым дәуірі. Бала жүрегіне білім мен ізгілікті құйған, имандылық пен биік парасатты бойына сіңірген білім ұясында соңғы қоңырау мерекесінің маңызы бөлек. Түлектер 11 жыл білім алған алтын ұясымен қоштасса, ұстаздар сүйікті шәкірттерінің жарқын болашағына сәт-сапар тілеп, қимастықпен шығарып салады. Жалпы, биылғы оқу жылында аудан бойынша 957 түлек мектеп бітірді. Барша түлектердің келешегіне сәттілік тілеймін. Туған жерден түлеген жас ұрпақтың болашақта мықты маман иесі, мемлекетке мол пайдасын тигізер нағыз азамат болатынына сенімім мол.
Құрметті ұстаздар мен мектеп бітірушілер, қадірлі ата-аналар. Бүгінгі соңғы қоңырау мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!, – деді Мұрат Жолкелдіұлы.
Одан әрі аудан басшысы мектептің үздік ұстазы Роза Оразбайқызының еңбегін ескеріп, демалыс орнына жолдама сыйлап, мектеп ұжымына теледидар тарту етті.
Салтанатты шара мектептің озат та өнерлі оқушыларынан құралған шерумен жалғасты. «Үздіктер шеруін» үздік аттестатқа үміткер, бітіруші түлек Ибрагим Жасмина, Әшірбай Бекзат, Жүніс Асылбек сынды озат оқушылар бастады. Ал, «Спортшылар шеруін» түрлі жарыстарға қатысып мектептің, ауданның намысын қорғап жүрген Әшірбай Бекзат, Иваш Сұлтан, Дамир Алина сынды спортшылар бастаса, Бектұрсын Дильяра, Түгелбай Саят, Әбдәшім Аяулым сынды шә­кірттер облыстық, республикалық білім сайыстары мен ғылыми жоба жүлдегерлері атанып, мектеп абыройын асқақтатып жүр.
– Міне, тағы бір оқу жылын тарих қойнауына тапсырып, қызығы мен қуанышы мол 2021-2022 оқу жылын аяқтағалы тұрмыз. Бүгін ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн. Бұл күн мектеп бітіргелі тұрған әр шәкірттің жүрегінде ерекше естеліктерімен қымбат. Қазір білімдінің заманы. Мектепте ұстаздардың төккен терін ақтап, мұғалімнің оқыған дәрісін санасына тоқыған әр баланың болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Биылғы мектебімізден түлеп ұшқалы тұрған шәкірттердің егемен елдің шынайы егелері болып қалыптасарына мен сенемін. Ұядан ұшқан әр шәкіртіме сәттілік серік болсын, – деді мектеп директоры Мұхтархан Әнуарұлы.
Салтанатты шара одан әрі құттықтауларға жалғасып, мектептің өнерлі шәкірттері ортада би биледі, ән шырқалды.

P.S.: Бұл күн – алтын ұяны аяқтап, бала шақтан болашаққа қанат қаққалы отырған, жүректері лүпіл қағып, қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан жас түлектер үшін қымбат та қимас, ұмытылмас күн. Кеше ғана алғашқы қоңыраудың сылдырымен тағылым ұясын аттаған жас тілек бүгін жаңа өмірдің желкеніне жармасып, балалықтың қайталанбас сәттерімен қоштасуда. Осы ретте, біз биыл мектеп бітіргелі тұрған әр түлектің болашаққа даңғыл жол саларына сеніп, еліміздің ертеңгі арқа сүйерлеріне сәттілік тілейміз...

Айсұлу АЛДАНАЗАР
28 мамыр 2022 ж. 451 0