№33 (8947) 5

05 мамыр 2026 ж.

№32 (8946) 1

01 мамыр 2026 ж.

№31 (8945) 28

28 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Болашаққа бастар білім ордасы

Болашаққа бастар білім ордасы


Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, ол – әр баланың өмір жолын айқындайтын, тұлға болып қалыптасуына негіз болатын киелі орта. Баланың болашағы дәл осы мектеп қабырғасынан бастау алады. Сондықтан «Мектеп тынысы – баланың болашағы» деген сөздің астарында терең мән жатыр. Бүгінгі мектеп – ертеңгі елдің тірегі болатын азаматтарды тәрбиелейтін үлкен рухани орталық. Осы орайда Жүсіп Қыдыров атындағы №54 орта мектептің тынысынан – ізденіске, жаңашылдыққа және үздік нәтижелерге толы мазмұнды айқын аңғардық. Асқар Жүсіпбаев басшылық етіп отырған ұжымда тәртіп пен талап, ізденіс пен ілгерілеу ұштасып жатқандай.


Неге десеңіз, атаулы білім ордасы жыл сайын үздік нәтижелерімен көзге түсіп, «Алтын белгі» иегерлерін дайындап, ҰБТ-дан жоғары балл көрсетіп келеді. Бұл мектептің жетістігі – кездейсоқтық емес, ол – жүйелі еңбектің, жоғары жауапкершіліктің және ұстаздар мен оқушылар арасындағы тығыз ынтымақтастықтың жемісі. Мұнда әрбір оқушыға жеке көңіл бөлініп, оның қабілетін ашуға, білімге деген қызығушылығын арттыруға ерекше мән беріледі. №54 мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, ол – болашаққа бағыт көрсететін рухани орталық. Мұнда оқушылардың тек оқу үлгерімі ғана емес, сонымен қатар тәртібі, мәдениеті, адамгершілік қасиеттері де қатар қалыптасады. Осы үйлесімді тәрбиенің нәтижесінде түлектер үлкен өмірге сенімді қадам басады. Жыл сайын «Алтын белгі» иегерлерінің шығуы – бұл мектептің білім сапасының айқын дәлелі. Бұл жетістікке жету жолында ұстаздардың еңбегі орасан зор. Олар әр оқушының жүрегіне сенім ұялатып, қиындықты жеңуге үйретеді, үлкен мақсаттарға жетелеп отырады.
«Білім нәрі бастауышта қаланады» десек, мектептегі «Бастау» бірлестігі – білім сапасын арттырудағы ең белсенді топ саналады. Мұның құрамында білікті де білімді, тәжірибелі, жаңашыл он бір ұстаз еңбек етуде. Олардың ішінде 35 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаздар да бар. Бұл – мектептің білім сапасының берік қалыптасқанын көрсетеді. Ұстаздар мен шәкірттер бірлесе отырып, 2025-2026 оқу жылында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, бастауыш сынып мұғалімі Баян Бакирова «Математикалық Регата» олимпиадасынан жүлделі 2-орынды иеленіп, кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Ал бастауыш сынып мұғалімі Оразгүл Тәттібаева «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасында 2-орын алып, дипломмен марапатталды. Бұл – бастауыш білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін көрсететін үлкен жетістік.
Ал мектептің рухани тірегі саналатын кітапхана жұмысын Алмагүл Матаева абыроймен атқарып, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді. Кітапхана – тек оқу орны ғана емес, оқушының ой-өрісін кеңейтетін, рухани әлемін байытатын маңызды орталыққа айналған.
Сонымен қатар, мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс бағытында жетістіктер аз емес. Инклюзивті білім беруді дамыту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы орайда ұстаздардың кәсіби шеберлігі де ерекше байқалуда. Атап айтқанда, «ЕББҚ балалардың үздік мұғалімі – 2026» аудандық байқауында бастауыш сынып мұғалімі Жаңатаева Ақмарал жүлделі ІІІ орынды иеленіп, өз ісінің нағыз білікті маманы екенін дәлелдеді. Мектеп оқушылары да түрлі байқауларда жоғары жетістіктерге жетіп, қуантуда. 2-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашы­лық жұмыстар байқауының аудандық кезеңінде 2 «а» сынып оқушысы Иген Әлихан І орынды жеңіп алып, ізденімпаздығымен, талантымен ерекшеленді. Бұл жетістікке оны дайындаған тәжірибелі ұстаз Мұсабекова Ботагөздің еңбегі зор. Кейіннен облыстық кезеңде де Әлихан өз білімін жоғары деңгейде көрсетіп, Алғыс хатпен марапатталды. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыс пен бірлескен еңбектің нәтижесі. Одан бөлек, республикалық «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде 4 «а» сынып оқушысы Иген Аруназ арнайы дипломға ие болса, 3 «а» сынып оқушысы Зікірия Нұрбақыт 3-орынды иеленіп, жетістігімен мектеп абырой­ын асқақтатты. Ал «Бастау» XIX республикалық математикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде 3 «а» сынып оқушысы Еркінұлы Димаш 3-орынды жеңіп алды. Бұл да мектептің білім сапасының тұрақты түрде өсіп келе жатқанын дәлелдейді.
Сондай-ақ 35 жыл бойы білім беру саласында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан мектептің тәжірибелі ұстаздарының бірі – Ақымова Аяш апайдың еңбегі ерекше құрметке лайық. Ол өз ісіне адал, шәкірт тәрбиелеуді өмірінің басты мақсатына айналдырған жан. 2024-2025 оқу жылында Аяш апайдың үш бірдей шәкірті мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, үлкен жетістікке қол жеткізді. 2025-2026 оқу жылында ол «Зерттеуші» санатын сәтті қорғап, өзінің кәсіби деңгейі мен ізденісін дәлелдеді. Бұл жетістік – тек ұстаздың ғана емес, тұтас мектеп ұжымының абыройын асқақтатқан маңызды нәтиже.
Мектеп ұжымының белсенді мүшелері Г.Есірке­п­о­ва, А.Тоқсанбаева, Б.Баетова, А.Бермашева сияқты ұстаздар барлық қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, мектептің қоғамдық және тәрбиелік іс-шараларында алдыңғы қатардан көрініп жүр. Бұл ұстаздардың еңбегі – тек сабақ берумен шектелмей, жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуге бағытталған.
Жалпы алғанда, №54 орта мектеп – тек білім ордасы ғана емес, ол – жаңашылдық пен ізденістің, еңбексүйгіштік пен жауапкершіліктің, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыстың жарқын үлгісі. Мұндағы әрбір жетістік – бір ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесі, әрбір марапат – үздіксіз ізденістің жемісі. Бүгінгі мектептің тынысы – ертеңгі ел болашағына бағытталған сенімді қадам. Ұстаздардың білімі мен тәжірибесі, оқушылардың талпынысы мен жетістігі бұл білім ордасын алдағы уақытта да биік белестерге жетелей беретіні сөзсіз.

Әсел Рзаева
05 мамыр 2026 ж. 38 0