Музыка ұлтқа бөлінбейді
Бір тудың астында татулығы жарасқан ұлттар арасында еліміздің дамуына, мәдениетіміз бен өнеріміздің өрістеуіне қызмет етіп жүргендер аз емес. Соның бірі – «Бесарық» өнер мектебінің жанынан құрылған «Айсыновтар» ансамблінің ұрмалы аспап орындаушысы Нуриддин Молдабаевтың өнер жолын дәріптегенді жөн көрдік.
Сахна төрінде тамылжыта әуен ойнатып, тыңдарманын ұйытып, өнерде шек болмайтынын ұқтырған өнер иесінің музыкаға деген құштарлығы мен өмірге деген махаббаты қоса астасып кеткендей. «Музыка ұлтқа бөлінбейді» дегендей ерекше талант иесінің өнеріне құрметіңіз артары сөзсіз. Тілі басқа отандастың жүрек сөзін аудармасыз түсініп, көп ұлтты мемлекеттің ойы мен ісі бір арнада тоғысуының негізгі іргетасы осынау өнер мен мәдениеттің бір тұтастығында жатқанын мойындайсыз. Ол 1976 жылдың 1 мамырында Түркістан қаласында дүниеге келген. Әкесі Мухиддин ардагер ұстаз,анасы Шадат инженер-технолог мамандығы бойынша елге қызмет еткен жандар. Өзі 1983-1991 жылдары №15 М.Жұмабаев атындағы мектебінде белсенді оқушы болды. 1991-1995 жылдары Ташкент мәдениет техникумы, «Өзбек халық аспаптары оркестрінің жетекшісі» мамандығы бойынша арнайы білім алды. Жалпы педагогикалық өтілі 27 жылдан асқан. Тарқата айтсам, 2001-2005 жылдары Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрк университетінің «Өнер» факультетін тәмәмдап, 2016-2018 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің орыс тілі және әдебиеті факультетін бітірді. Еңбек жолын 1995 жылы Ататүрік атындағы №17 мектеп гимназиясында ән-күй пәнінің мұғалімі болып бастады. Арада бес жыл өткеннен соң 2006-2019 жылдар аралығында Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінде «Музыка және музыканы оқыту әдістемесі» пәнінің оқытушысы, 2010-2018 жылдары Түркістан қаласы балалар саз-өнер мектебінде «дойра» сыныбының мұғалімі, 2019- 2020 жылдары Астана қаласындағы «Алпамыс» балалабақшасында музыка жетекшісі қызметін атқарды. Сондай-ақ, Астана қаласында «Хабар» телеарнасының халықаралық бөлімінде аудармашы болып еңбек етті. Туған жері Түркістан қаласына 2020 жылы оралып, «Ақжайық» музыка мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әрі ұрмалы аспаптар сыныбының мұғалімі болып қызмет атқаруда. Қазақстанға әйгілі «Айсыновтар» отбасылық ансамблінің құрамында тер төгіп келеді. Бұл туралы ансамбль жетекшісі Сырым Айсынов: – Біздің ансамблдің құрамына екі-үш жыл бұрын қосылған Нуриддиннің еңбегі зор. Ол нотаны сезініп, шабытпен орындайды. Жұмыс барысында әр іске жауапкершілікпен қарайды. Мінезі де, адамгершілік болмысы да көпке үлгі. Үлкенмен де, кішімен де сыйы жарасқан жан. Әр шәкіртінің жетістігі үшін алтын уақытын сарп етуде бар. Ел мүддесі үшін уақытпен санаспай қызмет етеді. Шығармаға өзіндік үнін қосып, құбылтқанда шеберлігін мойындаймыз. Ансамбль үшін әрбір аспап орындаушылардың кәсібилігі маңызды, – деді. Жары Хилола Ататүрік атындағы №17 мектеп гимназиясында ағылшын тілінің мұғалімі болып, дарынды шәкірттерді қанаттандыруда. Отбасында Аяжан, Нилуфар, Азиза, және Оғылай есімді 4 қызы бар. Аяжан және Нилуфар Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің мектепке дейінгі дайындық факультетін бітіріп, балабақшада тәрбиеші болып істейді. Азиза және Оғылай Ататүрік атындағы №17 мектеп гимназиясында 9 сынып оқушысы. Кейіпкеріміз салиқалы ата дәрежесіне жетті, жақында Бунёд есімді немерелі болыпты. ТҮЙІН. Өздері киелі Түркістан қаласында тұрып, өсіп-өніп жатқанымен Жаңақорған ауданының атын шығарып жүрген талантты ұжым – Айсыновтар ансамблінде өнерлі топқа өзіндік қолтаңбасымен қуатты үн, көркемдік мазмұн дарытып келе жатқан Мухиддин Молдабаевтың көпке танылар шағы әлі алда деп ойлаймыз.
Мақпал МАРҚАБАЙ