Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Аналар құрметтелген күн

Аналар құрметтелген күн

Аналарды төрге оздырып, олардың қоғам алдындағы еңбектерін елеп, марапат мінберіне шығарып, құрмет көрсететін “Құрметтеуге лайық жан” жобасы жалғасын табуда. Осы күні ауданның әлеуметтік және экономикалық саласында, руханият бағытында жастарға өнеге болып жүрген аналар мен ақ жаулықты әжелер, сан саланың жүгін көтеріп жүрген нәзік жандылардың мерейі тасыды. Дәстүрге айналған жобаның жылжабар жиыны “Жаңақорған Шипажайында” түйінделді. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы арнайы қатысып, ыстық ықыласын білдіріп, алғысын жеткізді.


Шипажайдың кіреберіс фойесіне «Құрметтеуге лайық жан» жобасына қатысушы аналардың қолөнер туындыларынан көрме қойылыпты. Онда қолөнер бұйымдары, түрлі тағамдар, ұлттық сусындар орын тапты. Аналардың ұсынған ас-ауқатына ем алушылар дән разы болып, ілтипатын білдірді. Жиын төрінде аналарға арналған бейнеролик көрсетіліп, шараның ашылуы одан әрі өрбіді.

– Біз былтыр көп балалы және жалғыз басты наларды, мүмкіндігі шектеулі бала күтімімен отырған әйелдер қауымы мен өз кәсібін ілгерілеткісі келетін нәзік жандыларды қолдау мақсатында «Құрметтеуге лайықты жан» жобасын қолға алдық. Бұл жоба жыл сайын дәстүрге айналып, жалғасын табатын болады. Өйткені, біз аналарға деген құрметімізді, оларға деген алғысымызды білдіріп, ел үшін жасаған еңбектерін елеусіз қалдырмауды мақсат еттік. Қандай қоғам болмасын әйел затына деген құрметті бірінші орынға қояды. Өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, оларға тәлім-тәрбие беріп, отбасы жарастығын сақтап, онымен қоса әр саланың салмағын ерлермен иық тіресе көтеріп жүрген аналарға алғысымыз шексіз, – деп аудан басшысы жылы лебізін білдірді.

Аудан әкімі айтқандай, жалпы өңірдегі кәсіпкерлердің 47 пайызы нәзік жандылар. Биыл жаңа бизнес идеяларды дамытуға 163 жанға қайтарымсыз қаржы берілген. Бұл өз ісін бастауға ниетті аналар үшін үлкен қолдау. Нәзік жандылар да бұл қолдауды сезініп, биыл қаншамасы қолдауды қажетіне жарата алды. Келер жылы грант көлемі 20 пайызға өсетіні айтылды. Жыл сайын мемлекет қолдау  білдіріп келеді.
Шара барысында «Жаңақорған ауданына 95 жыл» мерекелік төсбелгісімен Назирахан Тұрманова, Ұлтуар Алдабергенова және Айнұр Өмірбаева марапатталса, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» 27 ана марапатталды. 6 ана «Орда Сығанақ» және «Жаңақорған шипажайына» жолдама алды. Жолдаманы аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлы табыстап, көп көңілін көтеріп қойды.

– Бұл жобаның басталғанына біз өте қуаныштымыз. Бұл осында отырған жандарға ғана емес, жалпы жаны нәзік арулардың барлығына үлкен мотивация болды. Сондықтан барша аналар атынан аудан әкіміне, осы жобаны қолға алған қыздарымызға, демеу болып жүрген жандарға басымызды иіп алғыс айтамыз. Биыл аналардың құрметіне республика бойынша тағы бір жоба қолға алынуда. Оған біздің қыздар барып қайтты, бұйырса бұл бастама келер жылы біздің ауданда жалғасын табады. Ең бастысы, қоғамдағы әйелдердің беделін, өз орнын табуға бағытталған қолдаулар аз емес. Біз осының қадірін түсініп, еразаматтарға алғыс айтамыз, – деді Назирахан Әбілқызы.

Керемет кешті әрі қарай аудан өнерпаздары жалғап, әуезді әнмен әрледі. Жобаға қатысушылар да өнерлерін ортаға салды. Жайна Тиметова әннен шашу шашты.

Иә, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығында, бақытты да бейбіт өмірінде кез-келген әйел-аналардың аппақ жүрегі мен игі тілегі бір. Оларға ыстық ықылас, асқан ілтипат көрсету ер азаматтың парызы. Бұл құрмет ешқашан төмендемейді, ана қадірі қашанда бәрінен биік тұрады. Осындай игі шаралар, жарқын жобалардың әлі талай куәсі болуға дайынбыз.

Әлібек Жарықбаев

30 желтоқсан 2023 ж. 1 250 0