№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлықты әйел – ұлт ұйытқысы

Ұлықты әйел – ұлт ұйытқысы


«Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейтін халқымыз ежелден-ақ асыл аналарымыздың қасиетін қадірлеп ізін жалғауды мұрат еткендей. Облысымыздың 85 жылдық мерекесі аясында ұлттық құндылығымызды дәріптейтін, әйел-аналардың абыройын асқақтату игі мақсатымен «Анаға тағзым» орталығы ашылып, салт-дәстүрімізге құрмет-қошемет көрсетіле бастады. Ұлттық құндылығымыздың иісі аңқыған орталықта «Ұлықты әйел – ұлт ұйытқысы» атты аймақ әйелдерінің қатысуымен ашық есік күні өтті. Өмірі мен еңбегі өнегелі әйел-аналарды ардақтауға арналған басқосуда Жаңақорған ауданының әйел-аналарынан құралған делегация құрмет төрінен көрінді.


Сән-салтанатымен менмұндалаған «Анаға тағзым» орталығының ғимаратына келіп тоқтағанымызда көнерген салт-дәстүрдің куәсі болдық. Жаңақорғанда туылып, Қызылорда қаласына тұрмыс­қа шығып, облыстың өркендеу-өрлеу жолында өз іздерін қалдырып жүрген бір топ қыз-келіншектер ақ жаулықты аналарымызды шашу шашып, құшақ-құшақ гүлдерімен қарсы алды. Көптен бері дидарласпаған жақындар құшағын жая қауышып, есен-саулық сұрасып жатты. Жаңақорғанға келін болып ақбосаға аттаған келіншектердің ішінде орталықта қызмет етіп жүргендері бар екен. Иіліп үлкендерге сәлем салып, ізетін білдірді. Жүздесуде Бексұлтан Байкенжеевтің «Гүлденген Жаңақорған» әні шырқалды. Орталық қызметкері, жас ақын, дәстүрлі өнерді дәріптеуші Феруза Оңталап жаңақорғандық аналарға арнап жырдан шашу шашты.
Тағылымға толы шарада Жаңақорған ауданынан келген аналардың дайындаған көрмесі тамашаланды. Ұлттық өнерді дәріптеуде жан жақты ізденіп, құнды жәдігерлерді насихаттауға күш салған Жаңақорған ауданы тарихи өлкетану музейінің әдіскері Кұралай Дәрмен бастаған бір топ аналар құн­ды қолөнер бұйымдарын насихаттады. Көрмеге қатысқан қолөнер шебер­лері – Ұлмекен Мауытоваға, Қасиет Оралға, ұлттық тағам өндіруші Ұлпаш Төлеуоваға, тоқыма өнер үйірмесінің жетекшісі Айсұлу Түкібаеваға, шебер Айнұр Оспановаға және Жаңақорған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Маликоваға ел алғысын айтты.
Рухани құндылықтарға толы шара барысында Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, «Жайылма жауһар­лары» әжелер ансамблі ән мен жырдан шашу шашып, шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аналар­ға арналған психолог кабинетінде бір топ аналарға психологиялық тренинг өтті. Мақтанарлығы, осы кабинеттің психолог маманы Аруна Асылбекқызы да Жаңақорған ауданының төл тума­сы екен. Оның жұмысына көпшілік ризашылығын білдіріп, мықты маман екенін айтып жатты. Мұнан бөлек аудан аналары ұлттық тағам түрлерінен ас мәзірін дайындап, келген қонақтарға концерттік бағдарламаларын да ұсынды.
Қуаңшылыққа, аңызаққа және ыстыққа төзімді, көп күтімді талап етпейтін тарыны халқымыз «жауынгер дақыл» деп те атайды. Ол ағзаға тоқтықпен бірге емдік қасиетін дарытады. Адамға күш-қуат береді, қан қысымын реттейді, бауыр мен ішек-қарын жұмысын жақсартады. «Береке» аспаздық студиясында қонақ болған жаңақорғандық Ұлпаш Төлеуова мен Шамшат Әлжан осы дақылдың пайдасына толығырақ тоқталып, дәмі тіл үйіретін майсөк дайындап көрсетті.
– Бүрме қарын – кесектеп туралған етті өзінің майы мен сөліне бұқты­рып пісіретін ұлттық тағамдарымыз­дың бірі. Қуантатыны, бүгінде көпшілік қонақ күткенде осы асты арнайы әзірлеп, дастарханның сәнін келтіріп жүр. «Береке» аспаздық студиясында жаңақорғандық Ақнұр Қалжанова бүр­ме қарын дайындаудың әдіс-тәсілімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар «Мирас» әжелер клубы, «Бойтұмар» және «Жас отау» қыздар клубтары қазақтың салт дәстүрі мен ұлттық құндылықтары жайында ой өрбітті. Жаңақорған ау­данының құрметті азаматы, ардагер ана Айсара Нәлібаевамен «Бір шәугім шай» студиясында сұхбат өрбіді. Ол осы сұхбатында ел басқарған бауырларының көп біле бермейтін нәзік қырларын сөз етті. Елімізде үш қалада бой көтерген шаңырақтың идеясы мен құндылығы туралы ашық әңгіме айтылды. Орталық басшысы Алтын­ай Молжанованың іскерлігін, ұлттық құндылыққа деген жанашырлығын, ана­ларға деген ілтипатын, ибалылығын көрген көпшілік ризашылығын жа­сырмады.

Алқалы жиын соңында нәзік жандылар қауымы Сыр аналарының басын қосып жас ұрпақ үшін өнегелі басқосу ұйымдастыруға қолдау біл­дірген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевқа өз ризашылықтарын жет­кізді. Оның ішінде еңбек ардагері Әзия Қыстаубаева:
– Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты қағидасы бүгін де мәнін жоғалтқан жоқ. Кезінде қаншама ең­бектің тарландары шыққан біздің киелі өңірде қажырлы еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүр­ген ақжаулықтылар жетер­лік. Алдағы уақытта осы ғимаратта өткен­ге құрмет көрсетіліп, ұлттық құнды­лықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлері­міз насихаттала берері сөзсіз. Айта кету керек, «Анаға тағзым» орталығы 1,7 млрд теңгеге кәсіпкер Марат Дүй­сенбаевтың демеуші болуымен салын­ды. Бұл ғимараттың ашылуына келіп қатысып, аймақ басшысы бастаған ел ағаларының аналарға деген құрметінің жоғары екенін сезініп қайтқан едім. Міне, бүгін Жаңақорған ауданының ашық күні өтіп, өз өңіріміздің салт-дәстүр мен мәдениетіне бай екенін көріп, төбем көкке жеткендей әсер алдым, – деді ол.
Айта кетейік, алдағы уақытта ру­ханиятқа толы «Анаға тағзым» орта­лығында дәл осындай шара басқа аудандардың әйел-аналары­ның қатысуымен жалғасын табатын болады. Демек, қаймағы бұзылмаған аймағымыздың салт-дәстүрі жаңғырып, ұлттық құндылығымыздың асқақтар күні алда.

Мақпал МАРҚАБАЙ
15 қараша 2023 ж. 257 0