№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бесарықта өткен айтыс

Бесарықта өткен айтыс

Бесарық клуб үйінде Жаңақорған ауданының 95 жылдығы, халық ақыны Манап Көкеновтің туғанына 95 жыл және «Жаңақорған тынысы» газетінің 90 жылдығына орай мәдениет қызметкерлерінің арасында «Манап салған ізбенен» атты ерекше айтыс, әдемі сөз, алапат жыр додасы болып өтті. Жай ғана өткен жоқ, мәдениет саласында жүрген саңлақтарымыздың кәсіби қызметінен бөлек сара сөзден маржан терген таным деңгейлерін дәлелдеп руханиятқа сусаған көптің көңілін хош етті.

   Айтысқа 8 үміткер қатысты. Өнер саласының майталмандары үлкен аламанда бір емес, үш бірдей тақырыпты – Жаңақорған ауданының 95 жылдығы, Манап ақынның 95 жылдық мерейтойы және төл газетіміз «Жаңақорған тынысының» 90 жылдық торқалы тойына жырдан шашу шашты. Айтысқа шыққандар Манап ақынның тұлғалық болмыс-бітімін, рухын ұлықтаумен бірге, туған жердің тарихынан сыр шертіп, одан әрі аудан айнасы – «Жаңақорған тынысы» газетінің 90 жыл бойы елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келе жатқан төл басылым екенін жүректерге жеткізе айтты.

Айтысты Манап Көкеновтың ұлы Убайдулла Манапов пен аудандық мәдениет саласының қызметкері Тоқтар Әжімұратов жүргізді. Ақындардың өнеріне ҚР Мәдениет саласының үздігі Уәли Ибрагимов пен Жайылма ауылдық клуб үйінің директоры Нұрлан Жапеков қазылық етіп, жеңімпаздарды анықтады.

– Айтыс – қазақтың бекзада болмысты, биік өнері. Ұлттық құндылығымызды тілге тиек еткенде Манап Көкеновтің есімі бірге жырланады. Артында өшпейтұғын із қалдырған ақынның асыл мұрасы бүгінде сіз бен бізге өнеге ретінде жетіп отыр. Осы ұлттық құндылықты сақтап қалу үшін өткенді саралап, бүгінгіні бағалап отыру – басты мақсат. Осы ретте сөз өнерінің орны бөлек. Оны өркендетуде өздеріңіздей жастардың жүрек жалыны қымбат. Айтулы сөз додасында айтысты əдемі, əсерлі, тартысты өткізулеріңізге тілекшімін, – деді шара шымылдығын ашқан Уәли ағамыз.

Ақындар еліміздің бүгінгі күнге дейінгі тарихы мен даму белестерін, жетістіктерін өлеңмен өрнектеді. Жас та болса қоғамдағы шетін мәселелерді шымбайға батыра шенеген батылдықтары қуантты. Қайсыбірі де қара өлеңге қанат бітіріп, Тәуелсіздігіміздің жетістіктерін жырға қосты. Сөзден сойыл соққан 4 жұп екінші айналымда да әдемі жыр өрнегін ұсынды. Өнер бәйгелерінде топ жарып, шашасына шаң тимеген ақындардың сөз сайысын көрермен тапжылмай отырып тамашалады. Бәрі де бірбір клуб меңгерушілері мен мәдениет қызметкерлері болғанымен қиыннан қиыстырып, сөз тапқан өнер иелері бірі тарихтан қаузап, ұзақтан сілтесе, енді бірі бүгінгі қоғамда болып жатқан кемшіліктерді тілге тиек етуге тырысты.

Қашанда жаңашылдық пен креативтілікті негізге алатын Бесарық ауылдық клуб үйінің басшысы Жәнібек Сыздықов бұл жолы да мәдени шараның ерекше өтуіне мән беріп, сөз сайыпқырандарын сахнада өзара сайыстырды. Өнер адамдарының арасында ерекше екпін алып, көпшілікті  әдемі әзілмен күлкіге көмген Айдос пен Балмұхаммедтің сөз саптасы бөлек болды. Ерекше форматта дәстүрлі айтыс өнерін жалғап, осы арқылы жанр жалғастығын кеңінен насихаттаған біздің де көңілден шықты.

– Айтыс – бабаларымыздан мұраға қалған ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Қазақтың ерекше баға жетпес өнері. Тарих тұңғиығынан бері қазақты айтыссыз, айтысты қазақсыз елестету мүмкін емес. Төбемізге көтеретін төл өнеріміз. Осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, аға буын мен талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында бүгінгідей ақындар айтысын өткізу халқымыздың ежелгі үрдісі. Осы дәстүрді жалғап, өнер майталмандарының арасында айтыс ұйымдастыруды жөн санадық, – дейді Жәнібек Сыздықов.

Ақындар жеребе бойынша жұпталды. Алғашқы болып Бақыт Асылбеков пен Сайран Ділманов сөз бастады. Дүбірлі айтыста Манап Көкеновтың шығармашылығын жырлай отыра, төл басылымның тұрақты оқырманы екендіктерін мақтан етіп, бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, айтыс сүйер қауымның көңілінен шығып, көрермендердің ықыласына бөленді. Әсіресе, Сайран Ділмановтың:

Сөздері жазып жатқан сақталатын,
Ел алдында мол қызмет атқаратын,
Талай жерде алып шыққан,
Тоқсанға да толыпты ақпаратым,
– жүрегінен шыққан сөздері жүректерге жетті.

Екінші жұпта Жәнібек Сыздықов пен Мұхтар Дәрібаев ортаға шықты. Қос өнерпаз өзара замандас, достықты алға тартып, әзілдесіп айтысты. Құрдастар арасында құрылған әзіл-қалжың үлгісінде өрбіген айтыста екі бірдей серінің бағы мен бабы жоғары шықты. Бұл жұптың айтысы да тартысты өтті. Қос ақын тақырыптан бір елі алыстаған жоқ. Жәнібек Сыздықов, Манапша төпелеп тілек жаудырса, Мұхтар Дәрібаев «Жаңақорған тынысы» газетін оқымасақ, ауданның жаңалығын білмес едік деп ой түйді. Нағыз шаппа-шап айтыстың өзі болды.

Үшінші жұп – Айдос Бидаш пен Балмұхамед Әбжаппаров. Айтыс болған соң əзіл-қалжың, елдік мəселелер де айтылады, ол қатысушы өнерпаздардың шеберлігіне байланысты. Халықтың қолдауы да соның бір айғағындай көрінді. Сөз додасына жүрек жұтқан, өзіне де, сөзіне де сенімі кəміл ақындар шығады. Осы айтыстың ерекшелігі сол, сатира саңлағы мен суырып салма ақын қосылып, сахна төріне тəуекелмен озған осы екі жұп болды. Балмұхамед әзіл сөздің шебері Айдос ақындығы бір төбе ақын екендігін танытты.

Төртінші жұп Раушан Шаметова мен Мәди Сейітқасымұлы арасында өтті. Айтыстың соңғы жұбы әдептен аспай, қыз бен жігіт айтысын сомдап, бірінің сөзін бірі іліп алып, ерекше сөз тартысын көрсетті. Шырайлы айтыс жасап, сөз өрнегін көрсете отырып, алқалаған жұртқа берері көп болды. Мәди мен Раушанды не айтар екен деген ел көңілі екеуінің айтысын қошаметтен кенде еткен жоқ. Жалпы өз әуенімен, дара талантымен келген санаулы өнерпаздар қатарынан ерек танылды Раушан қыз.

Осылайша көрерменнің көңілін көтеріп, залды күлкімен сілкіндірген, сәтті ұйымдастырылған думанды айтыс өз мәресіне де жетті. Убайдулла Манапұлы әкесінің атындағы жүлде жыл сайын өткізілетінін айтып, осы айтысқа келіп қатысқан барша мәдениет қызметкерлеріне алғысын білдірді. Әзілқалжыңы аралас, салмақты сөздерді саралап, жарыс көркін қыздыра білген ақындардың сөз сайысында бас жүлдені елді жайсаң жырымен тамсандырған Айдос Бидаш еншіледі. Бірінші орын Мәди Сейітқасымұлына бұйырды. Екінші орынды ибалылық пен инабаттылықтың үлгісін танытқан Раушан Шаметова қанжығасына байласа, үшінші орынды Мұхтар Дәрібаев алды. Қатысушыларға арнай дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Талай тектілердің кіндігін кескен, бесігін тербеткен киелі мекеннің көрермендерінің ықыласына, адал көңіліне де риза болдық. Өнер майталмандарының деңгейі де өте жоғары болды. Қай-қайсысы болса да үлкен аламанға шығаруға лайықты. Осы тұста айта кетейік, айтысты тамашалаған көрермендер мұндай өнер додаларын тұрақты түрде өткізіп тұруды да ұсынды. Әрине, орынды да. Өйткені мұндай аламандар көрерменге ерекше көңіл күй сыйлап, айтысқа шөлдеген көрермендерге керемет көңілкүй сыйлап, жалынды жырларымен жиналған көпшілікті риза етті.

Әсел РЗАЕВА
11 қыркүйек 2023 ж. 643 0