» » » Жүрегім - Жаңақорғаным

Жүрегім - Жаңақорғаным

Жаңақорған туралы әдемі саз тудырған Бексұлтан Байкенжеевтің әні туған жеріміздің Әнұраны ретінде әр жүректе сақталып келе жатқаны рас. Әннің жазылғанына жарты ғасыр өтсе де әлі сол биік тұғырынан таймаған әнге қарап шын таланттың құдыретіне бас имеске әддің жоқ.

  Жаңақорғандықтар сөз өнерін қадір тұтқан ақындарымен мақтана алады. Жыр алыбы Жамбылмен замандас болған Құтбай Дүрбаев, Құлан Алдабергенов, одан кейінгі кезеңде Халық ақыны Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Адырбек Сопыбеков, Жүсіп Қыдыров, Нұртас Исабаев, Нұрберген Тастаев, Әнуар Әуелбек, Файзулла Сахиев, Байбота Серікбайұлы сынды қаламгерлердің өзіндік биігі бар. Арқалы ақын ретінде талай сөз аламанында дараланған Әбілқайыр Сыздықов та қаламының қуатымен ерекшеленеді. Осындай ақындарды сөз еткенде, жергілікті қаламгерлердің туған жерге арнаған өлең шумақтары тарих таңбасына айналды. Қара өлеңнің құдіретінде шек бар ма? Өшпейтін із қалдырған жерлестердің төл туындылары тарихирухани кеште шартарапты шарлап, әсем сезімге бөлеген еді.

Тарқата айтсақ, Жаңақорған ауданының құрылғанына 95 жыл, Халық ақыны М. Көкеновтың туғанына 95 жыл және « Жаңақорған тынысы» газетінің 90 жылдығы аясында «Арман мәдениет үйінде» Жаңарған Жаңақорғаным” атты облыстық әншілер байқауы болып өтті. Туған жеріміз Жаңақорған тақырыбына арналған ән байқауына 7 ауданнан 11 өнерпаз үміткер қатысты. Жергілікті ақындардың сөзіне жазылған патриоттық әндер шырқалғанда жүрек тебіренбей тұра алмас еді. Бұл туған жерге деген махаббатпен астасқан асқақ рухтың кең кеудеге сыймай тасығанын байқатқандай. Нәзік сезімді тыңдарманға қоңыр үнімен жеткізген өнерпаздарға халық та ықыласын білдіріп, алғысын айтып жатты.

Мәдени шараның соңында бас жүлдені Қармақшы ауданынан келген әнші Рахман Әлиасқар иеленді. Бірінші орынды Жаңақорған ауданы, Әбдіғаппар ауылынан келген Аманжол Сламов, екінші орынды Сырдария ауданы Асқар Тоқмағанбетов ауылынан келген Аблайхан Байділдаев, үшінші орынды Қазалы ауданы, Лақалы ауылының өнерпазы Мейіржан Нағашыбай иеленді. Арнайы жүлдемен Арал ауданынан келген Айгерім Серікова мен Сырдария ауданының әншісі Сүлейменова Ақзираш марапатталды. Сондай-ақ, Жаңақорған кентінің әншісі Гулнар Әбдіразақова, Тоқтар Айтжан, Арман Дүйсенбек, Шиелілік Исахай Жұлдызай, Гулназ Назарбаеваға «Алғыс хат» табысталды.

Кешті қорытындылыған “Арман” мәдениет үйі директоры Күлән Әбілтанова қатысушылардың барлығына өз атынан рахметін айтты.

Мақпал ПАТЕНОВА
11 қыркүйек 2023 ж. 606 0