№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жан жүрегімен жырлайтын жаңақорғандықтар

Жан жүрегімен жырлайтын жаңақорғандықтар


Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды шоқ боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған,-деп Қадыр ақын айтқандай ақындық қабілет бұл тәңір сыйы. Сол сөз киесінің кепиетіне
ұрынбай, шабыт шырқаған тұста шалынбай шалықтау да ақынның
азаматтық арына сын. Жаңақорғандықтар да сөз өнерін қадір тұтып, ақындық өнерімен танылған ақындарымен мақтана алады. Жыр алыбы Жамбылмен замандас болған Құтбай Дүрбаев, Құлан Алдабергенов, одан кейінгі кезеңде Халық ақыны Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Адырбек Сопыбеков, Жүсіп Қыдыров, Нұртас Исабаев, Нұрберген Тастаев, Әнуар
Әуелбек, Файзулла Сахиев, Байбота Серікбайұлы сынды қаламгерлердің өзіндік биігі бар. Арқалы ақын ретінде
талай сөз аламанында дараланған Әбілқайыр Сыздықов та қаламының қуатымен ерекшеленеді. Осындай
ақындардың буынын сөз еткенде, көпшілікке әлеуметтік желі арқылы танылып үлгерген үш бірдей жерлес ақындарымыздың өлең жолдарынан қара сөздің қасиетін ұғасың.Біріншісі – жайылмалық Мадияр Оспанов. Оның өлеңдері қырғыз, ағылшын, үнді, араб, түрік тілдеріне аударылған. «Абай және Қазақ даласы» атты өлеңі Түркияның «Mersin Іzlem Gazetasi» басылымында жарияланса, «Дала даусы» атты өлеңі «Otteri Selvakumar» Халықаралық әлеуметтік әдебиеттер журналында
ағылшын тілінде жарық көрді. Бүгінгі заманда әдеби өлшеммен алғанда бұл үлкен жетістік, биік асу.
«Ақынның сыры – жырында» демекші, Мадиярдың өлеңдеріне үңілу арқылы ақындығын тануға болады.
Өзімді айтсам...
Менің мекен-жайым ба?
Қаратаудың бойында...
Кеңге жайған құшағын,
Жазиралы Жайылма.
Сонда туып, ержеттім,
Батасын ап мен көптің.
Шамын жақтым үміттің,
Дәмін таттым еңбектің.
Гүлін тердім қырлардың,
Ата-анамнан үлгі алдым.
Араласып талаймен,
Жігер бойлап, шыңдалдым.
Бала күнім – тым тәтті,
Болашаққа тіл қатты.
Таңғажайып бір әлем,
Махаббатын жырлатты.
Куәсі боп жан-жақтың,
Егін егіп, мал бақтым.
Ақындықты пір тұтып,
Жат қылыққа бармаппын.
Өмір жолы – әрқалай,
Айтар сырым бар талай.
Жиі аңсаймын өткенді,
Сағынышым тарқамай.
Арман, тілек – қос бағыт,
Жүрегіме от жағып.
Алаулаттым өлеңді,
Мен – Мадияр Оспанов! – дейді.Ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың өлшемі
сезім мен сырға толы өлеңдерінен көрінеді. Мадияр ізгілікті ізденіс пен    ерен еңбекті ұштастыру арқылы
өнердің сан қырын меңгеруге талпынып жүр. Оның сазгерлік қыры
соған дәлел.Екіншісі – бесарықтық Ерсұлтан Мұстафаев. Адамның ішіндегі тұнып тұрған талантты ашатын тылсым
ғажайып күш өлеңде десек, осы өлеңнің қадір-қасиетіне бас иетіннің бірі – Ерсұлтан.
2021 жыл. 11 ақпан. Түннің қоюланған сәті. Қазақ радиосын қостым. Амангүл Ермекқызы жүргізетін «Жырлайды жүрекке» көңілім ауды. Қонақта сыршыл ақынның өлеңдері оқылып жатты. Бағдарлама барысында ақынның жаңақорғандық екенін білдім әрі өлеңдеріне назар салдым. Жазбасы жап-жақсы, лирикалық сарында.
Сезімге бай, сыршыл, бәрінен бұрын ұлттық бояуы қанық.
Фариза Оңғарсынова апамыздың:
«Сенсіз өмір өмір ме? Құрсын бәрі!
Өлген артық мұнан да дала құшып»
деген жолдары есіме түсіп отырғаны.
Сол секілді Ерсұлтан ақынның
арнауынан да өлеңмен сырласқан
жанды аңғаруға болады.
– Кім білсін тәтті жыр ма, мұң ба бөтен,
Ақынбыз пана табар жырға мекен.
Білсек те өмір бар да өлім барын,
Дейміз – ау мен өмірді жырлап өтем.
Қанатын кеңге жайып сұрапыл жыр,
Сан сұрақ көкейінде тұратын кіл.
Сағынып қара өлеңнің падишасын,
Жыр оқып жер бетінде бір ақын жүр.
Теңселіп тау мен дала қара қайың,
Тәтті жыр бәрін бірге бағалайтын.
Тұрғандай мұңын сірә ішке бүгіп,
Ақынның табиғаты аялайтын.
Жыр тиек қызыл тілге көмейдегі,
Торғай өлең ажалсыз өлмей ме енді?
Қабырғасы қайысып қара өлеңнің,
Қара қалам иесіз қала ма енді?
Әр өлеңі нұр беріп келбетіне,
Жыр бесігі тұратын тербетіле.
Ызғарымен Қаңтардың ақын кетті,
Мініп алып өмірдің кемесіне.
Жыр жоқтатпай тұлғалық ғазиз атын,
Сыр ұғамыз жырынан мұңға жақын.
Муза шыңға айналған нәзік жүрек,
Ұмытпайды қайран ел Фаризасын, –
деп нүктесін қояды.
Үшіншісі – Семей топырағынан
нәр алса да Сырдың сырлы толқыны
шабыттандыратын Ардақты Камак.
Абай айтқандай, Ардақты өлеңді ермек
үшін жазбайды, тәлімгерінің бойына
адамдық, адалдық рухын сіңіруге мән
береді.
– Көктем келді, қыс ызғарын қуалап,
Күн көзінен үт тамды.
Шуағына бойы балқып тұр алап,
Жер бусанып, шықтанды.
Тал-қайыңдар кербездене керіліп,
Күннің көзі жылынды.
Көктем-қыздың жұпар исі сезіліп,
Қыттықтайды мұрынды.
Бәйшешектер қардың сөгіп көбесін,
Тіршілікке ұмтылды.
Күндіз- түні айналатын өз өсін,
Жер ерекше құлпырды.
Қызыл-жасыл жамылып-ап шәлісін,
Көктем келді жәй басып.
Су толтырып сай-сала мен жар ішін,
Айналаны жайнатып.
Баурап жанды бара жатыр ән салған,
Құстар үні сиқырлы.
Шабыт алып сұлулыққа тамсанған,
Жүрегімде жыр тұнды.
Шалқып көңіл, көктем болып ән
салдым,
Шаттық жырын көңілді.
Бар әлемге келіп кетті жар салғым,
Сүйемін деп өмірді! – деген жолдарынан
сыршылдық сипатты сезінесіз.
Әрине, әр ақын өзіне тән мінез-құлқымен, қабілет-қарымымен, қадір-қасиетімен ерекшеленеді. Оларды
ортақтастыратын тақырып біреу, ол –
елдіктің мерейін жырлау, тәуелсіздіктің
тұғырын толғау, тағиғаттың әсемдігін
жыр шумағына өзек ету.
Меніңше, біздің ақындардың
айтары бар, жазары көп!
Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі
01 маусым 2021 ж. 711 0