№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Нурикамал» әнімен танымал болдым

«Нурикамал» әнімен танымал болдым


Бала жасынан мұңлылау мінезді, музыкаға жақын өскен Нұрлан мектепті бітірген соң осы сала бойынша жоғары оқу орнына түсті. Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы институт қабырғасында оқып жүрген кезінде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында «Әзілкент» тобында өнер көрсетіп қала жұртшылығына танымал болып үлгерген. Ал жалпы көрерменге ақын апасы Ханбибі Есенқараеваның сөзіне жазылған Тұрдықұл Ізтайдың «Нурикамал» әнімен танымал болғанын өзі де мойындайды.
Студент болғанға дейін де ауылдағы өнерпаз аға-жеңгесі Болат пен Айнаның жанына еріп ауылдарды аралап, талай концерт қойған. Ашық қоңыр дауысты, өзі салмақты келген көрікті ұланның өнеріне әлеумет қошеметпен қол соғатын.
Оқуды бітіріп келген соң еңбек жолын аудан орталығындағы Әлшекей атындағы өнер мектебінде бастау нәсіп болыпты. Университетте жүргенінде баян аспабын қосымша үйреніп алғаны осы кезде кәдеге асты. Музыка мектебі директоры Қалдыбай Қошқарбай бір сөзге келмей жұмысқа қабылдады. Сонымен қатар өнер ұжымымен бірге концерттерге қатыстырып, жас талап­тың елге танылуына қамқорлығын аямады.
Мектепте мұғалім болумен қатар кент орталығындағы «Арман» мәде­ниет үйінің шығармашылық ұжымы қатарында шыңдалуына кеңес берген әріптестерінің ақылымен Нұрлан
2015-2019 жылдары осы ұжымның белді мүшесі болды. Өзі бала жасынан гитара аспабында керемет ойнай­тын. Осы ұжымдағы талантты жастар Алмат және Рашитпен бас қосып үшеуі «АРМАН» триосын құрып, жанды дауыста сахнаға шығып, керемет орындаулары көпті риза ете білді.
Бір жылдары арманшыл әншінің өз-өзін үлкен сахнада сынап көрмекке жұмыстан қол үзіп, Алматыға тартып кеткен де кезі болыпты. Дархан Шайдаров деген белгілі әншілердің продюсері болып жүрген жігіт мұның даусына қызығып, шабытын жанып, мотивация беріп, қамқорлық жасап бағыпты. Тоқтар Серіков,  Дәурен Сердалиев деген композитор ағалары мұны жанына жақын тартты. Солармен бірге тойға шыққан да кезі болыпты. Бір таң қалғаны, мықты аппаратурамен ән айтудың ләззаты бөлек, тіпті көкте қалықтап ұшып жүргендей жеңіл шырқап, өз дауысының үніне өзі елтіген сәтте жанды дауыста айтып тұрған өзін халық та соншалықты құштарлана тыңдайтынын сезінді. Бірақ бір қиыны, жас жанын қарытып өткен бақай есеп, сасық қулықтан аспайтын көріністерге куә болғанында ондайлармен де шығысып, түк болмағандай көніп жүре берудің тап-таза жанына өте ауыр соғатынын да бағамдап үлгерген. Алдап-арбау үлкен ортада да көп сықылды, апа-көкеге арқа сүйеген тамыр-таныстық жағалайтынға табиғаты сәйкес келмеді. Сөйтіп қайта ауылға оралған жігітті туған ауылы – Сүттіқұдықтың орта мектебі дирекциясы білім ошағына музыка пәнінен дәріс беруге шақырыпты.
Қазірде Нұрлан Базарбекұлы ауыл мектебінде музыка пәні мұғалімі. Негізгі пәндер қатарында музыка пәніне аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын маман өзін өнердің ғана емес, тәрбиенің де ең бір маңызды тұтқасын ұстап отырған адаммын деп есептейді. Неге? Жас өрен музыка пәнінде ән жаттап, күйдің құдіретін сезініп қана қоймайды, жаратылыстың сырына құлақ түріп, жан мен тәннің үйлесімін зерделей түседі. Бұл екеуі үйлесім таппаған жерде адамдық табиғатыңа сына түседі. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де сол, музыканы түсінбейтін, оның ырғағына ілесе алмайтын жан өмірде де қайғы мен қуаныштың аражігін ашып, сезімін білдіре алмайтын иісалмас біреу болып шығатынына  осы жас өмірінде көзі жетіп, көңіліне орнықтырды. Сондықтан алдында отырған оқушыны барын салып, ән мен жырға баулып, өнердің рухани қуатын түйсінуіне аянбай тер төгіп келеді.
– Қазірде өзіңнің репертуарыңда қандай әндер бар? Той әндеріне деген көзқарасың қандай? – деген сауал тастадық кейіпкерімізге.
– Той әндері жеңіл ырғақты болып келетіндіктен оған жастар жағы көп құмарлау. Әйтсе де осындай әндерге сынның көп айтылуы ән мәтіндері мағынасыз болып кеткендіктен. Өнердің қай түрі болмасын көркемдік сапасы төмендеген жерде өрісі тарылады. Жүрекке жетпейді. Оның кемшілігі той әндері болғандығында ғана емес, мәселен ғасыр жасап келе жатқан Досмұқасан орындауындағы «Той жы­рын» алайық. Мағынасы да, мақамы да жүрекке жақындығымен мезгіл мінберінен түскен жоқ. Тыңдаушының көңіліне қай кездегідей ыстық, жақын. Өнер осы биігінен түспеуі керек. Ол үшін кім көрінген ән жазып, клип түсіретін қазіргі тенденцияны реттейтін заң керек. Көркемдік кеңес талапты мінберден көрінуге күш салуы керек деп ойлаймын, – дейді ол.  Соңғы кезде өзі «Жайлаукөл кештері», Қытайда тұратын бір қазақ азаматының әні «Бір досым бар» әніне жүрегінің ықыласын  төгіп, ерекше махаббатпен орындап жүргенін де жасырмады.
Ол редакциямызға өзімен бірге ала келген гитарасын қолына алып, «Табиғатым-махаббатым» әнін орындап берді. Өзінің реңі де, даусы да Жұбаныш Жексен ағасына ұқсайды екен. Ал өзі «Мұзартқа» қатты ден қойып, 2004 жылы аранйы іздеп барып, студия­сын көргенін айтты. Қатты құштарлық­тан ба, қазір де сол жігіттермен түсінде бір жүретінін жасырмады.                         
Ол бүгінгі күн мақсатын төмендегіше жеткізді.
– Ауылда мектепте музыкадан сабақ беремін. Дәтке қуат ететінім, өзім жетпеген шыңдарға шәкірттерім жетеді деген үмітім зор. Шамил деген талантты оқушым алтыншы, Сезім төртінші сы­ныпта оқиды, екеуі де талабымен тас жарып келеді. Болашағынан күтерім мол. Балаларды патриоттық тақырыпта хор айтуға баулудың нәтижесі кісі күтпеген ынтымақты жағдайға қол жеткізетініне іс-тәжірибелерім дәлел. Хор айта білген бала қоғаммен бірге болады, үні де, үлгісі де бір жерден шығады. Көппен санасатын саналы да, патриот азамат болып қалыптасатынына аға ұрпақтың өмір жолдары жарқын мысал бола алады.
– Болашақтағы арманың қандай?
– Түсімде үнемі үлкен сахнада ән шырқап тұрамын. Оны шындыққа айналдыру өзімнің ерік-жігеріме бай­ланысты екеніне сенемін. Сол жолда еңбектеніп келемін, – дейді ол.
Нұрлан үйдің ең кенжесі екен.Атасы Дүйсебайдың інісі қолынан домбырасы түспеген өнерге өте жақын болған кісі екен. Қаратаудың етегінде бабасы Дүйсебай ашаршылық кезде қырық үйді асыраған екен. Бес қақпаны үйінде сақтаулы тұр. Бұл жер әлі де «Дүйсебай тауы» деп аталады екен. Тау етегінде  қысы-жазы аң аулап, етектегі елді аман сақтап қалған Дүйсебай аталары сонымен бірге палуан кісі болған. Ол кісінің  осы маңда егіс егетін болғанда  кедергі болған нән тасты бір өзі аулаққа апарып тастағаны жөнінде аңыз бар. Біздің кейіпкеріміз сол бір тасты әкесі Базарбек екеуі орнынан да қозғай алмағанын айтты бізге.
 
Баян Үсейінова
25 шілде 2023 ж. 461 0

Ұқсас жаңалықтар: