№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жақсы адам қартайса – қазына

Жақсы адам қартайса – қазына

– Бүгінгі елде болып жатқан өзгерістер, жаңа бастамалар халықтың көңілінен шығып жатыр деуге болады. Қазақстан қазір дамудың даңғыл жолына түсті. Әсіресе, экономикалық өсімнің артуы ел әлеуетін жақсартып келеді. Кәсіпкерлерге кеңінен қолдау көрсетіп, жұмыс жасаймын деген адамға мол мүмкіндік туғызды. Осыған шүкір айтып отырамын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының сарабдал саясатының арқасында тың бастамалар орын ала бастады, көшіміз ілгеріледі. Бұл да тұрақтылық пен тәуелсіздік туын тіктеп жүрген азаматтардың абыройы. Дегенмен, әлі де шаруаны ширата түсу міндеті тұр. Ол үшін жастарымыз қызметіне жауапкершілікпен қарап, өз ісінің озаты болса, – деп бастады сөзін қария. – Өмір жолыңызға қарасам, қарапайым жұмысшыдан, ауыл әкіміне дейінгі беделді қызметтерде еңбек етіпсіз. Жалпы, қызметте абыройлы болудың сыры неде? – Біздің уақытымызда ар-ұят бірінші орында тұратын. Ардан ары аттамайтынбыз. Белгілі бір қызметке тағайындаса, сол жауапкершілікті сезінетінбіз. Қазір атақ, абырой, мансапты жоғары қоятындар көбейді. Соның салдарынан жемқорлық қоғамды жай­лап, кей сала кешеуілдеп қалды. Ең бірінші, ел қызметінде жүрген тұлғаларға жауапкершілік керек. Онсыз жұмыстың маңызын түсіне алмайсыз. Екіншісі, еңбекқорлық – жігіттің қаруы. Еңбексіз ешқандай жетістікке жете алмайсыз. Міне, осы екі қасиет адамды алға жетелейді. Ең бастысы, еңбексіз құрылған өмір мағынасыз екенін түсінген абзал. Себебі, адал еңбек ардың тазалығын көрсетеді. – Қызмет жолыңыз қалай басталды? – Өзім 1976 жылы ПМК-21 де қарапайым жұмысшы болып еңбек жолымды бастадым. 1978 жылы әскер қатарына қабылдандым. Отан алдындағы борышымды абыроймен атқарып, елге келгеннен кейін Түркістан совхозына жұмысшы болып орналастым. Ол кезде тәрбие бөлек еді ғой. 1980 жылы совхоздың комсомол ұйымының секретары, 1983 жылы аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1985 жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары, 1989 жылы Түгіскен ауылдық совет атқару комитетінің төрағасы болдым. 1991 жылы Қандөз ауылдық совет атқару комитетінің төрағасы қызметіне бекітілсем, 1994 жылы Қандөз ауылдық округінің әкімі болып тағайындалдым. 1998 жылы мемлекетік мекемесінде өндіріс бригадирі, 1998 жылы шаруа қожалығын ұйымдастырып, өз шаруа қожалығымда еңбек еттім. 2000 жылы Жаңақорған орман шаруашылығына жұмысқа орналасып, зейнетке шыққанша сол жерде абыройлы еңбек еттім. Менің өмірден түйгенім адам баласының қызметте өсуі адалдық пен туралықтың арқасында екен. – Өзіңіз де ауыл басқардыңыз. Кешегі кеңестік жүйенің де, бүгінгі нарықтың талаптарын да жақсы білесіз. Басқару жүйелеріне қандай баға берер едіңіз? – Айналайын, екі кезеңнің арасы жер мен көктей ғой. Ол уақытта көп нәрсеге тыйым салды, белгілі бір бағдармен жұмыс жасадық. Ал, қазір ауылды дамыту үшін мол мүмкіндіктер қарастырылған. Әсіресе, кәсіпкерліктің дамуын ұтымды ұйымдастырып, ауылдың әлеуетін көтеруге болады. Шыны керек, біз өмір сүрген уақыт қиын-қыстау кезең, таршылық пен жоқшылықтан өтіп, тіршіліктің қам-қарекетін түзету болды. Қазаны қайнаған ел арасында жүріп нағыз еңбекпен шыңдалдық. Жалпы, айтқанда келер ұрпақ үшін қызмет етуді көздедік. Ал, қазір шүкір бәрі бар. Туған жеріме қызмет етемін, ауылымды көркейтемін деген адамға, мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Сондықтан да, адамның ниеті түзу болса, үлкен істерді атқаруға болады. – Сіздің пікіріңізше, басшыда қандай мінез болу керек? – Басшыға кішіпейілділік, қарапайымдылық қасиеттері көрік берсе игі. Ең бастысы, ісіне адал әрі жұмысының білгірі болғаны абзал. Сонда жұмыстың сапасы артып, алға жылжуы ілгерілейді. Осындай ұстанымды бала жастан қазық тұттым. – Кейінгі ұрпаққа әкелік өсиетіңіз... – Ұрпағыма айтарым – өмірге адам деген атпен келгеннен кейін, сол атқа кір келтірмей, адам болып өту маңызды. Өзгенің ала жібін аттамай, адал жолмен нан таба білуді үйрену керек. Өтірік айтып, ұрлық жасамау керек. Екіншіден, сертіңде тұра білу де тектілікті білдіреді. Сондықтан, аманатқа қиянат жасамау да адамгершіліктің шыңы деп түсінген жөн. Мен осы ұстанымдарымның арқасында басымды ешкімнің алдында төмен ұстаған емеспін. Кеңестік кезеңнің бір артықшылығы қазақты кітаппен достастырып, көркем әдебиетке іңкәр етті. Ауылда өскен қазақ баласы үшін ауыл кітапханасы, ондағы қазақша газетжурналдардың тігінділері, көркем әдеби шығармалар үлкен ақылшы, қиялыңды тербеп, мақсатқа жетелейтін бағдаршам болды. Қазіргі адам баласы ақпараттық ағынның ағысымен бірге ағып бара жатыр. Бұрындары ғаламтор деген болған жоқ. Бүгінгі жастардың санасы ғаламторға тәуелденіп қалғандай. Тіпті, үлкендердің өзі ұялы телефоннан баспасөз беттерін шолып шығуды жөн көріп жатады. Дегенмен, кітап – өткеннің рухы ғана емес, келешектің кілті екендігін де естен шығармауымыз керек. – Бүгінгі өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Қазір дипломы бар түлектердің бос жүргені көп. Ауылда жастарға жұмыс бар ма? – Тәрбиеге көңілім толады деп айту қиын. Жасыратыны жоқ оған өзіміз кінәліміз. Мәселен, мектеп қабырғасындағы кейбір пәннің орнына имандылыққа тәрбиелейтін дәрістер берілсе, сол арқылы балаларды шыншылдыққа, туралыққа үйрететін едік. Тек қазақы болмысымыздан, ұлттық тәрбиемізден айырылып қалмасақ игі. Себебі, жастар біздің болашағымыз. Расында, қазір мемлекет тарапынан қабылданып жатқан заңдар жетерлік. Түрлі жобалар бар. Соны біздің жастар игілігіне пайдалана алса дейміз. – Өткен өміріңізге ризасыз ба? – Аллаға шүкір! Ер-азамат, әке ретінде өмірден опық жедім деп санамаймын. Бүгінгі күні ақ сақалды ата атанып, елдің ілтипатына бөленіп, еңбек ардагері болуымның өзі өмірден өз орнымды тапқанымның айғағы деп білемін. Адам баласы өмірге келген соң адал асын тауып, қызметтің қай түрі болса да абыройлы атқарса, онда ол өмірден өз орнын тапқаны. Аман жүрген әр күнің бақыт. Отбасыңның амандығы, жақындарыңның жаныңда жүргені, деніңнің саулығы – бақыттың бастысы осы. Адам өмірде кездескен ақ пен қараға төтеп беріп, батқан күннің қайта шығатынын естен шығармай, жақсыға қарай ұмтыла беруі тиіс. – Бүгінде немере сүйіп отырған бақытты атасыз, бала тәтті ме, немере тәтті ме? – Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті деген рас екен. Бұрын балаларымыз айтқанымыздан шықпайтын болса, бүгінде немерелердің айтқанын істегің келіп тұрады. Теледидарды да солар көреді. Телефонды да солар ұстайды. Олар жылап жатса, ет жүрегің езіліп кетеді. Балалар кішкентай уақытта оны сезінбеген едік. Бәлкім, өзімізде бала болдық па? Қазір осы немерелерімнің, балапандардың арқасында үйімізге береке орнап, абыр-сабыр күн кешіп жатырмыз. Осы ұрпақтарымыз аман болсын! – Өнегелі әңгімеңізге көп рақмет!
Әсел РЗАЕВА
23 қаңтар 2023 ж. 308 0