Жас өнерпаздардың өрісі
Алатау бөктерін әсем әуенмен әрлеп, Алматы аспанын қазақтың жыр-күйімен тербеген өнерлі өрендер халықаралық «Бозторғай» байқауында бақ сынады. ХХІІІ халықаралық жас таланттылар додасында Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Украина және Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды бүлдіршіндер бас қосты. Сыр елінің атынан сынға түскен жаңақорғандық «Жас толқын» халықтық аспаптар оркестрінің ең жас өнерпаздары қазақтың қара домбырасын асқақтатып, әсем қаланы күмбір күйімен көмкеріп, туған өлкеге жүлдемен оралды. Әлшекей атындағы өнер мектебінің ұлағатты ұстазы Гүлсара Бұлдырықованың шәкірттерін құттықтап, байқаудан алған әсерімен бөлісіп қайттық.
Бұл байқаудың шартында 9 және 13 жас аралығындағы балалар өнер көрсетуі тиіс. Түрлі жанрда қатысқан таланттылар Рамазан Стамғазиев, Айгүл Үлкенбаева, Нағима Есқалиева, Лаки Кесоглу, Алишер Каримов сынды өнер майталмандарының алдында барын салды. Қызылорда облысынан басқа да жанрдан қатысушылары болды.
– Биылғы байқаудың шарты емес, талабы қатал болды. Сахнадан қарсыласты көруге, шабыт сыйлайтын көрермендерді де кездестіре де алмадық. Сайыс екі кезеңнен тұрды, екі кезең бойынша ең жоғары 120 балл жинауымыз тиіс болса, біз 98 ұпайды еңсердік. Шәкірттерім фестивальдің мәресіне ұйымдастырылған галаконцертті ашып берді. Ахмет Жұбановтың «№1 тәжік биі» және Сейдулла Бәйтерековтың «Кішкентай» шығармасын саз сырнайға салып, екі дауыста керемет орындап шықтық. Тобымызда 14 өнерлі жас болса, олардың орындау шеберлігіне қазылар алқасы жоғары ұпай беріп, үздік үштікке ендік. Бұл біз үшін үлкен жетістіктің кішкентай ғана баспалдағы, алда алар асуымыз жетеді, – деп Гүлсара апай қуанышымен бөлісті.
Біздің өнерлі балалар алдымен облыстық сында бақ сынап, бас жүлдені жеңіп, жолдамаға ие болды. Содан бері ала жаздай төккен тер, еткен еңбек ақталып, балғындар жерлестерін қуантып қайтты. «Шыны керек, бұл байқауға дайындық жоғары деңгейде болды. Үш ай демалыста тыным таппадық, шәкірттерім де шаршады. Бірақ, арман алдамады, тек бас жүлде ала алмағанымыз өкінішті, алайда, қазылардың ықыласы ерекше болды. Орын алған топ келесі күні концертте өнер көрсетеді деген ақпарат естідік. Түнгі уақытқа дейін күттік, үмітіміз үзілген еді, ауылға қайтуға қамданып жатқанда, телефон шыр ете түсті. Сіздер ертең өнер көрсетесіздер дегенде қуаныштан жаңа туынды аяқ астынан өмірге келді. Ертеңіне сол шығарманы орындап, көптің назарын өзімізге аудардық» – деді ұстаз.
Иә, Гүлсара Бұлдырықова 26 жыл шәкірт тәрбиелеп, тәжірибесін шыңдаған маман. Әлшекей атындағы өнер мектебінде фольклор сыныбының оқытушысы. Шәкірттерінің алдыңғы буыны Елорда, Алматы шаһарында білім алса, жартысы ұстаздық жолда жүр. Ал, кешегі өрімдей өнерлі балалардың ішіндегі ең кенжесі Нұрханым Қалиллилла, «Бозторғай» байқауында сазсырнайымен көпті тәнті еткен қыздың арманы асқақ.
– Менің болашағым шығармашылықпен байланысты, өскенде үлкен сахнада өнер көрсеткім келеді. Қазір №56 мектептің 6-сынып оқушысымын. Өзім үйдің екіншісімін, 3-сынып оқып жүргенде үйірмеге қатыстым, 3 жылдың ішінде жетістігім аз болмады. Ең алдымен, ата-анама, ұстазыма және тобымдағы құрбы-құрдастарға үлкен рахмет. Бұл біздің алғашқы баспалдағымыз, бұйырса алда жарқын жетістіктер күтіп тұр, – дейді Нұрханым.
Келер жылдың ақпан айында Сыр өңірінде республикалық деңгейде музыканттар байқауы өтеді. Тек қана музыка саласы бойынша сынға түсетін жас өнерпаздарға «Жас толқын» тобы да баруға бел байлап отыр. Байқаудан бәйгемен оралған тағы бір талантты қыз Айым Тұрғанбек те алған әсерін жеткізді. «Қобалжу болды, бірақ оның барлығын сахна сыртына қалдырып, сеніммен шықтық. Бұл байқаудан алған әсер орын алғаннан кейін байқалды. Қаншама мықтылардың ішінен жүлде алу бақыты бұйырды. Ұстазымыздың үмітін ақтай алдық» деді сазсырнай, әрі домбырашы қыз.
Біз осындай оқушылардың жетістігімен қуанамыз, мақтанамыз, қолдау көрсетеміз, бірақ демеу беруге сәл мән берсек жөн болар еді. Бұл жөнінде Гүлсара апай нақтылап өтті.
– Бізге қолдау құрал-жабдық, яғни аспап жағынан болса. Бізде жыл сайын домбырадан басқа инструменттерге мүмкіндік қарастырылмаған. Ғимаратымызды көріп тұрсыздар, одан бұрын құрал-сайманымыз сақадай сай болса деген ұсыныс-тілегіміз бар. Өйткені, ірі-ірі байқауларда өзгелерге алақан жаюға тура келеді. Мәселен, кешегі «Бозторғайға» Түркістан облысының өнер ұжымынан алуға туралы келді. Ол жақтағы өнер үйлері тіптен бөлек, қанша дегенімен жаңа аспап балалардың шығармашылығына үлкен әсер етеді ғой. Ал, бізге әр баланың жан дүниесін түсініп, ішіндегі талантын ояту үлкен міндет. Әр бала ашылмаған құпия, сыр сандық, сондықтан ең бірінші баланы қызықтыру керек, ол үшін заманауи жабдықтар болса, – дейді мұғалім.
Жаңақорғанда қаншама талантты, талапты жастар өсіп келеді. Олардың бабы мен бағын келтіретін ұстаздар қауымына сәттілік тілейміз!
Әли ТЕМІРБЕК