№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әлеуметтік желі һәм елдік мүдде жолы

Әлеуметтік желі һәм елдік мүдде жолы

Мексиканың әлеуметтік стратегі Муис Мигель Лопестің айтқаны дәл келе бастағандай.

Ол: «...бізде 20-25 миллионнан аса подписчикті қамтитын блогерлер бар. Тіпті 50 миллионға дейінгі аудиторияға әсер етеді. Енді әлемдік тенденция кері шегінбейді. Енді ақпарат беруде әлеуметтік желі басымдық ие болады әрі блогерлер мемлекеттік саясатты жүргізетін күшке ие болады», деген еді. Мейлі ғой, блогерлер дақпырт таратпай, елді сапалы ақпаратпен қарқ қыла берсін-ау! Бірақ, олай болмай тұр ғой! Әрбір постың артында жекенің мүддесі қылтиып шығатынына қарнын ашады.
Әлеуметтік желі арқылы қуанышын бөлісіп, өкпе-ренішін білдіріп, азаматтық ұстанымын білдіретіндер көп. Бірақ ақпараттық платформада сөз тазалығын сақтау аса маңызды іске айналды. Академик Рабиға Сыздықованың сөзінше, тілдің көркемдік қуаты, күші бар. Желіде желікпе сөз тарататындар мұны қайдан білсің?! Бұл ойды ғалым Жапсарбай Қуанышев қуаттап, жауыр сөз бен қысыр әңгіменің заманы туды, сөздің салмағы түсіп, қадірі кете бастады деп қынжылады. Шындығында әлеуметтік желідегі сөз сапасы – оның дұрыстығы, тазалығы, байлығы, дәлдігі, қысқалығы мен нұсқалығы, бедері қандай деңгейде? Бұл жөнінде мониторинг жүргізген тіл зерттеушілері мыңжылдықтардан негіз алатын ана тіліміз эсперанто тіліне (халықаралық жасанды тіл) айнала бастады деп дабыл қағады. Бұл жөнінде мысал келтіріп, блогерлердің сөз саптауын талдауға болар еді...
Осы ретте, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Сөзге серт» мақаласында: «Әрине жауырды жаба тоқымасақ, айтар ой, түйткілді мәселе де жоқ емес. Жаһандану заманының ақпараттық ағыны халқымыздың ғасырлар бойы ардақтаған құндылықтарын құнсыздандырып, ұлттық бет-бейнесіне селкеу түсіріп, арналы дәстүріміздің арқауын сетінете бастағаны шындық. Соның ішінде сөз де құнсызданды, сенімге селкеу түсті. Аузы дуалы, сөзі уәлі, байламы бәтуалы кісінің сөзіне тоқтау азайды. Жалған сөйлеп, жала жабуды әдетке айналдыру, ойдан құрағанын тексермей көшіргені үшін де, оны қайта өшіргені үшін де ауызбастырық алу кәсіп болды. Салиқалы сөз адуынды айқайға ұласты, адам мен айқай араласты, айтушы мен тыңдаушы адасты. Ұран салып, білек сыбанып, заһарын төгіп отырған бүгінгі виртуальды қаһарман өзінің ата-анасы мен отбасының, қасында отырған досы мен құдайы көршісінің басында не жағдай болып жатқанын сезінбеуі – оның желіге деп әлемдік торға әбден шырмалып, А.Чеховтың «Құндақтаулы адамының» жаңа тұрпатты бейнесіне айналғанын көрсетеді. Сұрыптаусыз келген сұрқай ақпарат топаны толастамай үдеп, небір қауіп-қатер, апат туралы дегбірді алатын дүбірдің дабылы соғылған сайын ашқарақтанған желі де желіктіріп алады. Қарап тұрсаңыз, желі – желөкпенің сөзіне, желіктің көзіне айналып барады. Әлемдегі түрлі оқиғаларды сол мезетте айнадан қарағандай тамашалап бейжай қабылдайтын бүгінгі тұтынушы тұйық желінің тұтқынына айнала бастағандай. Бұл үрдіс адамды әдеттегі жылы ағымды жаңалыққа селт етпейтін, керісінше үрейлі де дабыралы шындықтарға құмартып жүйкесі қанағат табатын ауытқушылыққа әкеледі. Осыдан барып бүгінгі буын айналасына, тіпті өзіне де зер салмайтын самарқау, сана-түйсігін түсініксіз үрей билеген бойкүйез, азаматтық жігері әлсіз боркемік, қатал да
тасбауыр болып кетпей ме деген ой алаңдатады», – деп бүгінгі қоғамның басты проблемасын айна-қатесіз табады.
Сөз – құдырет. Сөз – күш. Оның қуаты тасты балқытып, жерді төңкеріп жіберуге жетеді. Жер жүзіндегі өтпелі кезіндегі бетбұрыстар, революциялар сөздің құдіретімен жүзеге асты.
Құранда Алланың аяты қаламға және оның жазуына серт берумен басталады. Түптеп келгенде Құранның өзі – кәлам, аянның өзі – баян. Кәлам – Алланың сөз сипатының сәулесі. Жаратылыстағы ең асыл қазына ақыл десек, сөз – сол ақылдың жаңғырығы. Қаламгер Дархан Қыдырәлінің бұл сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Енді бір сәтке әлеуметтік желіге көз салып көрейікші. Елдің мүддесіне қарағанда, жеке бастың қамын күйттеген, белгілі топтың мұратын қорғаған жазбаларға көз сүрінеді (Көпке топырақ шапаймыз. Сапалы контент жүргізіп отырған блогерлер де бар. Бірақ саусақпен санарлықтай ғана. авт). Қазір ақпарат ағының көптігінен ақ пен қараны, ақиқат пен дағпырттың ара-жігін ажырату қиын. Ал фейк ақпараттың берілу тәсілін білмейтін мыңдаған адамдар теріс ақпарат алып отыр. Соның салдарынан жүздеген адам вакциналау туралы негізсіз ақпарат алып, қоғамда екі ұдайы пікір қалыптасты.
Тіпті фейк ақпараттар мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуде кері әсерін беретінін көріп отырмыз. Мұндайда Абай: «Сатып алма сөз сатса, ол асылды аңдамас» – дейді. Сөйтіп «сөзін сатқан», «жанын сатқан» адамдарды тексіз санатына қосады.
Осындайда «Сөйлей білмес жамандар, сөзді өзіне келтірер, Көше білмес жамандар, көшсе көлік өлтірер», «Жақсы тауып айтады, жаман қауып айтады», «Жақсының сөзі кепіл, жаманның өзі кепіл» деген ғибратты сөздер ойға келеді, әрі бұл сөздердің қадірі қашқанына қиналасыз...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
25 шілде 2021 ж. 517 0