Мәні артқан мәйекті шара
28 маусым күні Павлодар облысы, Успен ауданының өнер иелері Жаңақорған ауданына табан тіреген еді. Елдің солтүстік шеті мен оңтүстік шетіндегі екі өңірдің мәдени һәм рухани байланысының мәні өзгеше. Өнерде шекара болмаса да, өңірлік сипаты ұқсай бермейтін екі мәдени ошақтың бір арнада тоғысуы – көрер көздің мейірін қандырып, алапасын арттырғандай болды.
Шиін тартса түбінен аңыз ескен қарт Қаратау – әр қазақтың жүрегіндегі қасиетті әрі жұмбақ мекен екендігі ақиқат. Талай сырды ішіне бүгіп жатқан киелі мекеннің әр түйір тасынан тарих өрсе, әр уыс топырағынан өркениеттің иісі аңқиды. Өкінішпен ғапылға толы төбелер астында біздің төл мәдениетіміз, байырғы өркениетіміз жатыр. Соның бірі әрі бірегейі – Ұлы Жібек жолы бойындағы саудасы мен қолөнеркәсібі қатар дамыған Сығанақ шаһары. Тең жартысынан астам бөлшегін құм көмген осы бір киелі жерге табанымыз тигенде, бойымызды тылсым күш билеп, санамызды сілкіп алғандай болды. Ал осы қаланы бізге таныстыру үлгісі де «Сырға толы – Сығанақ» атты тақырыптық пролог ретінде көрсетіліп, біздегі көзбен көрген алғашқы түсінік те айтарлықтай әсерлі болды. Оған қоса, Қызылорда облыстық «Дәстүр» қолөнер орталығының «Дәстүрін дәріптеген аудан» атты этно көрмесіне қойылған бұйымдар да талай тарих пен өркениеттен сыр шертті. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің әр бұйымында көзге көріне бермейтін құпия құндылық жатқанын аңдап, таңдай қаға тамсандық.
Ал Сунақата ауылдық клубында өткен әр шараның мәні тіптен өзгеше. Алыстан ел тізгінін ұстарлық атпал азамат келді деп, «Дәстүрді дәріптейік...» деген желеумен, Павлодар облысы, Успен ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Медет Тауасқанға сәбидің тұсауын кестірді. Ежелден ырымға сенген халық екендігімізді паш етіп, жақсының жайсаңдығы жұқсын деген ниеттен туындаған жол-жосынды біз де қош көрдік.
Ең қызығы, әрі біз күтпеген тосын жағдай, «ауызға түкірту» ырымы болды. «Сендей адуынды ақын болсын, немеремнің ауызына түкіріп бер» деп немересін ертіп келген апамыздың алдын кесіп өте алмай, тиісті ырымын жасап бердік. Десе де, біз үшін бұл үлкен салмақ, ауыр жүк болды. Өйткені, бұл ырымды өтеудің өзіндік салмағы, жоралғысы бар. Әдетте баланың ауызына түкіруші адам – елге танымал, белгілі бір қырымен жұрттан озған тұлға болады. Мысалы, белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың аузына ақын Мағжан Жұмабаев, атақты заңгер Еркін Баймурзиннің аузына нағашысы, қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов түкірген деседі. Сондықтан, ата-баба тарихынан келе жатқан ырымның астарынан гигиеналық кемшіліктер іздеудің қажеті жоқ», – дейді ол. Айта кетейік, қазақстандық белгілі әншілердің бірі Мейрамбек Бесбаев та бала кезінде аузына композитор, әнші, Қазақстан халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың түкіргенін бірнеше сұхбатында айтқан болатын.
Ал бізді сондай дәрежеге көтеріп, ел алдында алқағанын күтпеген едік. Солайда жосыннан аттап өтуді арымыз көтермей, ырымын жасап, жақсы ниетпен баланың болашағының нұрлы болуына тілектестік білдірдік.
Одан әрі Ұлттық домбыра күніне арналған «Ұлы дала әуені» атты күйші, композитор Әлшекей Бектібайұлы атындағы домбырашы, күйшілердің аймақтық өнер фестивалі де жоғары деңгейде өтті. Байрақты бәсеке арғысы – Павлодар, Түркістан облысының күйшілерін қамтыса, бергісі – Қызылорда қаласын, Жаңақорған ауданының домбырашы-күйшілерін қамтыды. Әлшекей Бектібайұлы атындағы қоғамдық қордың өкілі, Жаңақорған ауданының тумасы Марат Жанғазы ағамыз осы шараның басы-қасында болып, күйшілерге қазылық етіп, қара қылды қақ жарды дерліктей оң бағасын берді. Домбыра мен қобыз күйін қатар ала келген 8 қатысушы Әлшекей Бектібайұлының шығармашылығын дүйім жұртқа паш етті. Солардың ішінде өзгеден оза шауып, Павлодар облысы, Успен ауданынан келген Табиғат Қайратұлы бас жүлдені қанжығасына байлады.
Біз куә болған тарихи сәттер дерлік шаралар бірінен соң бірі өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз қалам тербеген солардың бір парасы ғана, сырлы мекеннің тұмбасынан қайнап шыққан сап өнердің бізге бергені, енді берері – алдағы өміріміздің күней тұсына жазылатын тарих болып қала бермек!
Нұрбек КЕҢЕСБАЙҰЛЫ,
Павлодар облысы, Успен ауданынан