№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мәдениет қызметкерлері марапатталды

Мәдениет қызметкерлері марапатталды

Жаңақорған ауданы әкімдігінің мәжіліс залында мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Карантин талаптарын сақтай отырып өткен жарқын кездесу барысында төл мереке иелері марапатталып, зор қошеметке бөленді.

Халқымыздың рухани байлығын, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген талант иелерін қабылдаған Руслан Рүстемұлы аудан мәдениеті мен өнерінің дамуына, өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлеріне шынайы тілектестігін білдірді.
– Халық даналығында «Өнер – ұлттың жаны» деген мағынасы терең сөз бар. Өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Сондықтан түрлі шара­ларды ұйымдастырып, ұлттық өнер­імізді дәріптеуде тиянақты іс тындырып жүрген сіздер даңғыл жолдағы басты мамансыздар. Халыққа мәдени, ру­хани қызмет көрсетіп, елдің риза­шылығын алып жүргендеріңіз де шынайы еңбектеріңіздің арқасы. Елдің келешегінің кемел, болашағының жар­қын болуы үшін өңір мәдениетін дамытуда қызмет ете беріңіздер. Баршаларыңызға шығармашылық жолда толағай табыс, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – дей келе аудан мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне өз ойларын қосып жүрген мәдениет қызметкерлерін марапаттау рәсіміне кірісті.
Осылайша кәсіби мереке күні қарсаңында аудан әкімінің «Алғыс хатымен» Бірлік ауылдық кітап­ханасының кітапханашысы Күләш Сұлтанбаева, аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Құралай Мұсахметова, Көктөбе ауылдық клубының сүйемелдеушісі Болысбек Бурабаев, Төменарық ауылдық кітап­ханасының кітапханашысы Нұргүл Есір­кепова, «Қаратау қазынасы» халықтық фольклорлық ансамблінің мүшесі, домбырашы Гүлнәр Әбдішева, №2 кенттік кітапхананың кітапханашысы Ғалия Машрапова, М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің бас есепшісі Бағлан Кембилбеков, Екпінді ауылдық клубының сүйемелдеушісі Жаңабек Қалыбеков және Манап ауылдық клубының эстрада әншісі Күндана Пірімқұл марапатталды.
Одан әрі салтанатты басқосуда сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова аудан әкімі Руслан Рүстемұлына мәдениет саласы меке­мелерінің техникалық базасын жаңартып, музыкалық аспаптар мен ұлттық киімдер алуға қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.
– Төтенше жағдай кезінде көрер­мендерімізден қол үзбей, әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып, түрлі форматта іс-шара ұйымдастырып, оны халыққа ұсынудың өзі үлкен еңбек. Міне, сол еткен еңбек пен төккен тердің жемісті күніне куә болып отырсыздар. Осы ретте марапат биігінен көрініп, зор қошеметке бөленген сіздерді құттықтай келе ұлттық өнерімізді насихаттауда, оны келешек ұрпақ санасына жеткізу жолында аянбай еңбек ете беріңіздер демекпін. Әрдайым абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем болсын, – деді сала басшысы.
Осы күні өз қуанышымен бөліскен Бірлік ауылдық кітапханасының кітапханашысы Күләш Сұлтанбаева: «Бұл үлкен қуаныш, үлкен мәртебе. Алғысым шексіз. Осындай марапатқа лайық деп танылғаныма қуаныштымын. Өңір мәдениетінің еңсесі биік, рухы жоғары болуы үшін еңбек етуден жалықпайық», – деді.
Иә, әсерлі басқосудан біз де тағылымды кеште ұлтымыздың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы мен парасаты мәдениет пен өнер екенінің тағы бір куәсі болып тарқастық.

Лаура БИБАСАРОВА
25 мамыр 2021 ж. 646 0