«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Баланы бейнекамера қорғай ма?

Баланы бейнекамера қорғай ма?

Әлеуметті дүр сілкіндірген Теміртау қаласындағы балабақша тәрбиешісінің іс-әрекетінен соң, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елдегі барлық балабақшаға 2021 жылдың бірінші қаңтарына дейін бейнебақылау орнатуды тапсырған-ды. Осы тұста, жаңақорғандық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қаншалықты камерамен қамтылды? Осы жөнінде жауапты мамандардан сұрап көрдік.

 
Жауапты ведомстваның ақпаратына назар аударсақ, елдегі 6530 балабақшаның 4510-на камераға қосылды. Ондағы мақсат – балалардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету. Баланың балабақшаға кіргенінен үйіне қайтқан сәтіне дейін бүкпесін баяндайтын бейнекамераның үздіксіз жұмыс істеп тұруы міндеттелді. Бірақ камераның сапасы қалай, ақпаратты жадына сақтайтын мүмкіндігі бар ма? Әлде есептілік үшін камера қойылса болды ма? Бұл бір үлкен мақалаға арқау болатын тақырып. Сондықтан балабақшалардың камерамен қамтылу деңгейі жайлы сөз етуді жөн көрдік.
Аудан бойынша 124 мектепке дейінгі ұйым бар, ондағы тәрбиеленіп отырған бала саны – 6207. Тарқатар болсақ, 26 мемлекеттік балабақшада – 1612 бала, 78 жеке меншік – 4000 бала, мектеп жанындағы 20 шағын орталықтарда – 595 бала ресми тіркелген. Жалпы, 1-6 жаста 11346 бала болса, оның 6207-сі балабақшамен және 1861-і мектеп алды сыныбымен қамтылған. Аудан бойынша 1-3 жастағы 715 бүлдіршін балабақшада тәлім алуда. Соңғы бес жылдың мәліметінше, ауданда  3-6 жастағы балалар 100 пайыз  балабақшаға барады.
Мектепке дейінгі мекемелерде 971 педагог қызмет етеді. Оның жоғары білімдісі – 692, орта білімдісі – 279. Біліктілік санаты бойынша тарқатсақ, жоғары санатты педагогтар – 9, І санаттылар – 96, ІІ санаттылар – 269, санатсыз педагогтар – 597.
Эпидемиологиялық ахуалға байла­нысты кезекші топтағы тәртіпті сақтай отырып 15 баладан тәлім беріп жүрген тәрбиешілер қауымының көбі жаңа жылдан бастап камералық режимде қызмет көрсетуде. Яғни, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін 23 балабақшада ғана камера болса, қазір барлық балабақшада камералар іске қосылуда. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің маманы Ұлан Бейімбетов:
– Өткен жылы мектептерде камера орнатылса, қазір балабақшаларда камера орнатылуда. Құжаттамасы әзірленіп, меңгерушілермен келіссөзге отырдық. Көктемге дейін толық бейнебақылаумен қамтылады, – деп түсіндірді.
Ал, біздің ауданда бала қауіпсіздігі үшін қойылған камералар қай балабақшада бар? Осы сауалды ең алдымен ауданның прокуроры Дарын Әбіштен сұраған едік.
– Балабақшаларда бейнебақылау орнатылу деңгейі артуы көптеген құқық бұзушылықтың алдын алады. Бұл бір жағынан, бала қауіпсіздігін күшейтсе, екінші жағынан ақпараттық қолжетімділігін туындатады, – деді.
Ал, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Айбол Жолдас­баев:
–            Ауданда тәрбиешілердің үстінен ата-ана­лар­дан шағым түссе шұғыл түрде оқиғаны анықтауға кірісеміз. Осы кезде мекемедегі бейнекамера жадынан бейнебаяндаманы қарап, оны сараптамаға жібереміз. Егер қандай да бір құқық бұзушылық дерегі анықталса, заң алдында жауапқа тартылады, – деп ескертті.
Құзіретті орындар қандайда бір шағым түссе, оны зерделеуге әзір екенін айтады. Бұрыннан камералық режимде қызмет жасайтын «Болашақ», «Алпамыс», «Арнайы балабақша», «Жұбаныш-А», «Еркетай Орталық», «Асылзат-Дарын», «Нұрай-Қыдыр», «Нұрлы-Сенім» балабақ­шасында 18-12 камераға дейін орнатылған. Мұны ата-аналар қалай бақылай алады? Мұны балабақша меңгерушілерінен сұрадық. 
–            Балабақша ашылған күннен бас­тап бейнекамераны орнатуды жөн көр­дік. Себебі тәрбиешінің іс-әрекетін үнемі бақылап отыру маңызды. Екінші жағынан, ата-аналардың сенімін арттырды. «Баламның аяғына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп реніш білдіретіндер де кездеседі. Оларға камерадан үзінділерді көрсетіп, түсініспеушіліктің алдын аламыз. Әрине, балалар көбіне сүрінуден, соқтысысудан және байқаусыздан дене­лерін көгеретеді де, «апай ұрды» деп анасына шағымданады. Біз ата-анасына болған жайды көрсеткенде ғана сабырға келіп, түсініп жатады, – дейді «Еркетай Орталық» балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Сүлейменова.
Ата-аналар балабақша таңдағанда бірінші кезекте тәрбиешілердің санатына, тәжірибесі мен біліктілігіне назар аударады. Сосын  көбісі өз таныс-тамырына, туыс-жегжатына сеніп, баласын балабақшаға береді. Осының өзі баланың қауіпсіздігіне толық кепілдік емес. Мұны кент тұрғыны Шарипа Аманжолқызының пікірінен аңғардық.
–     Кентте балабақша көп-ақ. Өзім үйдегі 4 немеремді 4 балабақшаға бердім. Бірі досым, бірі туысым, енді бірін ағайыным дегендей. Алайда немерелерімнің жайы болмады. Бір күні киімі жыртылып, бір күні киімдері жоғалып келеді. Даулайын десең, танысың. Жәй ғана ескерткенмен нәтиже болмады. Сосын мемлекеттік балабақшаға бердім. Осы шешімім дұрыс болды. Өтініш айтсақ, камераны көрсетіп, балалардың балалығын көзімізге көрсетеді. Күпті көңіліміз орнына түседі, – дейді ақ жаулықты әже.
Расында, баланың болмашы жара­қатына мән бермей, «туыс-ағайынға» сеніп, көптеген істі жасырып, тәрбиешілердің теріс әрекетін жабулы қазан-жабулы етіп жүрген өзіміз секілдіміз. Бала тәрбиесі саласында тәжірибелі маман, «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Динаш Ахметова камералық режимнің балабақша саласында көптеген былықтарды ашатынын айтады.
–     Біздің балабақшада 6 камера  қо­сыл­ған. Балабақшаның кіреберісі мен балалар әжетханасында жоқ. Өзім бала­бақшада қандай жағдай орын алмасын, дереу камераны кері айналдырып анық-қанығына көз жеткіземін. Тәрбиешілердің теріс әрекетін байқасам, дереу шара көремін. Өткенде мекеменің мүлкіне көз тіккен қызметшінің қарекетін байқап, таңқалдым. Қызметшілердің ішінде сенімге кіріп, ортақ мүлікке қол салатындар бар. Сондықтан, камераны көбейтуді мақсат етіп отырмын, – деді меңгеруші.
Бұл тек бір ғана мекемедегі, бір сәттегі бейне жазба ғана. Аудандағы мекемеге дейінгі білім беру ұйымдарының барлық камерасын кері айналдырса, талай қызыққа тап боларымыз сөзсіз. Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қайтпек керек? Бұның да шешімі бар. Алматы облысындағы балабақшалардағы камераларды бір орталықтан бақылауды қолға алған. Үш жақты келісім арқылы балабақшаның меңгерушісі, ата-аналар комитетінің төрағасы және білім бөлімінің маманының ұялы телефонымен бейнебақылауды тікелей қосу арқылы көптеген мәселені шешіп отыр. Осы үлгіні біздің балабақшаларда іске асырса, ашықтық пен жариялылыққа жақындай түсеріміз анық.
Мақпал МАРҚАБАЙ
14 ақпан 2021 ж. 836 0