№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Сегіз келіннің сыйластығы

Сегіз келіннің сыйластығы

Ағайын арасындағы бірлікті арттырып, ынтымақты нағайтатын да, қырғи-қабақ қылып алшақтатын да, отты үрлейтін де, үдететін де – ақжаулықты аналар. Бұл – от ананың қасиеті. Еркектің ер болары да, ез болуында да әйелдің рөлі үлкен. Мұның сырын 9 ағайынды Бабажановтардың отбасындағы 8 келіннің сыйластығынан анық аңғардық.

Атам қазақ ағайын арасындағы қарым-қатынастың беріктігіне, мығымдылығына ерекше мән берген. Ағайынның алауыздығына, ұрыс-керісіна жол бермеген. Асыл дінімізде де сыйластықтың қоғамдағы маңыздылығы айтылып, мұсылман халқы үш күннен артық бір-бірімен ренжісуіне болмайтыны айтылған. Имандылыққа имандай ұйыған халқымыз осы жолдан ауытқыған жоқ. Осы бір құндылықты абысын-ажын өмірлік қағидатына айналдырып, ағайынның арасында алтын көпір орнатты.
Осындай шежірелі тарихтан тамыр алған дәстүрдің сәулесін Жанзақ атамыз бен Пернекүл апамыздың шаңырағынан байқайсыз. Жол түсіп барған жолаушы үлкен үйдің берекесі мен бірлігі әйел затының қолында екенін сөзсіз мойындар еді. Сегіз келіні сызыла сәлем беріп, дастарханын тәттіге толтырып, ақ жарқын пейілдерін байқатқанда жүрекке жылу ұялайды. Абысын-ажынды 8 келіннің әзілі де, ісі де, мәдениеті де жарасымды. Бір қазанды қайнатып, бір шәйнектен сыр ақтарған нәзік жандылардың тіршілігіне сүйсінгенімізді байқаған отанасы Пернекүл апа:
– Жаратушы 9 ұлды болуымды нәсіп еткен екен. Бүгінде бәрі бір-бір үйдің азаматы, бір-бір маман иесі. Жер-Анадан нәсібін айырып, ырзығын көрген құлындарым өз шаңырағын тіктеп, ұрпағын өрбітуде. Келіндер арасында сыйластықты, бірлікті және тазалықты бірінші орынға қойып, ешқашан ұрсысуына жол берген емеспін. Тұңғыш келінім Шәкизат ақбосаға аттағанда «айнам-ау, сен осы әулеттің тірегісің. Саған қарап кейінгі келіндер тәрбие көреді. Сен осал болсаң, басқасы да оңбайды. Сен мықты болсаң, әлем мықты» деп ақылымды айтып, өзім тәрбиеледім, – деді ақжаулықты ана өз келіндері туралы.
Отбасында бала тәрбиесіне мән берген ана перзенттерінің кәсіп иесі болуына күш салған. Үлкен ұлы Нұрлан мәдениет саласында, Нұрмахан жеке кәсіпкер, Бақтияр «Байкен-U» зауытында қызметте, Асқар құрылысшы, Нұржан кәсіпкер, Елмұрат жол жөндеу мекемесінде, Ғафур кузетші, Ерлан сантехник, Ержан ірі көлікпен кәсіп етеді. Бір сөзбен қайырғанда, адал еңбекпен өніп-өсіп отырған азаматтар.
Керегені кеңейтіп, әулетті ұлғайтып, ағайынды біріктіріп кезекпе-кезек келіндер түскен шаңырақ ененің өсиетін тыңдап, әулет абыройын ойлайды. Отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас, құрмет пен ізеттілік жолын жалғаған үлкен абысын Шәкизат Қарабекова келін болып түскеніне бақандай 20 жылдан асса да, ене алдында жас келіндей инабаттылық танытуының түбінде ұлттық салт-дәстүр жатқаны рас.
– Асыл анамыз келіндерін өз қызындай көрді. Тең сырласып, кең пейілділіктен  танған емес. Өмір жолымда қаншама қасиеттерді анамыздан үйреніп, көптеген істің әдебін ұқтым. Балалығымды да, шалалығымды да көтеріп, адами асыл қасиетті бойға дарытты. Әйел болу, ана болу, абысын болу жауапкершілігін үйретті. Бәрімізді бір арнаға тоғыстырып, жарасымдылық пен парасаттылықты, бірлік пен берекенінің мәнін ұғындырған ата-анамызды мақтан етемін, – деді үлкен келіні.
Шәкизаттың ізінен құт болып қонған келіндері Зульфия, Қалимаш, Алма, Гүлнар, Жазира, қос Мөлдір де келген әулетке тастай батып, судай сіңсуге бекінген. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген мақал мәйегі осы әулетке қарата айтылғандай. Бірінің үйінде той-жиын болса, жабыла қызмет ететін әулетте әркімнің өз атқарар тірлігі бар. Қарашаңырақтың түтінін түтетіп, ата-ененің бабын жасап, ағайынды берекеге бастаған Мөлдір Мустияроваға артылған жауапкершілік жүгі бар.
– Қарашаңырақта келін болу бақыты бұйыр­ғандықтан, көпшілік жиын болсын, той болсын абысын-ажындарды алдын ала жиып, кім не шаруа атқарады, осыны кеңесіп, талқылап аламыз. Біріміз тәттәлер пісірсек, біріміз нан, салат, тамақ пісіруді бөлісіп аламыз. Жабылып жұмыс атқарғанда шаруа тез атқарылып, бірімізді-біріміз қолдап жүреміз, – дейді жас келін.
Әр әулетте тірлікке әмбебап, пысық, икемді келін болады. Осындай пысық келін Алманың қолынан шыққан тағамның дәмі тіл үйіреді. Алтыншы келіні Мөлдірдің тәттілері кенттегі тәттіқұмар жандарға мәлім. Тойларға тапсырыспен торт жасап, үйде отырып-ақ кәсіп меңгерген. Зульфия мен Гүлнұры, Қалимашы мен Жазирасы да іске епті, бір үйдің жарығын жаққан жандар.
Мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет етіп, ортасында абыройлы маман бола білген Шәкизат Қарабекова «Арман» мәдениет үйінде жауапты қызмет етіп келеді. Отбасын да, қызметін де қатар алып, ұрпақ өрбітіп, қызметте өрлеп, елеулі еңбек еткен нәзік жандының төсіне «Абай» медалі тағылған еді. Бұл туралы қуанышымен бөліскенде:
– Бағым жанып, мәртебелі ма­ра­пат алуым өзі әулеттің маған артқан сенімі мен ата-енемнің ақ батасы, жұбайымның кіршіксіз көңілі, елдің қолдауының арқасында деп ойлаймын. Өзімді өмірден де, өнер жолынан да жолым болған жан деп есептеймін. Алтындай қайындарым мен күмістей келіндерім бар – да абыройым асқақтай берері сөзсіз, – дейді Шәкизат Қарабекова өз ниетін білдіріп.
Мақпал МАРҚАБАЙ
25 тамыз 2020 ж. 937 0