№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Биыл атаулы 5 мерейтой бар

Биыл атаулы 5 мерейтой бар


Биыл мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін ұлы тойлардың бастауы салтанатты түрде старт алды. М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде тағылымға толы маңызды шаралар тұсау-кесерінің куәсі болдық. «Шежірең бар шертілер замандардан» атты тарихи маңызы бар мерейтойдың беташар шымылдығын түрген аудан өнерпаздары көзіқарақты көрермендерге рухани кеш сыйлады.


2020 жыл мерейтойға толы жыл. Әуелі, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің – 1150 жылдығы, Алтын Орданың – 750 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны хакім Абайдың – 175 жылдығы, Ұлы Отан соғысының – 75 жылдығы және Қазақстан Республикасының Конституциясының – 25 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі.
Иә, ғасыр мен жыл арасы қазақтың мәңгі жадында. Бабалар өткен сара жолды бүгінгі ұрпаққа аманат ету келешек елдің кемел болуына, тарихты танып, рухани жаңғыруымызға жалау болары анық. Сондықтан, бабалар ізімен үндесіп келе жатқан тарихты толғайтын ұлы тойлар бастауын алды. Кештің көрінісі алдымен аудан тұрғындары арасында өткен сауалнама туралы репортаж-көрсетіліммен басталды. Содан соң алғы сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов:
– Таңбалы тарихтың тылсым сырларынан сыр шертетін қазақтың кешегі мен бүгінгі торқалы тойларын ой толғауына салу бәрімізге міндет. Қасиетті қауым елге қазық, өсиеті қалың елге азық болған қазақтың қазанынан ас ішкен бүгінгі ұрпақ өткен өнегелі істер мен тарлан тарихтың таңбалаған тұстарымен терең таныс болмақ. Сондықтан, ұлттың ұлылығын көрсететін тойларды дүбірге толтырып насихаттау елдігіміздің, ертеңімізге деген кемелдігіміздің көрінісін айқындайды. Баршамызға салтанатты ашылу құтты болсын, тарих таңбасы санамызда жаңғырып, келешегімізге даңғыл жол болсын, – деп ізгі ниетін жеткізді.
Бірінші кезекте сахна төрінде Әл-Фараби заманынан сыр шертіліп қойылым қойылды. Ұлы ұстаздың бейнесімен адамзатқа берілген тәлім мен тәрбиенің ғана емес, ұлы дала елінің сол заманғы келбеті суреттелді. Әбу Насыр Әл-Фараби – түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келеді. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген, өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философ, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазып қалдырды.
Екінші, Алтын Орданың алтын дәуірі бишілер биімен суреттелді. 750 жыл бұрын іргетасы қаланған Алтын Орданың құрылуы мен сол кездегі жаугершілік, батырлық бейнеленді. Жалпы Алтын Орда мемлекетінің құрылысы толығымен Шыңғыс хан енгізген мемлекет үлгісін қайталады. Мемлекет Жошы хан әулетінің меншігі болып саналады. Сахнадағы көрініс ұлы орданың құрылуын сомдап, көпшілікке тарихтың тың бедерінен мол ақпарат берді.
Үшінші, 1870 жылдардың орта шенінен бастап Абай айналасында үлкен өнерпаздық мектеп, ақындық орта қалыптаса бастады. Абай ақындық жолына бағыт бұрғанда өлеңдерін білім, өнер және мәдениетке бағыттады. Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген Абай бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен де жақсы таныс болған. Қазақ тарихы мен әдебиетінде атақ-даңқы Абайдан асқан, Абайдай танымал, Абайдай дара туған тұлға жоқ. Сахналық көріністе ақынның «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңі оқылды.
Төртінші, Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Кешегі сүйегі асыл сарбаздардың ерлігі, жауынгерлердің батырлығы талай әнге арқау болды. Сахна төрінде ән шырқалып, жеңістің туы желбіреді.
Соңғысы, айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заңымызға – 25 жыл. Конституция елдіктің белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылады. Алғашында, 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Ата заңға өзгерістер енгізіліп, 1995 жылы 30 тамызда қайта қабылданды. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін білдіреді. Еліміздің Ата заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді.
Міне, айтулы 5 бірдей шараның салтанатты ашылуы осылай көпшілікпен бірге бастау алды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әрбір мерейтойдың өзіндік маңыздылығын сахналық қойылымдармен нақтылай түсті. Енді жыл он екі ай бойы ауқымды шаралар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани кештер бекітілген кестеге сай тойланатын болады.

Әли ТЕМІРБЕК
19 ақпан 2020 ж. 658 0