№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Талаптың талмас қанаты

Талаптың талмас қанаты


«Ел іші – өнер кеніші» деген ерекше лебізге екпін беру мақсатында 2016 жылдан бері облыс бойынша 174 ауылдық клуб арасында байқау ұйымдастырылып, бәсі басымды бағамдау үрдіске айналып келеді. Мақсат біреу, өлкеміздегі өнердің байрағын бұрынғыдан да биікке көтеру. Ауыл мәдениет үйлерінің қызметін жандандырып, дара таланттардың жарқырап танылуына жол ашу.
Бір сүйсінерлігі, соңғы екі жылда қатарынан біздің ауданымыз бәйгенің басын бермей келеді. Былтыр Талап ауылдық округі бойынша Жәнібек Сыздықовтың командасы «Бас жүлдені» қанжығасына байласа, биыл да Қаратаудың етегіндегі екінші ауылдың, нақтылап айтқанда Рашит Нәлтаев басшылық ететін Бесарық ауылдық Мәдениет ұжымы бас жүлдені жеңіп алып, облыс бойынша «Үздік ауылдық мәдениет үйі» аталымын иеленді.


Біз аталмыш клуб үйінің дирек­торымен арнайы жолығып, бұл жеңістің сыр сипаты жөнінде мол мағлұмат алдық. Енді соны өздеріңізбен бөліспекпіз.
– Жеңістеріңіз құтты болсын.
Кеше өткен байқауда өнердің қан­дай жанры бойынша Сыр өңірі таланттар шоғырының маң­дайал­дынан таныла ал­дыңыздар?
– Облыс бойынша ауылдық клуб үйлерінің барлығының тыныс-тіршілігі бір. Әрбірі шама-шарқынша ансамбль, үйірмелермен қамтылған. Біздің та­би­­ғатымызды бөлектеп тұратын, барлықтарыңызға белгілі, әйгілі Әлшекей атын­­дағы халықтық ұлт-аспаптар оркестріміз, ал даралап айтқанда Бәден Айсынов ағамыз.
Жалпы, Бесарықтың ерекше киелі топырағында дүниеге келген таланттар аз емес. Жүсіп Қыдыров, Төлепберген Әбдірашев, Қошым Ноғай, Бақтыбай Айнабеков, Темірхан Момбек, тіпті Зинабдин ағамыздың өзі не тұрады.
Ал енді біз кешегі байқауда 70 мүшеден тұратын флешмоб биімен қазылар алқасын таң қалдырып, ең жоғары бағасына ие болдық.
– Бұл жаңа стильдегі заманауи ырғақты кәсіби тұрғыда алып шыққан би жетекшісі – Оспанбеков Өмірзақ өзі спорт маманы, сонда ол кісі осыншалықты деңгейді бағындырарлықтай Болат Аюханов­тан қашан бата алып жүр?
– Тәңірдің берген табиғи қасиеті болар, би жанрында бұл өлкеде ол кісімен тең келер ешкім жоқ. Қазақта ұлттық би өнері кенжелеп қалған ғой. Біз келешек осы өнер түріне терең мән беруді жоспарлап отырмыз.
Біздің екеуара сұхбатымыз мұнан әрі ауыл мәдениет ошағының кешегі – бүгінгі тарихы жөнінде өрбіді. Ол 2002 жылдан бастап клуб үйіне басшылық етіп келеді екен. Бұл кезең тоқсаныншы жылдардың тоқырауында жаппай оңтайландыру саясатының салқынымен көбі қысқаруға ұшыраған ұжымдардың қайта ес жиып, жинақтала бастаған кезеңі еді. 2004 жылдары Бәден Айсынов жетекшілік ететін ұлт-аспаптар оркестрі қайтадан ұйымдасып, тер төгіп, өздерінің халықтық атағын қайтарып алды. Сонымен қатар Айымкүл Нәлтаева жетекшілік ететін Айсыновтар отбасылық ансамблі де қазірде өңір атын республикаға танытып жүр. Клубта бұдан басқа бірнеше үйірмелер жұмыс жасайды екен. Өнер ұжымының инициативасымен жақында клуб үйінде аудан мәдениет қызметкерлерінің басын қосқан семинар өткізіліпті. Жанрлар бойынша мастер класс өтіп, таңдаулыларға сертификат берілді. Мәселен, домбырадан Бәден Айсыновтың өзі дәріс жүргізсе, драмадан Бақмұхамед Әбжаппаров пен Сағи Биғабылов, вокалдан Әбдрашит пен Балауса Сахан, биден Өмірзақ Оспанбеков шеберлік сағатын өткізді.
Жаңашылдыққа ұмтылыс – әрбір өнер­паздың шыңдалуына жол ашып келеді. Кешегі тәуелсіздік күніне орай орталық мәдениет үйінде өткен мере­келік салтанатта талаптық таланттар Скотт Джоплиннің «Артист эстрады» шығармасын джазды сазбен сахнаға шығаруы көпшіліктің терең ықыласына бөленді. Скрипка, контрабас, ударник аспабына қоса қобыздың да күмбір үні джаз-музыканы ерекше бояумен байытып, тосын әуен талайды таңырқатты. Өздеріне «Тату – Агро» деп ат қойған өнер тобы осы бағытта ізденістерін жалғастыра бермек. Топтың аты неге бұлай аталған десем, алғаш осы топқа осы ауылдағы «Тату – Агро» өндірісі демеу көрсеткен екен. Енді соның құрметіне ердей аттарын еншілеп алыс-жақынға аспандатып жүрген өнер қырандарын өндіріс басшылығы тұрақты назарға алып қамқорын үзбесе, қане.
Бұл ауылда 1980 жылдан бері Бәден Айсынов ашқан өнер мектебі жұмыс істеп келеді. Тоқсаныншы жылдары жұмысын тоқтатқанда құрал-жабдықтары талапайға түсіп кетпеуіне қам қылған Бәден ағамыз арнайы комиссия құрып мектептегі музыкалық аспаптарға жеке-жеке еселенген құн белгілетіп, порте­пьяно, рояль, домбыра, т.б жабдықтарды аман алып қалған. Бүгін соның жемісін ұрпақ көріп отыр.
2005 жылдан бері Рашит Нәлтаевтың өзі де отбасылық ансамблін құрған болатын. Өзі бас домбырада, ұлдары Набидулла мен Асанханы және қызы Айбарша прима мен домбырада ойнап талайды таң қылған. Қазір бірі Нұрсұлтанда, бірі бас қалада әке жолын жалғап келеді екен.

Театр киім ілгіштен басталады

Бесарық ауылындағы 2014 жылы жаңа­дан пайдалануға берілген 150 орындық клуб үйіне бас сұққан кім болсын ғимараттың ұядай жылылығына, сосын айнадай тазалығына таң қалмай тұра алмайды. Өнер қызметкерлерін былай қойғанда от жағушыларына дейін аппақ болып киініп жүруді бұлжымас дағдыға айналдырған. Тәртіп солай. Мәдениеттің биік мәнері осыны талап етеді. Соған жағдай қалыптастырып, құдықтан тартып болса да ішке суық, ыстық су бірдей кіріп тұр. Қолмен от жағып, көмірмен жылытатын кешен қылаудай кірден ада. Мұндай ортаның аурасы да таза, көңіл де көтеріңкі, айналып келгенде жоғары жетістікке жағдай жеткілікті. Алдағы жұмыс жоспары жөнінде ауыл мәдениет үйінің «мэрі» Рашит бауырымыз былай дейді:
– Тұрғылықты жеріміздің тарихы тереңде жатыр. Бесарықтың 90 жылдық тойы жақындап келеді. Осы күнге ауыл тарихынан, мәдениетінен деректі фильм түсірсем деген жобам бар. Қолымда көптеген таспаға жазылған өткен күн шежіресі сақтаулы. Осының барлығы уақыт көшінде көміліп қалмай, ұрпақ игілігіне алтын қорға жазылып қалса деген ниетім бар. Тағы бір өзекті мәселе, Әлшекейдің 80-ге тарта күйі бар екен. Соның бірнешеуін жаңарықтық Әбдіқадыр қарияның орындауында таспаға түсіріп алып едім. Әлі іздеусіз жатқаны қаншама.
Бүгінгі таңда өнердің өз өкіл­дері – Айсыновтар, Нәлтаевтар, Нұрсұл­тановтар болып жұмыла көтеріп жүрген жүк осындай. Ниет бір, мақсат ортақ. Туған жердің мәртебесі осындай асқақ мұратты азаматтарымен биік.
Рашитпен әңгімеден соң біз осындай ойға келдік.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
21 желтоқсан 2019 ж. 1 129 0