№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Көше кезген түлікке де тосқауыл керек

Көше кезген түлікке де тосқауыл керек


Кент тұрғындары көшеде жайылған ірі қаралардың жасыл желекке көмкерілген ағаш жапырақтарын жеп, елдің мазасын қашырғанына ренжулі еді. Обал-сауап деген бар, күні-түні көшенің көркін кіргізіп, тал егіп, еңбектенген жандардың еңбегіне осылай қиянат жасауға бола ма? «Мал баққанға бітеді» деген аталы сөздің парқына мән беріп, қолындағы ірі қараның жай-күйіне бас ауыртатын ағайын азайды. Мал асырай алмайтындар төрт түлігін осылай қаңғытып қоя беретін секілді. Енді мәселе біртіндеп шешілуде. Өйткені, жақында кент қызметкерлері мүйізді ірі қараларды орталықтағы ескі мал базарына уақытша қамауда. Егер иесіне мал керек болса, онда айыппұл төлеп, жануарын жетектеп кетуіне болады.

  Біздің бала кезімізде ата-әжелеріміз, үлкендер сиыр-бұзауын тоғайға айдап, кешке есік алдынан күтіп алушы еді. Ол дәстүр әлі де бар, бірақ қазір көбі қора сыртына шығарып, кешке дейін көшеге бос қоя береді. Кенттің қай көшесіне түссеңіз де көретін көрініс осы. Жасыл желекті жапыра күйсеп тұрған мүйізді ірі қараның адамнан үркер түрі жоқ. Көше көгерсін деп еккен көшеттен тұқыл да қалмайды. Қайран еңбек еш кеткенін көріп кім болса да ашуға мінері сөзсіз.

– Көше тұрғындары болып, бірлесіп көшет отырғызамыз, бірақ әп-сәтте қаңғыған мал жапырағын жеп, бұтағын сындырып кететінін қайтерсің. Кім болса да қорадағы малына ие болса қайтеді. Құрғырдың иесі кім екен? Өзінің иманы бар ма? – деп күйінген көпшіліктің пікірі әлеужеліде де қызу жүріп жатыр.

Көлік тізгіндеген соң кез келген көшеден мүйізділердің күл-қоқыста жүргенін жиі көреміз. Тек сиыр малы емес, соңғы кездері жылқы жануарларын да аудан орталығынан байқайтын болдық. Ит пен мысықты айтпағанда. Жол бойы жосып жүрген осы төрт аяқтының сұрауы бар шығар. Мал иелерін тауып, осы сауалды қойғанымызда, жайылымдық жердің жоғын, мал падасы ұйымдастырылмайтынын алға тартады. Ашығын айтқанда, мал падасын ұйымдастыруда кемшін тұстар өте көп. Әр ірі қараға айына мың теңге көлемінде бағып беруге падашы да келісе бермейді. Мұның себебін бақташылар былай түсіндіреді. Ірі қара бағу азапты жұмыс. Жазда ыстыққа, қыста суыққа төзуге тура келеді. Мал ұйыққа, дарияға, орға түсіп кетсе, шығынын кім төлейді? Осынша тауқыметті еңбекке кем дегенде айына 4-5 мың теңге төленсе де бейнет ақталар еді.

Соңғы жылдары малға берілетін субсидия мен әлеуметтік көмек көлемінің артуы мал асыраушылардың қатарын арттырды. Кенттің өзінде 1000-нан аса мүйізді ірі қара ресми тіркелген. Әр үйде жоқ дегенде екі сиыр бар десек, бір көшеде 100-ден аса мал басына жайылым керек. Оның ішінде қолындағы малын ауласынан ұзатпай ебін тауып, ағарғанын айырып отырғандар да бар. Киелі Түркістан облысында мал ұстау мәдениеті адам қызығарлық. «Біреуге пайдаң тимесе тимесін, тек зияның тимесін» деген ұстанымға берік. Бір ғана мысал келтірсем, біреудің баптап отырған егініне ауыз салған малдың иесіне айтарлықтай шара көріледі. Егіншінің бір жылда табатын табысын өндіріп беретін болғандықтан төрт түлігін көзден таса етпейді. Бұл тұсын өзімізге үлгі етсек қайтеді?

Қысқасы, біздің ауданда жөнжосықсыз жүрген жануарларға қандай шара бар? Бұл туралы аудандық полиция бөлім бастығының міндетін атқарушы Айбол Жолдасбаев қараусыз жүрген үй жануарларын қадағалау жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

– Малдың қараусыз қалуы мал ұрлығын ұлғайтуға себеп. Сондықтан көше кезген кейбір үй жануарларын уақытша қамауға алу маңызды. Жыл басынан бері бірнеше аймақтан ірі қараларды құрықтап, иелерін тауып, ескерту жұмыстарын жүргіздік. Әрине, бұл көпшіліктің мал бағудағы мәдениетінің аса төмендігін меңзейді. Жергілікті әкімшілікпен бірлесе, ауқымды жұмыс атқаруды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Сонымен, көше кезген үй жануарларына қандай мөлшерде айыппұл салынады? Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша 3-тен 10 АЕК дейін айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айқын көрсетілген. Жалпақ тілмен айтсақ, 8334 теңгеден бастап, 27780 теңге көлемінде айыппұл төлеуіңіз мүмкін.

Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан тақырыпқа байланысты жергілікті мәслихат депутаттары да кенттің көркеюіне басты кедергі болып тұрған жағдайға көп болып ықпалды шара қолдану керек дейді. Ауданның бас имамы Әбдіқалық Нәметов мал бағуда шариғи шаралар жөнінде насихат жүргізу қажеттігін меңзеді. Яғни, мал  бағушылар малының әрекеті үшін де күнәға батуы ықтимал. Малға тыйым жасау да имандылықтан басталатынын жеткізді. Малдың обал-сауабына қалмау үшін бір уақ шариғатты тыңдап, көптің наласына қалмаудың тура жолын таңдау маңызды. Әлде, мал баққан деген осы екен деп, жануарларды жүгенсіз қоя береміз бе? Жайылымдық жер жоқ Рас, жайылымның жайы қиын болып тұр. Бірақ бұл сиыр асырап, нәпақа табамын деген тұрғындарға сылтау емес. Біз қанша жанды білеміз, қорасында сиыр ұстап, сүтін пұлдаған, жылқысының саумалынан күн көргендер де еріккеннен үйде ұстамайды. Өзіңіз ойлаңыз, көшеде лас қоқыс жеп, кір суын ішкен малдан қандай өнім ішіп-жейміз?
Жайылымдық жерге байланысты аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегеновті сөзге тарттық.

– Жаңақорған аумағында жайылымдық жер тапшы. Ал, бұрындары жайылым болған жерлер енді егістікке сұралуда. Кент былай тұрсын, ауылдық округтерде жайылымдық жер жетіспей жатыр. Бұл күрделі мәселе, бірақ дария маңына, тоғайларға мал жаюға болады, сондай-ақ Ордакент, Саяжай аумағында да жайылымдықтар бар, бірақ ол да жыл сайын тарыла түсуде. Негізінен үй жануарларын үй ауласында ұстау керек, бұрынғы кеңшілік заман жоқ, – деді бөлім басшысы.

Иә, шұрайлы жерлердің көбін қалталылар сатып алғаны рас. Оған дауымыз жоқ, оны да қайтарып алар уақыт келер. Жем-шөп қымбат, жайылым тарылды. Бірақ, мал ұстау ыңғайлы кәсіп болса онда неге үй ауласында ұстамасқа?

ТҮЙІН. Біз біреудің малына көз тігіп, барды өзекке теуіп, малының көбейгенін көре алмай жатқанымыз жоқ. Қазақтың бай болғанына қуанамыз, бірақ сәл жинақы болсақ абзал. Иә, қазақтың тыныс-тіршілігі осы төрт-түлікпен байланысты, қазақты етсіз елестете алмайсыз. Бірақ заман ағымы өзгерді, қазір сол төрт аяқтыларға субсидия алып немесе грантқа қойып, болмағанда 6 пайыздық несиеге рәсімдеу арқылы мемлекеттен қаржы табуға болады. Оны да алып жатырмыз, көше үшін, кент келбеті үшін тырысып жүрген әкімдікті де қостаймыз. Қарапайым халыққа зиян тигізбесек игі.

Әли ТЕМІРБЕК
02 қараша 2022 ж. 660 0