Мектепке 6 жастан бару міндетті емес
Мектепке балаларды алты жастан беру міндетті емес. Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай деді.

− Балалары 6 жасқа толған көптеген ата-ана мектепке дайындығымыз жоқ, санау білмейміз, оқи алмаймыз деп шағым айтып жатады. Ешқандай мектепте 1-сыныпқа барған бала міндетті түрде оқып, жазып, санай білуі керек деген талап жоқ. Мектеп табалдырығын аттаған баланы оқытып, үйрететін арнайы бағдарлама бар. Сондықтан бірінші сыныпта олар әріптерді, санауды, жазуды, оқуды үйренеді, − деді министр. Оның айтуынша, баласы 6 жастан мектепке бармағаны үшін ата-ана мемлекетке айыппұл төлемейді, бұл – әркімнің өз таңдауы. Ата-ана баласының қабілетін білгендіктен, оны қанша жастан мектепке беру керектігін өзі шешеді.
Сонымен қатар А.Аймағамбетов қазақстандық мектептерде ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар 8 жасында да мектепке қабылданатынын еске салды. БАҚ өкілдерімен кездесу барысында министр оқушылардың электронды оқулықтарды қолдана алатынын, кітаптарды QR кодтар бойынша жүктей алатынын және мектепке планшетпен, электронды кітаппен немесе ноутбукпен бара алатынын айтты. Соған сай аталған ведомство өңірлерге арнайы нұсқау хат дайындаған.
− Менен электронды оқулықтарды пайдалануға мұғалімдер рұқсат бере ме деп сұрайды. Біз оқу жылының басына арналған нұсқаулық-әдістемелік хатта осы жағдайды оқушының жеке таңдауы екенін түсіндірдік. Электронды оқулықтың қарапайым оқулықтан еш айырмашылығы жоқ. Мектепке балалар планшетпен, электронды кітаппен, ноутбукпен бара алады, басқа да құрылғыларды қолдануға болады. Бұл процеске қатаң талаптар қойылмаған, – деп түсіндірді А.Аймағамбетов. Министр электронды оқулық мектеп оқушыларының сөмкесін жеңілдетуге арналған мүмкіндіктердің бірі екенін айтты.
Дереккөз: egemen.kz