№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӘСІПКЕРЛІК – ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН

КӘСІПКЕРЛІК – ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН


Сәрсенбі күні облыстық БАҚ өкілдері Жаңақорғанға ат басын бұрды. Өңірлік Коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен пресс турдың негізгі мақсаты мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несиеге ие болған кәсіпкерлік нысандарды аралап, кәсіптен нәпақасын тауып отырған тұрғындардың бір күнгі тынысымен танысу. Сонымен...
Алдымен Төменарық ауылындағы жаңадан ашылған наубайханаға бет алдық. Жол бастаушы аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров. Көлік ішінде «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілішісі Аягөз Қожақова, «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ринат Әбдіхалық, «Кызылординский вести» газетінің тілшісі Мақсұт Ибрашев, «Халықтан» Қозы-Көрпеш Жасаралұлы, «Ел тілегі» газетінен Еламан Жаматов және Өңірлік Коммуникациялар қызметінің маманы Назерке Шарападдин бар. Көп ұзамай жүйіткіген көлік Төменарыққа да келді. Ауылға кіре берісте әкім Найрахман Пазылов күтіп алып, наубайханаға беттедік. Қызметке кіріскеніне екі күн болған цех қожайыны Жолдасбек Менгбетовтың кәсіпкерлікке бет бұрғанына көп болмаса да ісі берекелі. Уақыт оздырмай жаңа нысан ішіне ендік.
– Шыны керек, ауылға нан өнімдері сырттан тасымалданады. Осыны ескеріп, неге өзіміз өндірмеске деген ой келді. Отбасымызбен ақылдаса келе наубайхана ашу мақсатын қолға алып, былтыр өз қаржымызға жаңа нысанның құрылысын бастадық. Шүкір, ісіміз алға басты. Мемлекет тарапанынан көрсетілетін қолдаудан да құр алақан емесіпз. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Бизнестің жол картасы арқылы 2 млн.теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, құрал-жабдық пен көлік тасымалын пайдалану мүмкіндігіне ие болдық, – деді Жолдасбек Нұрманұлы.
– Қазір қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– Әзірге екі тұрғын жұмысқа тартылды. Егер сұраныс артса онда қосымша жұмыс күшін көбейтеміз, – деп тілшілер сұрағана жауап қатты кәсіп иесі.
Иә, 4 500 тұрғыны бар төменарықтық ағайынға нан цехы керек-ақ. Кент орталығы мен ауылдағы дүкенге телмірген ауылдастарға бұл қолжетімді жоба. Сұраныс артса кәспікер көрші ауылдарды да нан өнімдерімен қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді. «Байжігіт» дара кәсіпкер ретінде қызметке кіріскен наубайхана тәулігіне 125 нан жауып, сатылымға жібереді. Бағасы 50-60 теңге аралығында.

БЕС КӘСІПТІҢ
КӨЗІН ТАПҚАН кәсіпкер
Сағат 11.20. Екінші бағыт бойынша пресс тур мүшелері кенттегі «Мөлдір» дүкеніне аяқ басты. Таңғаларлығы бір аулада 5 кəсіппен айналысып отырған кəсіпкердің еңбегі өтімді. Себебі, тауарлары нарық бағамында сұранысқа ие. Ең бастысы бағасы да қолжетімді, сапасы да сын көтереді. Бұл нысанның қожайыны – Сабытхан қажы Сайфмаликов. Ол кезінде бірнеше совхозда 30 жылдан астам уақыт бас есепші қызметін атқарған еңбек адамы. Сексенді еңсерсе де ақсақал әлі де ширақ. Отбасылық бизнесті дөңгелетіп отырғанына биыл 26 жыл болыпты.
– Кәсіпкерлікті ең алғаш 1992 жылы кент әкімінің шешімін алғаннан кейін бастадық. Ол кезде қиыншылық белден басқан уақыт болатын. Дегенмен, қандай қиындық болмасын еңсеріп, тоқыраусыз тірлігіміз алға басып келеді. Жолдасым өмірден озғаннан соң, орнына келінім келіп, қолға алған істі дөңгелетіп кетті. Аллаға шүкір. Нан өнімдерінен бөлек былтыр тігін цехын аштық, себебі өзім кезінде медкомбинатта қызмет етіп, оның қыр-сырын меңгерген едім, – деді Сабытхан қажы.
Қазіргі уақытта 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған мекемені аралап көрдік. Алдымен, нан өнімдерін пісіретін цехтың жұмысымен таныстық. Заманауи үлгідегі құрал-жабдықпен жабдықталған цехта кондитерлік өнімдер де өндіріледі. Тәтті тоқаштар, торттың түр-түрі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Келесі тігін цехына беттедік. Қазақы оюда көмкерілген төсек орындары көздің көркін алады. Мұнда арнайы тапсырмамен қыздың жасауы, қолғап, жастық пен төсек орны тігіледі.
– Бізге тапсырыстың көбі қыз жасауына байланысты келеді. Әсіресе, көктем айларында жұмыс қызады. Сондықтан, қазір бос уақытымыз жоқ. Әрі, тапсырма берушілер материалдардың сапасына мән береді. Сол себепті, тұтынушылардың талғамына жұмыс жасаймыз, – деді Бақтыгүл Насыр.
– Шыны керек, біз негізгі тауарды Қытай мен көрші Бішкектен алып келеміз. Себебі, ол жақта жеңіл өнеркәсіп дамып кеткен. Тәжірибені толықтыру мақсатында көрші елдердің кәсібін бақылап отыратынымыз сол себепті, – деді кәсіп иесінің келіні Шохида Сарварова.
Одан әрі, печенье дайындайтын цехтың қызметін көрдік. Түсінгеніміз техникалар еуропалық, нақтысын айтқанда италияндық ал, өнім құрамындағы қоспа Ресейден тасымалданады. Себебі, ол жақтан келген қоспа өнімнің біріншіден, дәмін келтіреді, екіншіден, ұнтақталмайды. Бағасы да арзан. Бір қорабы 300 теңге, дәмі тіл үйіреді. Бұл бір ғана тәттінің түрі, цех осы секілді тәттінің он түрін дайындайды.
Пластик терезе, есік шығаратын цех пен тандыр наннын жұмысымен де таныстық. Қысқаша қайырғанда, нағыз отандық өнімнің қайнаған қазанында жүрген атамыз көрген-білгенін балаларына үйретіп, бағыт-бағдар беріп жүр. Қорыта айтқанда, кəсіпкерлік жылы деп саналған биыл, жастарға үлгі боларлықтай.

ТЕҢГЕ ТИЫННАН ҚҰРАЛАДЫ
Оған кәсіпкерлікті нан пісіруден бастаған Муссалам Сейдазимованың еңбек жолы куә. Иә, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты ана балаларын кішкентайынан еңбексүйгіштікке баулып келеді. Соның жемісінде қос ұлы қазір аудандағы белгілі кәсіпкерге айналды. Сондықтан, журналистер «Атамекен» ойын-сауық кешеніне жол түзеп, аудан тұрғындарының уақытын тиімді пайдалану үшін таптырмас орынға айналған кешеннің жұмысымен танысты.
Бірінші қабаттағы халал тағамдар асханасын бір тамашалап, екінші қабаттағы балаларға арналған ойын алаңына көтерілдік. Онда қосымша жастарға кинотеатр қызмет етеді. Бүгінгідей нарықтық заманда жеке кәсіп ашып, шаруаның шырайын шығарып жүрген жаңақорғандықтар жетерлік. Алайда, тың жобаларды ауданға алып келу ісі құптарлық. Ағайынды Қанат пен Мұрат Пернебаевтардың ісіне оң баға берген тілшілер таңдай қақты. Кәсіпкерлер қосымша «Халық банкі» арқылы 22 млн.теңге несие алып, былтыр аталмыш нысанды іске қосқанын айтқан аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев аудандағы кәсіпкерліктің беталысына тоқтала кетті.
– Жалпы, 2017 жылы тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны – 3338-ге жетсе, белсенді субъектілер санынан облыста көш бастадық. Сондай-ақ, өткен жылы алғашқылардың бірі болып ауданда ашылған агро-индустриялық аймақта кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалды. Осының жалғасы ретінде биыл Манап, Қандөз, Төменарық, Ақүйік және Қаратөбе ауылдық округінде инфрақұрылым мәселелері шешілген «Агро-индустриялық аймақ» құрылады, – деді. Сағат 13.30 түскі ас.

БІРІККЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР
2016 жылы ауданда «Миялы» ауылшаруашылық өндіріс кооперативі құрылып, құрамына 12 шаруа қожалық кірді. Алғашында егіспен айналысқан шаруалар кейіннен мал бордақылауды қолға алып, «50 ауыл» бағдарламасы аясында 41 отбасы 132 млн.теңге қаржыны игерді. Нәтиже жемісін бергеннен кейін тағы 24 отбасы 52 млн.теңге несиеге қол жеткізіп, шаруаны ширата түсті. Осындай коопреатив жұмысымен таныстырған төраға Абдулла Әбсаттаровпен Қожакентке жол тарттық.
Алғашқы болып Ерлан Әбсаттаровтың мал бордақылау алаңына келдік.
– 2017 жылы «50 ауыл» бағдарламасы арқылы «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 3 млн. теңге несие алып, мал бордақылау алаңын бастадым. Қазір екінші айналымға кірістік. Алғашында 20 бас ірі қараны қолға алып, сатылымға шығардым. Табыс жаман емес, енді биыл да осы межені еңсерсек деген ниеттеміз. Жалпы, кооперативке бірігудің арқасында жеңілдетілген, яғни 6 пайызбен несие алып, кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Ал, жем-шөбін өзіміз дайындаймыз. Яғни, егін алаңында жаз бойы жерге еңбек етеміз, – деді «Рауан» дара кәсіпкерлік басшысы.
Одан әрі, Рысбек Айдархан есімді шаруаның қорасына келдік.
– Жалпы, мал бордақылаудың мақсаты – екі жасқа дейінгі өгізшелерді өсіріп, сатылымға шығару. Негізі 120 күннен артық ірі қараны ұстауға болмайды. Одан асса құнын жоғалтып алады. Мәселен, былтыр өзім 24 мал басын айналымға қойып, табысты еңбек еттім, – деді жас кәсіпкер. Иә, жұмыс жүйелі, ең бастысы ынта болса болғанын аңғардық.
Соңғы болып мал соятын цехқа келдік. Төрағаның айтуы бойынша, аудан әкімінің қолдауымен былтыр инфрақұрылымы толық шешілген. Тек, цехтың сапасы сын көтермей тұр.
– Былтыр еуро стандартқа сәйкес модульді мал сою цехына тапсырма бердік, ол келді. Қаржысының 50 пайызын мемлекет субсидиялап берді, қалғанын кооператив өзі төлейді. Ендігі мәселе, біз төлеуден әзірге бас тартып отырмыз. Себебі, цехтан 12 түрлі ахау шығып тұр. Оны жөндеу үшін тиісті мекеме «Қазтехпромсервис» мойнына алған болатын. Алайда, әлі де жауап жоқ, – деді төраға. Егер цех іске қосылса, онда көрші ауылдардағы мал бордақылап жатқан шаруалар да келісім шарт арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Демек, тиімділігі өте көп. Біз осыны түсіндік. Әрі, құнды құжатта бордақыланған әр малдың басына 20 000 теңге субсидия беріледі делінген.
Сағат 17.00. Аудан әкімі Ғалым Әміреев тұрғындарды кәсіпкерлік саласына байланысты қабылдау өткізді. Бұл жолы жылыжай мәселесі мен құрылыс заттарын шығаратын цехтың жайы сөз болды. Айтпақшы, әр аптаның сәрсенбі күні аудан басшысы кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдайды. Сондықтан, кәсіппен айналысамын, қолдау керек деушілерге есік әрдайым ашық.

ТҮЙІН. Екі айда бір рет өткізілетін пресс турдың алғашқы бағыты осымен тәмам. Бір күндік саяхат барысында кәсіпкерлерлік саланың көкжиегінің кеңейіп келе жатқанын аңғардық.
03 наурыз 2018 ж. 956 0