Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла соңғы қоңырау!

Бүгін міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау үні де сыңғырлады. Осындай салтанаты шара аудан орталығындағы №3 мектеп-интернат алаңында «Сыңғырла, күміс қоңырау» тақырыбымен кең көлемде ұйымдастырылды.
Шараға сай етіп безендірілген мектеп алдында ұстаз, мектеп жайлы әндер үздіксіз шырқалып тұрды. Мектеп бітіруші 24 түлекті шығарып салуға ата-аналары, мұғалімдер, 1-10 сынып оқушылары және арнайы шақырумен келген қонақтар қатысты. Дәстүр бойынша, әуелі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұран орындалды. Салтанатты рәсімнен кейін сөз алған мектеп директоры Ләззат Машбекқызы Нәлібаева: – Бітіруші түлектер тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан алтын ұя мектептен үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыңдар. Алдағы сынақта жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, еліміздің білікті мамандары атануларына және түрлі жетістіктерге жетіп, таңдаған мамандықтарыңыздың дамуына өз үлестеріңізді қосуға шын жүректен тілектеспін. Еліміздің білікті де білімді маман иесі болыңыздар, – деді.




Бұдан кейін сөз кезегін мектептің ата-аналар ұйымының төрайымы Әдемі Дәрібаева алды. Ол өз сөзінде: Мектеп басшысына, ұстаздар қауымына, ата-аналарға ризашылығын білдіріп, бітіруші түлектерге тек қана сәттілік тіледі.
Әсем ән мен мектеп вальсіне ұласқан кеште 11 сынып оқушылары мектеп табалдырығын енде ататаған оқушыларға сый-сиапаттарын табыстаумен қатар, 10 сынып оқушыларына аманат хатын табыстады.

Ендігі кезек түлектердің ата-аналарына деген жүрек тебірентер ыстық ықыласы мен алғысы өлең түрінде жеткізіліп,жиналған қауымды бір жылатса артынша флешмоб орындалып көңіл-күйді бір серпілтті.
Ортаға бітіруші түлектер Нұржан Сарбасовтың әжесі мен Мейрамбек Ілесбайдың атасы шығып ақ жол тілесе, құдайы қонақ Бәкір Жұмабеков ақ батасын берді. Сонымен қатар мектептің ардагер ұстазы Гүлнар Айтілеу телефон арқылы Алматы қаласынан арнайы сәлемдемесін жолдады.
Осылайша әсерлі өткен соңғы қоңырау кеші 11 сынып оқушыларының әрқашан бейбітшілік заман, аспанымыз ашық болсын деген ниетпен көгершін бейнесіндегі әуе шарын ұшыруына ұласты.

Иә, он бір жыл білім беріп, тәрбиелеген алтын ұя мектеппен, аяулы ұстаздарымен қимай қоштасқан түлектер үлкен өмірге осылайша қадам басты. Оларды алда талай сынақтар күтіп тұр. Сол сындардан сүрінбей өтсін деген тілектермен соңғы қоңырау салтанаты да өз мәресіне жетті.
ЛАУРА БИБАСАРОВА