» » Сапарбаев әкім орынбасары болған ұлы туралы: Менің оған ешқандай қатысым жоқ

Сапарбаев әкім орынбасары болған ұлы туралы: Менің оған ешқандай қатысым жоқ


ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев ұлы Жансұлтан Сапарбаевтың Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанына қатысты пікір білдірді.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің бірі Бердібек Сапарбаевқа осыған қатысты сауалын қойды.
«Балаңызды Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындады. Сіздің қатысыңыз бар ма? Мүмкін басқаларға оны ұсынған боларсыз?» - деп сұрады БАҚ өкілі.
Министр ұлының жаңа қызметіне сәттілік тілеп, бұл оның таңдауы екенін айтты.
«Бұл енді Қазақстанның азаматы ретінде конституциялық құқығы. Ол – жас емес, өзінің болашағын өзі таңдайды. Менің оған ешқандай қатысым жоқ. Оған тілейтінім, жақсы жұмыс жасасын, сенімді ақтасын. Әкесі сияқты үлкен қайраткер болсын. Ол үшін таза адал жұмыс істеуі керек. Менің тілегім сол», - деп қысқа қайырды Бердібек Сапарбаев.
Жансұлтан Сапарбаев – 28 жаста. Ол – Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, гуманитарлық ғылымдар магистрі.
2012-14 жылдары «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-да жұмыс істеген. 2015-2016 жылдары «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасы кеңесшісі хатшылығының басшысы, 2016-17 жылдары Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі, 2017 жылы Ұлттық экономика министрлігінде басшылық лауазымында жұмысын жалғастырды.
Осыған дейін «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының бастығы болды.
Сондай-ақ бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев 340 мың көпбалалы анаға қалай қолдау көрсетілетіні туралы және биыл көпбалалы отбасыларға 12 мың пәтер берілетіні туралы айтқан болатын.

Назерке АБИБУЛЛА
09 сәуір 2019 ж. 1 132 0