№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӘСІПКЕРЛІК КЕҢЕСІ – БИЗНЕСКЕ ТЫҢ СЕРПІН

КӘСІПКЕРЛІК КЕҢЕСІ – БИЗНЕСКЕ ТЫҢ СЕРПІН


Жуырда облыс әкімінің төрағалығымен Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің бірінші отырысы өтті. Аймақ басшысы кеңестің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, облыстың кәсіпкерлік қоғамдастығының алдында тұрған міндеттерді айқындады. Жалпы, бұл кеңестің міндеті қандай? Биыл Сыр өңірі кәсіпкерлік бағытта қандай межені жоспарлап отыр?


Кеңес отырысында аймақ басшысы алдымен Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің жаңа төрағасын таныстырды. Енді төрағалық міндетті Темірхан Кенжебаев атқаратын болады. Өңір басшысы кеңес қызметінің нәтижесінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту міндетін жауапкершілікпен атқару керектігін айтты. Бұл өз кезегінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасы мен жергілікті бюджетті нығайтуға, аймақтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 32 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткішті 34 миллиард теңгеге жеткізу міндеті тұр.
– Қазір өңірлік жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 14,3 пайызды құрайды. Жақын арада, яғни, екі-үш жыл ішінде бұл көрсеткішті кем дегенде 25 пайызға жеткізу керек. Бұл дегеніміз, өңірлік жалпы өнімнің төрттен бір бөлігі шағын және орта бизнес есебінен жүзеге асырылуы тиіс, – деді өңір басшысы.
2019 жылдың 1 наурызындағы дерек бойынша аймақта 43 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 85 пайызы жұмыс істеп тұр. Соңғы жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13,8 пайызға өскен. Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті шағын несиелеуге 4 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Олар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға бағытталатын болады.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер жалпы сомасы 658 млн. теңгені құрайтын 27 жобаны мақұлдаған. 2018-2020 жылдар аймақта Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы болып жарияланып, «Жол картасы» әзірленді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап облыста Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы базасында кәсіпкерлік мақсаттар үшін жер учаскелерін беру бойынша ашық аукциондар өткізілуде. Осыдан 2 жыл бұрын аймақ басшысының бастамасымен «бір өтінім» қағидаты бойынша 70-тен астам қызмет түрі тегін көрсетілетін «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» құрылған болатын.
Осындай байыпты бастамалардың нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған «Үздік облыс» деп танылса, Жаңақорған ауданы республика бойынша екінші орыннан көрінді. Жалпы, Сыр өңірінің бірнеше ауданы жыл қорытындысымен үздік ондықтан көрініп келеді. Бұл бұрын-соңды болмаған құбылыс. Осындай келелі жұмыстарға, жалпы кәсіпкерлік саласындағы оң өзгерістер мен түйінді мәселелерге ықпал жасайтын кәсіпкерлік кеңесі туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры Марлен Нұртазаев:
– Кеңестің негізгі міндеті – өңірдегі кәсіпкерлік саласының дамуына, өрлеуіне жағдай жасау. Кәсіпкерлік саласында туындаған мәселелерді атқарушы билікке жеткізіп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе жұмыс жасау олардың басты міндеті. Яғни, олар төрт түрлі салаға бөлініп, кәсіпкерлікті дамыту бағытында бізбен бірлесе жұмыс жасайтын болады, – деді.
Демек, кәсіпкерлік кеңесінің атқаратын функциясы осы салада өзекті мәселелерді облыс әкіміне, тиісті министрлікке жеткізіп, оны шешілу жолын бағдарлайды.
Айта кететіні, биылғы жылды Тұңғыш Президент «Жастар жылы» деп жариялады. Осыған сай, жас буынға ерекше қолдау бар. Өңірде арнайы «Жол картасы» да әзірленді. Мұнда жастардың жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім беру, бос уақытты тиімді пайдалануға қатысты мәселелерінің шешімі қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, биыл да кәсіпкерлік саланың дамуында үлкен серпіліс болары сөзсіз.
Кеңес отырысының соңында Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің жаңа төрағасы Темірхан Кенжебаев сенім білдіргені үшін облыс әкіміне алғысын айтып, қойылған міндеттерді шешуде бар күш-жігерін жұмсайтындығын жеткізді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
06 сәуір 2019 ж. 1 353 0