Саясаттанушылар АЭС құрылысы жайында: Путин айтты екен сала салсақ, онда біздің ақымақ болғанымыз
Ресейде алғашқы ресми іс-сапармен жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесіп, келіссөздер барысында Путин Қазақстанға АЭС (атом электростанциясы) салуға ұсыныс жасаған еді. Мұндай станция салуды ұсынған Путиннің ойында не бар? Энергия көзіне тапшылық көріп отырмаған қазақ еліне АЭС-тің қажеттілігі бар ма? Мұның салдары неге әкеліп соғуы мүмкін? Белгілі саясаттанушылар мен экологтар Stan.kz ақпараттық агенттігімен өз ойларымен бөлісті деп хабарлайды "Жаңақорған тынысы" газеті.

Белгілі саясаттанушы Дос Көшім Ресейдің бұл ұсынысына қарсы екенін айтады. Сондай-ақ Заңнамаға сәйкес жұмыс жүргізуді ұсынып отыр.
«Қазақстан өз Заңнамасына сәйкес қандай да бір ірі зауыт немесе өзге елден сатып алатын үлкен нысандар болса, міндетті түрде әлемдік тендер ұйымдастыру керек. Қаржы жағынан, қауіпсіздік тұрғысынан тиімділігі ескерілуі керек. Ал Путин айтты екен деп сатып ала беретін болсақ, онда біздің ақымақ болғанымыз. Баяғы отар мемлекет болып қалғанымыздың белгісі. Менің өз жеке пікірім Қазақстанға атом электр станциясын салу қажет емес. Қазақтарда атом деген сөз тажал деген сөзбен үндесіп естіледі. Қазақстан халқы қолдамайтындары айдан анық. Егер шынымен саламыз десе, тағы бір дүрбелең болатыны анық», - деп түсіндірді саясаттанушы Дос Көшім.

АЭС құрылысы пайдасымен қатар үлкен экологиялық зардабын тигізуі мүмкін екені белгілі. Салынуы оңай болғанмен, оның зардабынан құтылу қиын іс екені тағы бар. Эколог Мэлс Елеусізов Ресейдің бұл қадамға ақша үшін барып отырғанын айта келіп, АЭС салуға болмайтынын атап өтті.
«Мен бұрынан қарсымын. Салуға болмайды. Балқаштың жағдайы шамалы. Су азайып бара жатыр. Оған атом станциясы қосылса, ол құриды. Балқашқа жел станциясын салса, ылғи жел соғып тұрады. Күн энергиясы жетіп жатыр. Атомның зиян орасан. Жапонияда болған жарылыс салдарын (Фукусима атомэлектростанциясы - ред.) білеміз. Қажеті жоқ», - деп түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

«Мұндай шешімдер үлкен дәрежеде талқылануы керек. Атом электр станциясын ашу - оңай, жабу - қиын. Ертең станция салынып, қандай да бір апат болатын болса, Алматы сияқты 2 млн халқы бар облысқа үлкен зардабын әкелері сөзсіз. Бұл бір министрліктің шешетін дүниесі емес. Екі минут сайын жарығы сөніп, тоқсыз отырған жоқпыз. Сол үшінде керек емес», - деп ойын жеткізді.

