ДӨҢГЕЛЕК ЖЕЛІМДЕУШІНІҢ БІР КҮНІ
Жаңақорған кентіндегі Абай көшесі №10 мекен-жайдағы желімдеу орталығында көлік үзілмейді. Ары-бері өткен сайын бірнеше көлікке қызмет етіп жатқанын аңғарасыз. Сосын берекелі орынға арнайы барып, қызметшілерінің бір күндік қарекетіне мән бердік. Уақытпен санаспайтын шаруа адамдары таңның атысы, кештің батысы Ербол Қаппаровтың қызметіне жүгінеді екен.
Қызметі қарапайым болып көрінгенімен дөңгелек желімдеушілердің жұмысы қашанда қауырт. Себебі, дөңгелек бұзылса бірден солардың қызметіне тәуелдіміз. Техника болған соң ол бұзылмай тұрмайды. Тіпті, қазіргідей мұз-тайғақ жолда қысқа арналған дөңгелектерден де ақау кетеді. Сондықтан, осы салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар бүгінгі кейіпкеріміз қыста абай болуға шақырады. Жөн, екінші жағынан Заң жүйесіне сәйкес қыста жаздық доңғалақтармен жүрген жүргізушілер айыппұл төлейді. Алғашқысы 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), екінші рет қайталанса 20 АЕК төлейтінін ұмытпағаныңыз жөн.
Шағын орталықта автокөлік дөңгелегіне түрлі қызметтер көрсетіледі. Дөңгелекті ашып-жабу, босатып алу, жел үру, доңғалақты теңгеру сияқты жұмыстар жаңа үлгідегі құрылғымен жасалады. Сонымен қатар, дөңгелек камераларын желімдеу, дөңгелек қысымын өлшеу қызметтері де бар. Біз бір сәттік көріністен осы жұмыстардың жүріп жатқанын көріп, адал еңбектің жемісіне қанықтық. Көлік жөндеу ісін 2000 жылдарға дейін қолға алып, осы саланың қыр-сырына қаныққан Ербол шебердің ұстаханасынан дөңгелектердің түр-түрін табуға болады.
– Иә, қазір Жаңақорғанда не көп, көлік көп. Жигулиден бастап, жаңа үлгідегі автокөліктің барлығын кездестіруге болады. Оларға қызмет жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, дөңгелектерді жөндеп қана қоймай, оларға жаңа тауарды ұсынамыз. Қаражаты болмаса қарызға беруге дайынбыз, – деді кейіпкер.
Статистикалық мәліметке қарағанда, ауданда 13 мыңға жуық көлік тіркеуде тұр. 2015 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш – 11 470 тұғын. Демек, өсім бар. Ал, қазіргі таңда кентте 5 мыңнан аса темір тұлпар тіркеуде тұр. Оларға қызмет ететін желімдеу орталықтары да аз емес. Десе де, қазір жұрт сапа мен бағаға мән береді. Әрине, көлік желімдеудің бағасы да, қызметі де барлық жерде бірдей. Десе де, біз Ерболдың қызметіне көптің көңілі толатынын естіп, өз ісінің нағыз маманының жұмысын зерделеп көрдік.
Сонымен, сағат тілі 13.00. Жеңіл көліктен бастап, газель, тіпті камаздардың келіп кетіп жатқанын көрдік. Техника тілін толық түсінбейтіндіткен тергештеп сұрай бермедік. 2013 жылы ашылған орталықта кәсіпкердің ұлы Айдос та техниканың тілін түсінген азамат. Бала кезден көлікке құмартып өскен жастың қызметіне жүгінетіндер аз емес. Әкесіне демеу, әрі көмекші Айдос Қаппаровты әңгімеге тарттық.
– Күніне қанша көлік келеді?
– Шамамен кем дегенде 30-40-тан асады. Әркім түрлі себеппен келеді. Көбіне жел беріп алатындар мен теңгеру (балансировка) қызметіне жүгінетіндер келеді. Осыдан алты жыл бұрын көптен көрген, әкемнен үйренгендерімді ойға тоқып, осы орталықты аштым. Алдымен, миллион құрылғы алуға миллион қаржы кетті. Шүкір бүгінде жұмыс алға басып келеді. Ең бастысы, тұрғындардың көңілінен шықсақ болғаны, – деді ол.
Жеке кәсіпкердің айтуынша, бұл ғимараттың іші әлі де кеңейтіліп, жылу жүргізіледі. Автокөлік дөңгелектеріне жасалатын қызмет түрлері алдағы уақытта жетілдірілетін болады.
– Көлік желімдеу ісі барлық жерде бірдей. Алайда, біз осы орталыққа жиі келеміз. Қызмет көрсетуі, кеңес беруі келушілерге ұнамды, – деді кент тұрғыны Алмат Мұстафаев.
Сағат 19.00. Біз қайтуға қам жасап жатқанда тағы көліктердің келіп жатқанын көрдік. Осыдан-ақ, көптің шын мәнінде осы желімдеу орталығына оң бағасын не үшін бергенін ұққандай болдық...
Әли ТЕМІРБЕК.