ЖАҢАҚОРҒАН: КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДА ОЗЫҚ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Ғалым Әміреев 2018 жылдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Кездесу барысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бастамаларды, ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық жобаларды және т.б. жөнінде тарқата айтты.
Мемлекет басшысы Үкімет жұмысындағы басым бағыттың бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді белгіледі. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді дамытып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді және экспорттық әлеуетті әртараптандыру бойынша тапсырма берді.
Талап-міндеттерді жүйелі жүзеге асыруда аймақ басшысы кешенді бағдарламалар әзірлеп, экономиканы әртараптандыруға мән берді. Мәселен, өткен жылды «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» ретінде жариялап, әрбір елді мекенде кәсіпкерлікті дамытуға назар аударды. Нәтижесінде «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» Жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын табыстады. Ал, Жаңақорған ауданы Республика бойынша бизнесті жүргізу рейтингісінің қорытындысымен екінші орыннан көрінді.
Жаңақорғанның мұндай көрсеткіштен көрінуде кәсіпкерлік саласында қабылданған ұтымды шешімдер мен ұтқыр бастамалар шешуші рөл атқарды. Атап айтқанда, кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азаматтарға нарықтық қатынастардың мән-жайы жан-жақты түсіндіріліп, аудандық бюджет есебінен оқу курстары ұйымдастырылды. Елді мекендерде «Агро-индустриялдық аймақтар» құрылып, кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалды.
2019 жылдың 1 қаңтарында тіркелген кәсіпкерлер 3952-ға жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда 115,8 процентке артты. Сыр өңірінде шағын және орта бизнес құрылымдарының сандық және сапалық даму деңгейі (белсенді кәсіпкерлер) жөнінде алдыңғы сапта. Мәселен, бір жылда жаңадан ашылған кәсіпкерлік субъектісі – 845-ке жетті. Одан кейінгі орындағы ауданда 788-ні құрайды. Осыдан-ақ Жаңақорған ауданының кәсіпкерлік саласындағы әлеуетін бағамдауға болады.
– Жаңақорған ауданының тұрғындары нарықтық қатынастардың заңдылықтары мен қыр-сырларын меңгеріп, біліктілігін арттыруда және қаржылық ұйымдардан қаржы тартуда белсенді. Нақты айтқанда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 250 адам білімін жетілдірсе, «Бизнес-кеңесші» жобасымен 139 адам оқып, сертификат алды. «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы» ЖШС арқылы 115, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бойынша 106, «Қамқоршы» несие серіктестігінен 15 жоба қаржыландырылды. «Бизнестің жол қартасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 200 млн. теңге болатын 8 жоба несиеленді және мемлекеттік грантқа 75 жоба ұсынып, оның 19-ы грант алып, кәсіпкерлігін дамытуға мүмкіндік алды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 25 кәсіпкер 205 млн. теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы», ұлттық компаниясы» АҚ арқылы 2 жобаға 461 млн. теңге несие алынды. Жалпы, қаржы көздерінен 296 жобаға 1 млрд. 857 млн. теңгенің қаржысы тартылды. 2018 жылы 2 млн. теңгені құрайтын кәсіпкерлердің саны 442 бірлікті құрап, шағын және орта биснез субъектілерінің 12,0 пайызын құрады. Мұның бәрі үлкен жетістік, өте жақсы көрсеткіш, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Бүгінде ауданда ауылшаруашылығы өндірісімен айналысатын 715 шаруашылық құрылымдарының 350-і егінмен айналысады. Оның ішінде, 189 шаруашылық күріш өсіреді. 2018 жылы ауданда 37065 гектарға дақыл егіліп, 2017 жылмен салыстырғанда 106,0 пайызға артты. Әсіресе, өнімділігі жоғары тұқымдарға басымдық беріле бастады. Мәселен, негізгі дақыл – күріштің жоғары репродукциялы сорттарын өндіріске енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Маржан – 1050 тонна себілсе, Лидер – 956 тонна, Фаворит – 40 тонна, Айкерім мен Анайт – 10 тонна жетті. Бұл – ауданда өнімділігі жоғары күріштің үлес салмағы 40 процентке жеткенін көрсетеді.
Аудан басшысы құс шаруашылығы да дамудың жолына түскенін айтты.
– Ақүйік ауылдық округіндегі «Қаратау-Ақүйік» АӨК-нің мүшелеріне үйрек шаруашылығын дамыту мақсатында Қызылорда өңірлік ивестициялық орталығы арқылы жеңілдетілген несие алып жұмыс жасауда. Атап айтқанда бүгінгі күнге 33,5 млн. теңге несие алып 8756 бас үйрек сатып алып, өз шаруашылығын дамытуда, – деді аудан әкім.
Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыру бағытталған жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Енді ауыл шаруашылығы саласының дайын өнімдерін шығаруға басымдық берілмек.
– Қарбыз шырынын шығаратын өндірісті Жайылма ауылдық округінде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жобаны неміс компаниясы қаржыландырады. Өндіріс орны сағатына 2700 литрге дейін қарбыз шырынын өндірмек. Заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орны бақша дақылдарының шаруашылығын одан ары дамуына жағдай жасайды. Автоматты технология бойынша қарбыздың өсіп-өну процесі бақыланады, яғни, қанша мөлшерде су мен мениралды тыңайтқыш қажеттілігі және т.б. реттеледі, – деді аудан басшысы.
Әлем нарығында жеміс-жидек шырынына сұраныс жоғары. Сондықтан перспективалы саладан саналады. Бүгінде анар мен қарбыздан алынған шырын өндірісі Қытай, Түркия және Иран сияқты елдерде дамыған.
Өркениетті елдердің қай қайсысын алсақ та, өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіпкерлікке арқа сүйейді. Себебі, кәсіпкерлік халықтың жағдайын арттырумен қатар, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Кәсіпкерліктің осындай экономикалық және әлеуметтік функциялары оны дамыту мәселесін маңызды мемлекеттік міндеттер қатарына жатқызуға және экономиканы реформалаудың ажырамас бөлігі деп қарастыруға негіз береді.
– Кәсіпкерлікті жетілдіру экономиканың тұрақтылығы мен оның бәсекелік сипатын қалыптастыруда басты мәселе болып табылады. Сондықтан, шағын және орта биснесті бәсекеге қабілеттілігін арттыру күн тәртібінен түсірмейміз, – деді Ғалым Әміреев.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.