Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ұлт Мінезінің мінбері

Ұлт Мінезінің мінбері

    Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Жер бетінде қанша халық, қанша ұлт болса соншама сенім, соншама мүдде бар. Осы тұрғыдан келгенде, ұлттық БАҚ қызметінің жұртшылықты қоғамның шынайы ақпараттарымен қаруландырып, алғы күнге айқын жол, анық бағыт сілтер құндылығын ешкім жоққа шығара алмаса керек.
Қазақ баспасөзінің қараорны саналар, қазығын қадағанына 100 жыл толып отырған «Егемен Қазақстан» газетінің туған ұлты үшін мән-маңызы осындай.


    1919 жылы 17 желтоқсанда Орынборда алғашқы саны жарық көрген «Ұшқынның» редакторы Халел Есенбаев болса, газеттің одан соңғы басшылары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Сауытбек Абдрахманов, бүгінгі күндері ең жоғары таралымға жеткен ұлттың төл басылымын Дархан Қыдырәлі басқарып отыр.
   
   Толық бір ғасырда талай тар соқпақтан өткен, бүгінде дүние жүзі танып, теңдей санасып, мойындай бастаған мемлекетімізбен мызғымас бірлікте буыны бекіген бас басылым сол алғашқы асыл мұратынан бір айнымай, кеше қараңғы халқын дүниенің жарығына жетелесе, бүгін руханияттың бесігінде жас баладай мәпелеп, әуелгі ұстанымына берік, барын бағалай білетіндерге серік болып келеді.

   Қоғам қанша өзгерсе де ұлттың жады жан қалауынан ажырамай, арман-тілегі табиғатына сай тамыр тартады. Халықпен бірге жасап, жаңарып отырған төл басылымымыз алғашқы «Ұшқын» кезіндегі жалыннан от лаулатқан ұлы миссиясын «Социалды Қазақстан» кезінде одан әрі ұштаса, ол бүгінгі егемен елде еркін сөзін айтып, елдік мұратынан танбай келеді.

  Кеңестік кезең ұрпақтары «Социалистік Қазақстан» атауымен жарияланған аға газетті сол кездегі санаулы ғана мемлекеттік басылымдардың ішінде айрықша бағалағанына өзіміз де куәміз. Одақтық деңгейдегі газеттер «Правда», «Известия», ал республикада «Социалистік Қазақстан» газетінің бетіне жарияланған материалдардың пәрмені мемлекеттік билікпен бірдей құзыретке ие болды. Қазақстан өз азаттығын алып, дербес мемлекет болып құрылғаннан бастап алдымен «Егеменді Қазақстан», содан соң «Егемен Қазақстан» атауын алған бас басылым 2000 жылдан бастап акционерлік қоғам ретінде құрылып, таралымы 38 мыңнан 5 жылда 5 есеге өсті.

   Тәуелсіз елдердің жаңа сын-қатерлерге төтеп беруі үшін ұлттың тарихи санасын қалыптастыруға басымдық берілуі тиіс. Осы тұрғыдан келгенде бас басылымның сара сөз сардарлары ұлт тарихын нақтылау, жаңғырту және дамыту талабында талай-талай тамырлы тақырыптарға қалам тербеп жүр.

Ел қамын жеген ерлердің сөз білген жанда қахы бар

   «Егемен Қазақстан» таралымы алғаш 2013 жылы 200 мың данаға жетті. Бұл – елдігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Қазақ тілінің мәртебесінің артуы еді. Елбасы Жолдауында: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етеді. Кез келген ортада күнделікті қарым-қатынас тіліне айналады» деген еді. Бас басылым осы мұрат-мақсаттың биігінде бола білді.

   «Егемен Қазақстан» газетінің бір жылдық санын түгел оқып шыққан тұлға бір университеттік білім ала алады» деп айтқаны бар еді сол кездері басылымның тұтқасын ұстап отырған басшы Сауытбек Абдрахманов оқырмандармен кездесу барысында.
Бұл асыра айтылған теңеу емес. Мұны сүйікті басылымды жан серігі еткен зиялы қауым жақсы біледі.

  Баспасөз имиджінің артып, қалың ел құмарлығына қауышуы бірінші кезекте ондағы қаламгерлердің қарым-қабілетіне байланысты. «Егемен Қазақстанның» ел асыға күтетін аңсарлы жарияланымға айналуында басы Сауытбек ағамыздың өзінің алатаудай үлесі бар. Оның «Әлемге әйгілі» айдарымен берілетін айрықша танымдық, көркемдік қуаты терең жанды материалдары оқырманға көрмегенін көргендей көз алдына жайнатып сала беретін шынайылығымен құнды дер едік. Қоғам қайраткері, жалынды публицист, ұлт жанашыры Сауытбек Абдрахмановтың қаламынан өрілген тізбектердің не құдыреті бар екенін, алғашқы бір-екі сөйлемін оқығаннан сиқырына арбалып, бірте-бірте сырлы иіріміне тарта берер сөз әлемінің тұңғиығына еніп енапат әсерге бөленеріңіз, сөйтіп соңына бір-ақ жеткенде тез бітіп қалғандай құмарыңыз қанбай, міндетті түрде қолтаңбасына қайта үңілеріңіз хақ. Әсіресе Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбаты газеттің бірнеше санында сериялы түрде жалғасын табуы басылым құндылығын одан әрі асқақтатты. Газет ұжымының құрамы, бір сөзбен айтқанда, Шерханның шекпенінен шыққандар, Әбіштің әр мақаланы әдеби әрлеуінің әдісіне қаныққандар, Сауытбектің сара мектебінен өткендер өрелі ой, өрісті шығармашылықтарымен беделді басылымның бет-бейнесіне кір жуытпауға әлі де тырысып келеді.

  Газет көтеріп жүрген тақырыптар салмағы сан алуан. Атап айтсақ, ұлттың тарихы, қазақ философиясының рухани бастаулары, «Мәңгілік Ел» болудың Стратегиясы, тарихты таразылаудың тағылымды жайлары жан-жақты қамтылады. Басылым қазақи тәрбиенің қасиетіне де көп ден қояды. Аңызға айналған ардақтыларымыз туралы зерттеуші ғалымдар еңбектері сусаған көңілге шуақ, әлсізденген рухымызға қуат сыйлап келеді.

  «Егемен Қазақстан» еліміз бойынша тарихи жер-су атауларына тереңдеп ден қойып, қазыналы байлығымыздың қадір-қасиетімен қауыштырды. Қазақтың әрбір сайы мен қырқасы, белі мен бетегесіне түсінік берудің қажеті жоқ. Дала қазағының кезінде ат қойып, айдар тағып кеткен мұраларын «Егемен» де ежіктеп жатпайды. Тақырыпты сол күйінше беріп келеді: «Зеренді», «Шарын шатқалы», «Тосын», «Ұлытау», «Таңбалы», осылайша кете береді. Оқыңыз, оқыңыз да, тарихты көңілге тоқыңыз.

  «Егемен» ұлттың қасиетті қазығы – ауыл тағдырына басым бағыт беріп келеді. Жер қалай пайдаланылуда? Мал жайылымдық жерлердің ахуалы қандай? Қымыз индустриясы. Төрт түліктің жайы... т.б.

  Тағы бір айтарымыз, газеттің тұрақты айдары – «Егеменге елден келдінің» жалпақ жұртшылықтың жай-күйіне назар салып, күрделі проблемалардың оң шешілуіне ықпалы зор. Жұртшылықтың газет редакциясына жолдаған арыз-шағымдары міндетті түрде шешімін тауып, қарапайым халықтың құқығы қорғалып жататынына халық куә. Сондықтан да «Егеменді» бұқара халық бел тұтады.

  Елдік жарияланымның жүгін көтеріп қана қоймай, туған халқына деген айрықша сүйіспеншілік, жомарт жүрегімен бойындағы барын сарқа жұмсап, адалдықпен жұмыс жасап келе жатқан журналист ағайын ұлт меншігінің мерейін асырып, мәртебесін асқақтатуда қолтаңбасы айрықша. Жанымызға жақын басылымның жүрегі де солар ғой. Сүлеймен Мәмет, Жолдасбек Шөпегұл, Жақсыбай Самрат, Жылқыбай Жағыпарұлы, Ержан Байтілес Әлисұлтан Құланбай, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Сұңғат Әліпбай, Анар Төлеуханқызы, Қарашаш Тоқсанбай, Жұмагүл Солтиева, Айгүл Сейілова, Айнаш Есали, Оралхан Дәуіт сынды елдің жүрегінен орын алған қаламгерлер шоғырының күн-түн демей көз майын сарқыған алтын жауһарлары күн парағында қатталып қалып жатыр.

   Қаламгер көкірегінде қауызын жарып, жаһанға тарап жатқан озық ой, орамды пікірдің әрбірінің өзіндік бояуы, өзгеше мінез, өрнекті стилі бар. Бұл орайда басылымда бір салаға мамандану мәселесінің мәнері де айқын байқалып тұрады. Мұны әрбір қарапайым оқырман да анық ажырататын болды. Мәселен, үнемі құқық тақырыбына қалам тербеген журналист Александр Тасболатовты алайық. «Әр адам өз ісімен адал айналысқанда ғана әділ қоғам орнайды». Әділ сөз сақшысы бүкіл кәсіби әлеуетімен осындай әлемді жасауға талпынды жүр. Оның жемқорлықты шектеудің шетелдік үлгісі, жат әдеттің зияны, онымен күрес туралы мақалалары «Қауіп қайдан демеңіз» немесе араны ашылғандарға тоқтау бола ма?» тағы осындай тақырыптары қоғамға қозғау салып қана қоймай, көптеген басы дауға қалған ағайынға араша да болып келді. Қаншама сот залдарынан, тергеу абақтыларынан талдап жазған жазбаларымен әділдіктің салтанат құруына болысып, әлсізге пана, жетімге аға, жоқ-жұтаңға жаға бола білді. Оқырман сонымен қатар журналист Шарафаддин Әмірдің есімін де елдің жоғын түгендеп, жаралының жанын емдеп жүрген қорғанына теңейді. Оның «Жанайқай» айдарымен берілген «Әділет қайда, ар қайда?», «Шымбайына батса да шындықты айтқан жақсы», «Он екі баланың обалы кімге?» деген мақалалары қоғамда дүмпу туғызған тегеурінділігімен қоса былайғы жазарманның қаламына жел, талабына дем береді. Елден келген хаттарды електен өткізіп, өткір дау, өрескел қателіктер қабыздаған мәселелерде ар мінберінен сөз алып, ақиқатын алдыға шығарар қазылығы Шарафаддин Әмір ағамызды өзінің азан айтып қойған хақ есімінің шынайылығына қауыштырды.

   Газеттердің атқарар міндеті, көтерер жүгі ортақ. Мемлекеттік идеологияны жүргізумен қатар бұқараны күнделікті ақпаратпен қамтамасыз етуде тұтынушыға өнімді ұсыну тәсілінің ерекшелігімен оқшау тұратын ел газетінің ұстанымын айқындар жеке журналистердің талант-талғамы, кәсіби кемелділігі десек қателеспейміз. Осы ретте халықаралық тақырыптарды берудің өзіндік мәнерін тапқан журналист Мамадияр Жақып туралы айрықша тоқталған жөн. Республикалық газет болғандықтан «Социалистік Қазақстан», кейін «Егемен Қазақстан» сыртқы саясатты жазуға тиіс. Сондықтан егемендікке дейін барлық мемлекеттік басылымдар әлемдегі болып жатқан жаңалықтардың ТАСС елегінен өткен нұсқасын көшіріп басып қоюмен шектелдік. «Дүбірге толы дүние» С.Қ-дан бері бар. Жер жүзі ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып, автордың өз пікірін, өз позициясын беру талабын алғаш тәжірибесіне енгізген Мамадияр Жақыптың жаңалығы бұқараның көңілін жаулап алғаны рас. Ал саясаткер сөз саңлағының өзі сенсация қумайды, асып-таспайды, шарайнаның ар жағынан төрткүл дүниені көреген көзімен түгел шарлап, саралап-салмақтап, жаһан жаңалығын қабағы ашық, құшағы кең жалпақ жұртына жатырқауы кем жатық тілімен жеткізеді де отырады, жеткізеді де отырады.

   Қоғам дамуына түзу сөз де тірек. Газеттің күнделікті беттерінде елдің алдында жүрген ұлт жанашырларының, қоғам, мемлекет қайраткерлерінің, ағартушы ғалымдардың, ақындар мен жазушылар, өнер тарландарының халықтың құндылықтарымызды насихаттаған мазмұнды дүниелері «Зерде» айдарымен жарық көріп келеді. Оның ішінде ұлт тәуелсіздігі және руханият, тарихты таразылаудың тағлымы, ұлт шежіресі, Латын алфавитіне көшу мәселелері сынды тағдыршешті міндеттерді талқылайтын тағылымды тақырыптарға толығымен қанығуға болады.

   Мемлекеттік мүдде мен ғылыми әлеует ажырағысыз ұғым. Өйткені ғылымсыз, инновациясыз өркениетке жету мүмкін емес. Бұл бағытта ел газетінде айды аспанға шығаратындай сенсациялық материалдар қаншама.

   Қазақстандықтардың жаңа құзыретін қалыптастыруға бағытталған «Интеллектуалды ұлт – 2020» жобасы бас басылымның жаңа ғасыр басынан бергі жарқын мазмұнына айналған. Өйткені жас мемлекетімізді бәсекеге қабілетті адам капиталынсыз озық елге айналдыру мүмкін емес. Жаһандық дағдарысқа төтеп беру үшін осы жолда кездескен кедергілерді жеңе білетін интеллектуалдық күш керек. Осыны жылма жыл нақтылап беріп отырған Елбасы Жолдауларын жүзеге асыру тетігін айқындау – сапалық интеллигенция өкілдерінің міндеті.
Биыл «Егемен Қазақстанға» – 100 жыл. Ғасырға жуық тарихтың сан өткелегі уақыттың кермегін, басылымның өрнегін өзгерткен болар, бәлкім. Бірақ ұлт газеті ұстанған жалпы бағытынан, жүрдек жүрісінен жаңылған жоқ. Басты мазмұны – патриоттық құндылықтар мен еңбек адамы бейнесін қалыптастыруға бағытталған асыл қағидасынан әлі айнымаған. Бұл жолда әрбір қалам ұстаған жалынды сөз жауынгерлері кәсіби борышынан бөлек адалдықты асқақ тұтуы парыз. Сөз еркіндігін әлеуметтік жауапкершілікті, шынайылықты, жеке өмірді құрметтеуді қастер тұтқан қаламгерлеріміз жарқын идеяларымыздың пырағы, тұрақтылығымыздың тұмары саналар бас басылымымызды, тұтас халқымыздың жансерігін ғасырлық тұғыр биігінен бір елі де аласартпасына кәміл сенгіміз келеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

15 қаңтар 2019 ж. 1 956 0